• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Қараша, 11:09:50
Алматы
+12°

Журналистер Нұр-Сұлтан мен Семей қалаларында көрнекті мемлекет қайраткері, Алаш партиясының ұйымдастырушысы және Алашорда автономиялық үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейхановқа берілген көшелер шұрық-тесік болып, тозығы жетіп тұрғанын хабарлады.

Журналист Мұхтар Түменбай елордадағы Әлихан Бөкейханов атындағы көшенің тозып тұрғанына бірнеше жылдан асқанын айтады.

"Оу, Күлгінов мырза! Әкім деген лауазымыңды ұрайын тап сенің. Мынау жатқан көше Нұрсұлтан Назарбаевтың атында болса қалай зыр жүгіріп кетер едің а! Құдай біледі, бірінші болып құрдай жорғалап, күрекпен емес, қолмен асфальт төсеп, алақаныңмен тегістеп кетер едің. Қазақтың ардақты азаматы Әлихан Бөкейхановтың атындағы көшенің осылай былығып жатқаны бірінші жыл емес. Көше аталғалы солай жатыр.

Қыста қар жауса, ойбай, күтпеген тосын жағдай болды, білмей қалдым қаңтарда қар түсетінін деуші едің. Жарайды, оныңа да етіміз үйренді. Ал биыл сол кісінің 155 жылдығы екенін білмедім, естімедім деші. Бұл да таңсық па саған? Соның атындағы мына астаң-кестеңі шыққан көшені күні бұрын жөндеп, асфальтын төсесең біреу сенің қолыңнан қағар ма еді? Әлде оған да бұйрық күтіп отырсың ба?" дейді журналист.
 
 
Ал Semeitv телеарнасының журналисі Қуаныш Рахметоллаұлының ">сөзінше, Алашорданың астанасы болған Семей қаласында Әлихан Бөкейхановтың есімі ұзындығы 1 шақырымдық, қала сыртындағы жолсыз көшеге берілген.
 
 
Журналист Алаштың рухани астанасы  – Семей қаласында қазақ тәуелсіздігі үшін жанын пида еткен тұлғаға қала орталығынан бір көше бұйырмай келе жатқанын жеткізген.
 
Алматыда да Әлихан Бөкейханов атындағы көше тар әрі қысқа. "Барахолка" аталып кеткен базардың артқы жағындағы бұрынғы Аэродромная көшесі қазір "Бөкейханов" аталып тұр.
 
Қазақстанда кей азаматтар Әлихан Бөкейхановты бейресми түрде қазақтың тұңғыш президенті деп санайды.
 
Ал елді 30 жылға жуық басқарған Қазақстан республикасының тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев құрмет-қошеметке кенде емес.
 
2019 жылғы 20 наурызда президент қызметіне кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаев ант беру рәсімі кезінде ел астанасына Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беруді ұсынып, облыс орталықтарындағы негізгі көшелерді Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне атау керек деген тапсырма берген. Содан бері Астана атауы Нұр-Сұлтанға ауыстырылып, облыс орталықтарындағы басты көшелер Назарбаев есімін ала бастады.
 
Оның ішінде қазақ халқы үшін киелі ұғымдармен аталған көшелерге, ұлт ойшылдары мен белгілі тұлғалар есімімен аталып келген көшелерге Назарбаев есімі берілді. Мәселен, Өскемен, Павлодар, Талқықорған қалаларындағы Тәуелсіздік көшелері, Тараз қаласындағы Төле би даңғылы, Қостанайдағы Абай даңғылы, Атыраудағы Қаныш Сәтпаев даңғылы, Шымкенттегі Астана даңғылы, Оралдағы Достық-Дружба көшесі, Ақтөбедегі Әбілқайыр хан даңғылының бір бөлігі, Қызылордадағы Жібек жолы көшесі, Оралдағы Достық даңғылы, Алматыдағы Фурманов көшесі, Петропавлдағы Мир көшесі, Көкшетаудағы Максим Горький көшесі Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне аталды. Қарағандыда Бейбітшілік бульвары мен Нарманбет Төлепов көшесін қосу арқылы Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы пайда болды. Сондай-ақ көшелері ықшамаудандармен бөлінген Ақтауда арнайы Назарбаев даңғылы ашылған.
 
 
"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір