• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 01:14:35
+12°

Ұлт араздығын қоздыратын сөздер айтқан Михаил Валерий мен Кирилл Божко

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына қадам басқан Қазақстанда өзге ұлт өкілдері арасында қазақ ұлтын қорлайтын, намысына тиетін мәлімдемелер жасап, артынан кешірім сұрайтын әрекеттер тыйылмай тұр. Жуырда ғана Михаил Валерий есімді Қазақстан азаматы ұлт араздығын тудыратын сөздер айтып, өзінің Ресейді сүйетінін жеткізген, ұзамай бұл ісі үшін кешірім сұраған даулы видеосы тарады. Осы ретте Қазақстандағы тілдік жағдайды түсіндіру мәселесі бойынша елдің солтүстік облыстарының тұрғындарымен жүзден астам кездесу өткізген саясаттанушы Расул Жұмалы Қамшы тілшісіне мұндай жайттардың түп-төркіні туралы айтып берді.

Саясаттанушы бұл жағдай тек қазақтың намысы мен ашуына ғана тиіп қоймай, жалпы елде тұратын барлық ұлттар мен ұлыстарды, мемлекетті, өзі тұрып жатқан жерді қорлау деп санайды.

 

– Мұндай келеңсіз жайттардың ауық-ауық қайталануының көптеген себебі бар. Алдымен мемлекет, құқық қорғау органдары тарапынан осындай заңсыздықтарға тиісті қарымта жауаптың жоқтығы себеп болып отыр. Өзімізбен тағдырлас, Кеңес үкіметінің шекпенінен шыққан Балтық жағалауы елдері, Грузия, Украина секілді мемлекеттер осындай ұлттың намысына тиетін дүниелерге келгенде заң жүзінде әрекет етеді. Кек алмай, шектен шықпай, агрессияға да жол бермей, заң негізінде жауапқа тартады. Бізде осы мәселеге қатысты заң бар, бірақ ол көбіне орындалмайды. Ең сорақысы, мұндай заң қазақтарға қатысты қатаң қолданылған жағдайлар ұшырасқан. Неге екені белгісіз, орыс тілділерге келгенде құзырлы органдар мейлінше жұмсақ шаралар қолданады. Мұны қатал заңмен 90-шы жылдары шешкенде, ендігіде бұндай дүниелер әжептәуір азаяр еді. Бұл жерде заңға жауапты шенділердің және құқық қорғау қызметкерлерінің жігері, азаматтық, отандық көзқарасы жетіспейді, – дейді саясаттанушы.

 

Расул Жұмалы билік өкілдерінің батыл қадамдарға бара алмауын олардың әлі күнге отарлық синдромынан арыла алмауымен түсіндіреді.

– Ресейге қарайлау, Ресейден әлі де сескену, Ресей не істейді екен дегендей жалтақтау, яғни отарлық синдромы біздің билік өкілдерінің бойында әлі де бар. Бірақ жоғарыда айтқанымдай, Ресейге көршілес басқа мемлекеттер осы мәселені ешкімнен қаймықпай, өзін тәуелсіз егеменді ел екенін сезіне отырып шеше алды. Сондықтан билік элитасы қатарындағы шешім қабылдайтын, заңдарды іске асыратын адамдар отарлық синдромнан арылмай, батыл шешімдер қабылдай алмайды, – деп атап өтті ол.

Саясаттанушы "мұндай келеңсіздікті болдырмаудың бірден-бір жолы – қоғамды қазақиландыру саясатын жүргізу" деген пікірде.

 

– Мемлекеттегі этностарды жергілікті, мемлекетті құраушы ұлт төңірегіне ұйыстыру, шоғырландыру кез келген мемлекетте жүргізілетін қалыпты құбылыс. Бұл әдетте тіл арқылы жүзеге асады. Мәселен, мұны Ресей орыс тілі арқылы жүргізеді, Франция француз тілі арқылы дегендей. Бұл – ұлтшылдық емес, кәдімгі патриотизм. Меніңше, позитивті ұлтшылдық деуге болады. Тіл – елді біріктіруші қару десек, қазақ тілі әлі де сол халықты ұйыстырушы, біріктіруші қару бола алмай отыр. Әрине, бұл бір күнде бола салатын мәселе емес. Біз тіл мәселесін, балабақшаларды 100 пайыз қазақ тіліне өткізуді 2000-шы жылдардан бері көтеріп жүрміз. Біз жаңадан велосипед ойлап шығарып отырған жоқпыз. Бұл – әлемдік тәжірибе. Сондай-ақ осы бағытта қостілді мектептерді жою, қазақтілді мектептерді көбейту, баспасөзде, теледидарда, мемлекеттік және қоғамдық мекемелерде қазақ тіліне ден қою секілді жұмыстар атқарылуға тиіс. Ал басқа тілдерді үйретуді Жапония, Германиядағыдай баланың ана тілінде ойлау қабілеті қалыптасқаннан кейін ғана жүзеге асырған жөн. Ресейдің ақпараттық, идеологиялық кеңістігінен, тәуелділігінен арылу, ресейлік шовинистік телеарналардың жұмысын тоқтату да кезек күттірмейтін шаруа болуы керек, – дейді саясаттанушы.

 

Расул Жұмалы қазақ тілінің қолданысын кеңейту мәселесінде азаматтар, әсіресе орта және үлкен буын өз миссиясы мен жауапкершілігін сезінуі керек деп санайды. Оның сөзінше, Қазақстанның әр азаматы келешегін осы елмен байланыстыратын болса, ұрпағына қазақша үйретуі керек. Өйткені бүгіннің өзінде қазақ тілінің қоғамдағы салмағы мен қолданысы сәт сайын артып келеді.

Әзім Еркінов

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір