• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 02:06:06
Алматы
+12°

Былтыр желтоқсан айында Шымкент қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Олег Почиваловтың қос азаматтығы бары жайында деректер жарияланды. Жарияланған мәліметтерге сәйкес, Шымкент әкімдігінде басшылық қызметте жүрген мемлекеттік қызметші – Ресей азаматы екен.

Сол кезде басқарманың баспасөз қызметі Почиваловқа қатысты тараған ақпаратты жоққа шығарып, оның тек Қазақстан азаматы екенін хабарлады.

Арада бір жарым ай уақыт өткен соң, Шымкент қаласы полиция департаментіндегілер қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Олег Почиваловтың қос азаматтығы барын растап, оны Қазақстан азаматтығынан айыру жайтын тіркейді.

Осы жағдайдан кейін шымкенттік шенеунік өзіне «Қос елдің азаматтығын алған» деп айып таққан Шымкент қаласының көші-қон полициясының ақпаратын жалған деп жариялап, сотқа талап арыз түсіреді. Тіпті, БАҚ өкілдеріне арнап брифинг өткізіп, «ешқашан Ресей азаматтығын алмағанын» мәлімдейді. Сондай-ақ сот жұмысы аяқталғанша оған Қазақстан азаматтығы уақытша қайтарылған еді. Алайда Әл-Фараби аудандық сотының судьясы оның арызын қанағаттандырған жоқ.

3 наурызда қала әкімі өкімімен басқарма басшысы Олег Почиваловтың 25 ақпанда қызметінен босатылғаны хабарланады. Алайда бұл кезде Почивалов Еңбекке уақытша жарамсыздық парағымен жүрген.

Сонымен, Шымкент шенеунігі Олег Почиваловтың қос азаматтығы жөніндегі дау әлі де саябырсыған жоқ. Сәуегейлік айтудан аулақпыз, бірақ бұл мәселеде бір бұлыңғыр дүние жатқан секілді. Сонымен, басынан бастайын.

Әлеуметтік желілерде «Почиваловтың Ресей азаматтығы бар екен» деген хабар бұрқ ете қалды дедік. Шамасы, біреу-міреу сол хабардың шыққанын күтіп жүрсе керек. Сол сол-ақ екен, Шымкент қаласының көші-қон полициясы біздің кейіпкеріміздің жағасына жармаса бастайды. Белгісіз біреуден белгілі біреуге қойыртпақ құжаттардың көшірмесі тізбектеліп жетіп келеді. Бір ауыз сөзбен айтқанда онда «Олег Почиваловтың қос азаматтығы бар» делінген. Дүдамал қағаздарды тиянақты тексерудің орнына, көші-қондағы «жігіттер» алаулатып-жалаулатып, біздің кейіпкерімізді құрбандыққа шалып жібереді.

Іс насырға шауып, сотқа дейін барады! Әлбетте, қалалық спорт басқармасының басшысы ар-намысын қорғап, сотқа шағымданады. Бірақ, Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық соты қабылданған шешімі туралы ақпаратты өз сайтына жедел шығарып жібереді. Қысқасы азаматтың арызын қабылдаудан бас тартады. Ендігі бір қызықты қараңыз. Биылғы жылдың 21 қаңтарында қалалық полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының бастығы С.Тугелбаевтың қолы қойылған қағазды Почиваловтың қолына ұстатып жібереді. Онда ол Ресей Федерациясы азаматтығын алуы себепті 20 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқаны туралы жазба тіркелген. Яғни, Почивалов бұдан былай біздің еліміздің азаматы емес деген сөз. Ең сорақысы бұдан ешкім ешқандай түсінік алуға да талпынбаған. Әрине бұл оқиға шымбайына батқан Почивалов Қазақстан азаматы болғанын және болып қала беретінін де айтып, баспасөз конференциясын шақырады. Сөйтіп өз ұстанымын сотта дәлелдегісі келеді. Сол күні ол Шымкент полициясы департаментінің іс-әрекеттері заңсыз деп әл-Фараби аудандық сотына шағымданады.

Адвокат Евгений Яворскийдың пікіріне жүгінейік.

– Почиваловтың Қазақстан азаматтығынан айыру туралы шешімді қабылдауға не түрткі болғаны түсініксіз. Оның қолына ұстата қойған хабардың не басы, не аяғы жоқ кәдімгі хат дерсіз. Тіпті «Ескерту» деген сөз де жоқ. Көші-қон полициясының қызметкерлері сотта Олег Почиваловтың қос азаматтығы бар деген айыпты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, әлде қандай хатына иек артқан екен. Онда қауіпсіздік қызметкерлері осы мәселені тексеру жөнінде ұсыныс берсе керек. Қайталап айтайық, азаматтығынан айыру туралы шешім шығару туралы емес, тексеруді өтінген. Почиваловтың қорғаушылары Ұлттық қауіпсіздік комитетіне осы мәселе туралы сұрау салады. Үстіміздегі жылдың 11 ақпанында мынандай жауап келеді. Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті О.В.Почиваловтың және оның отбасы мүшелеріне азаматтығына қатысты мәселе бойынша Ресей Федерациясына ешқандай сұрау салған емес.

Яворский тағы бірқатар түсініксіз және бұлыңғыр құжаттар төңірегінде ой қозғайды.

– Мен Почиваловтың азаматтығын айыру туралы шешім қабылдауға негіз болған ресми құжат туралы сұрақ туындаған кезде, бізге Ресей Ішкі істер министрлігі Красногорск округы бойынша басқарма бастығы полиция полковнигі Н.Жуковтың қолы қойылған жауап келеді. Онда азаматтық туралы мәселе көтерілмеген. Ол 22 қаңтарда жазылған. Көші-қон полициясының өкілдері жалған құжатты сотта алға тартып, азаматтықтан айыру жөніндегі 2021 жылғы 20 қаңтардағы (яғни екі күн бұрын!) №5 шешімін шығарады. Онда көші-қон полициясы бірінші басшысының бұрыштамасы да бар. Ал ол белгісіз бір себептермен бізге берілген көшірмеде жоқ. Қысқасы, Почиваловтың азаматтығына қатысты салынған сұрауға неге екенін белгісіз оның әйелі мен ұлы туралы деректер келтіріледі.

Әрине, осынау құжаттар былығына жол берген қалалық көші-қон полициясының қызметкерлеріне қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 371-бабы (салғырттық) және 416-бабы (дәлелдемелерді бұрмалау) бойынша екі қылмыстық іс қозғалады. Шымкент прокуратурасы осы оғаштықтардың орын алғанын, мұнда әлде қандай қулықтың жатқанын, материалдардың бұрмаланғанын анықтайды. Сөйтіп, жалған ақпар таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілікті көздейтін екі бап бойынша іс жүргізілуде. Адвокат судьядан Ресейдің көші-қон қызметіне өз клиентінің азаматтығын жоғалтуға негіз болған құжаттарының түпнұсқаларын ұсынуды сұрап, сұрау салады. Сотқа тиісті өтініш жіберіледі. Бірақ судья адвокаттың өтінішін қабылдамай, тіпті түсінік беруден де бас тартады. Сонда адам тағдыры қойыртпақ құжаттардың көшірмелері негізінде шешілуге тиіс пе? Өйткені әлгі істе мөр соғылған немесе қолы қойылған бірде-бір түпнұсқа анықтама жоқ. Істің анық-қанығын одан әрі нақтылау үшін Ресейдің көші-қон қызметіне Почиваловқа қатысты тиісті сұрау жіберіледі. Нақты жауап Ресей Федерациясы Ішкі істер Министрлігі көші-қон мәселелері жөніндегі бас басқарманың биылғы 26 ақпандағы №3/217703201256 жауап хаты адвокаттың қолына тиіп те үлгерген.

Ал онда не делінген дейсіз ғой?

Бұл сұрақтың жауабын Олег Почивалов сотқа аппеляциялық шағым түсірген соң берейік. Бұл оқиғаға бәлкім сонда ғана нүкте қойылса керек.

Ғалымжан Мелдешов

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір