• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 22:16:03
Алматы
+35°

"Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының сарапшысы Ғалия Әженова ертеңнен бастап күшіне енетін "Журналистерді аккредиттеу қағидаларын бекіту туралы" жаңа ереже сөз бостандығын шектейді деп санайды.

Оның айтуынша, жаңа ережедегі "жүргізуші" ұғымы бұдан бұрын ұсынылған "модератор" атауының өзгертілген түрі.

 

– Брифинг кезінде журналистердің сөзін бөліп, кедергі жасап, микрофондарын өшіріп қоятын жағдай жиі болатын. Бұған журналистер ұдайы шағымданатын. Сол шағымдардан кейін "модераторды" "жүргізуші" деп өзгерткен түрлері ғой. Билік осы өзгеріс арқылы халыққа шынайы ақпарат жеткізбей, брифингтер барысын өздері құрған сценарий бойынша жүргізгілері келеді. Яғни жаңа ережеге сай, журналистер брифингтің бекітілген тақырыбы аясында ғана сұрақ қоя алады. Егер олар тақырыптан ауытқыса, "сіз брифингтің тәртібін бұздыңыз" деуі әбден мүмкін, – дейді сарапшы.

 

Қор өкілі осы ереже шенеуніктерге арқасын кеңге салуға мүмкіндік беретінін айтады.

– Шенеуніктер белгілі тақырып бойынша ғана дайындалып келеді. Төтесінен қойылатын сұрақтардың болмайтынына сенімді болып отырады. Тіпті кейбір сауалдарға берер жауабы болмаған жағдайда да еш саспайды. Өйткені брифинг жүргізушісі оны құтқара салады, – деп атап өтті ол.

Ғалия Әженованың айтуынша, жаңа ереже карантин кезінде қабылдануының өзіндік астары бар.

 

– Елде локдауын 28 наурызға дейін жарияланды, ал ереже 27 наурыз, яғни ертең күшіне енеді. Ұзаққа созылған сағыз секілді осы аккредиттеу ережесінің әңгімесі 2013 жылы басталып, артынан 2018 жылы жалғасып, міне, енді 2021-де, жұрттың да, журналистердің де жүйкелері тозып, шаршаған, карантин мезгілінде жүзеге аспақ. Қарбалас кезде оны тықпалаудың қажеті қанша? Бүкіл ведомстволар және министрліктердің сараптауынан өткен, олармен ақылдасқан, ал негізгі қызметті атқаратын журналистерге ұсыну, ақылдасып кеңесуге мүмкіндік таппаған. Сонда бұл карантин кезіндегі түрлі сауалдардан қорғану мақсатындағы әрекет пе?, – дейді сарапшы.

 

Қор өкілінің пікірінше, Қазақстанда журналистердің құқығы жылдан жылға шектеліп келеді. Мәселен, кейбір тұлғалар, шенеуніктер, "ар-намысымды, беделімді төмендетті, жала жапты" деп журналисті бірден сотқа сүйрейтін жағдайлар аз емес. Митинг, бейбіт жиын, спорттық жарыстар, бұқаралық іс-шаралар кезінде түсірілген суреттер үшін де журналистердің үстінен арызданған сәттер ұшырасқан.

– Бұның барлығы Қазақстандағы журналистер қызметіне кедергі жасау, сөз еркіндігін шектеу. Осы арқылы билік "цензураға тыйым салынған" Конституциямыздың 20-бабына нұқсан келтіріп, негізгі заңды бұзуға әрекет істеп отырғандарын түсіне ме, жоқ па, күмәнім бар. Олар мұны "конституцияға қарсы шықтық" демейді, осындай ережелер қабылдау арқылы әрекеттерін жүзеге асырады, – дейді сарапшы.
Айзада Бидан

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір