• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Қараша, 20:05:27
Алматы
+12°

Өткен жылы мамыр айында ұстау кезінде қаранәсілді Джордж Флойдты өлтірген ақ полицей Дерек Шовин сот залында тұтқынға алынып, түрмеге жіберілді. Әділдік орнады, бірақ негізгі күрес әлі алда, дейді CNN газеті өз мақаласында.

Бүгін ұйқыдан оянған миллиондаған қаранәсілді америкалықтар Шовинге әділ жаза тағайындала ма, жоқ па деген қорқыныш сезімінде болды, алқа билердің шешімін естігенде олардың қуаныштарында шек болмады – жылдар бойы полицейлердің әдейі жасаған қастандықтарының құрбаны болып келген және олардың ешқашан да тиісті дәрежеде жазаланбайтынын көріп жүрген олардың жүректеріндегі жара тым тереңде еді.

Әрине, бұл шешім орынсыз өлген Флойдты қайта тірілтпейді және афроамерикалықтардың Әділет системасындағы дискринимацияға деген қорқынышын азайта қоймас. Дегенмен қарапайым адамдардан құралған жюри шешімі "қаранәсілді америкалықтарды заңсыз өлтіргендерді жазаға тартуға болады екен ғой" деген принципті орнықтыра түседі. Флойд өлімінің арқасында қоғамда басталған зор саяси, мәдени қозғалыс расизмге қарсы күресте жеңіске жетуге болады деген идеяны бекіте түседі.

Сот залынан қолына кісен салынып түрмеге әкетілген Шовиннің видеосы америка қоғамын дүр сілкіндірген оқиға болды. Қуаныш жасымен бірге қоғам да "уфф" деп жеңілдеп қалғандай болды. Мұның арты қарсылық қозғалысына ұласып кетпес пе екен деген АҚ үйдің де қорқынышы қуанышқа ұласты. Байденнің өзі бұл шешімді жоғары бағалап, Флойдтың отбасына телефон соғып үлгерді.

Бұл неге соншалықты маңызды, осыған тоқталып көрейік. АҚШ-тың штаттарында полицейлер туралы заң әртүрлі. Президентті сайлау заңдары сияқты. Оны өткен сайлауларда көрдік. Бір қызығы – полицей қандай болуы керек деген ортақ федеральдық деңгейдегі заң жоқ болып шықты. Сондай-ақ прокурорларға жасалған қылмыстарды дәлелдеу де оңай емес, бірнеше бұлтартпайтын фактілер, куәлер, фото-видеоматериалдар келтіріледі, бірнеше қайтара тексеріледі. Сондықтан да тергеулер тым ұзаққа созылады. Соған қарамастан егер алқа билердің бірі сотталушыны кінәсіз деп тапса, онда оның қылмысы дәлелденбеген деп табылады, ол кінәсіз болып есептеледі.

Мына жағдайда бір жолаушы Флойдты полицей мойнынан басып отырғанын кездейсоқ видеоға түсіріп алған. Осындай видеоның барына қарамастан прокуратура ол видеоны қайта-қайта экспертизаға беріп, көшедегі басқа видеокамералармен салыстырып дәлелдеп шыққан – Шовин өз өкілеттігін тым асыра пайдаланған. Жюри мүшелері үш эпизод бойынша да Шовинді кінәлі деп тапты. Сөйтіп 1 млн доллар кепілдік беріп бостандықта жүрген Шовин түрмеге жөнелтілді. Енді оған 40 жыл кесілуі мүмкін. Сот шешімін рәсімдеу екі айға созылады, барлығы тағы қайта-қайта тексеріледі.

Демократтар барлық штаттарға ортақ, полицей қандай болуы керек деген бағытта заң жобасын әзірлеген, онда АҚШ қоғамына ортақ, полицейлерге тән стандарттар болуы керек, сосын әр штат өз ерекшеліктеріне қарай қосымшалар қоса беруіне болады. Бірақ бұл заң Сенатта қабылдануы үшін кемі 60 дауыс болуы қажет. Яғни, енді Сенат 10 республикашылдың даусын ала ала ма, мәселе осында. Себебі республикашылдар арасында негізінен расизмді қолдайтындар көп екені белгілі. Олардың көшбасшысы Трамп та нәсілшілдікті жақтайтындардың қатарынан. Сондықтан да бұл үлкен сұрақ.

Қуаныш Еділхантегі

Шолушы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір