• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

03 Желтоқсан, 04:27:20
Алматы
+7°

Ақпанның 17-і күні қазақ телевизиясы орны толмас қайғыға душар болды. Қазақ телевизиясы ғана емес, қазақ елі қапыда Нұртілеу Иманғалиұлы сынды арыстай азаматынан айрылып қалды. Осы тұста баспасөз атаулы, үзеңгілес дос, жора-жолдас қайғыдан қара жамыла отырып, "Бай-қуатты болайық" деген сөзімен ел жадында қалған ардагер журналистің кәсіби қыры туралы жарыса жазып жатты. Иә, рас, оған дау жоқ, телевизия саласына саналы ғұмырының табаны күректей 47 жылын арнаған ағамыздың кәсібилігіне мін жоқ.  Дегенмен ел көкейінде ең бірінші "Нұртілеу ағамыздың кенеттен өмірмен қош айтысуына не себеп?", "Әлде, созылмалы дерті бар ма еді?" деген немесе "Ол кісінің эфирден тыс өмірі мен адами болмысы қандай еді?" деген көптеген сұрақтар қалды. Ендеше, Қамшы тілшісі бүгін ғана жер қойнына тапсырылған журналистика мэтрі, алаштың арқа тұтар азаматы Нұртілеу Иманғалиұлының  көзін көрген замандастарынан, тәлімін алған іні-қарындас шәкірттерінен естелік алуды жөн көрді.

Қысылтаяң шақта таксист болып та отбасын асыраған...

Серік Жанболат, журналист: 

– Нұртілеу ағамыздың болмысы, мінезі эфирден-ақ көрініп тұратын. Сөзі мірдің оғындай еді ғой, шіркін?!. Алдында қандай адам отырса да, керек дүниесін сұрап, бар шындығын айтқызбай, жібермейтін. Кәсіби шеберлік тұрғысынан айтар болсақ, ол телевизия саласының бәйтерегі болды. Алайда халықты ол кісінің журналистігінен де бөлек, өмірде қандай адам болғаны қызықтырады ғой. Эфирде қатал көрінгенімен, ағамыз өмірде басқаша еді ғой. Бір кереметі, ол кісі ешқашан өзінің азаматтық, адамгершілік қасиетінен тайқып көрген емес. Әсіресе, бауырлары мен шәкірттеріне көмектесіп, қолдау үшін барын салатын. Мұнысын кейде өзімізше "пайдаланып" та қалатын едік. Себебі ағамыз  біреуге қол ұшын бергені үшін бір рет те болса, есептесіп көрген емес. Тіпті қажет болса, көмектесу үшін өзінің атағы мен абыройын да салып жіберетін. Бауырларына, шәкірттеріне деген ықыласы өте керемет болатын. Сәл көрінбей, хабарсыз кетсек, өзі іздеп, "Қайда жүрсің?" деп ұрыспаса да, біраз ұялтып алатын.

Екіншіден, ол кісінің ғұламалығы да бар еді. Таң қаласың. Бір қысылтаяң сәттерде аяқ астынан жол тауып кететін. Әсіресе, жоғары жақтағы кісілермен сөйлескен кезде, көкейіндегі сұрағын тапқырлықпен айналдырып келіп қойып жібергенде, ана кісілер еріксіз күліп жіберетін.

Мінезіне қарап, елдің бәрі "Әйелімен қалай сөйлесер екен?" деп ойлайды. Алайда Нұртілеу ағаның ең басты қасиеті – жүрегі өте жұмсақ еді. Сөзіңді соңына дейін тыңдайтын, – дейді журналист.

Серік Жанболат 90 жылдардың тоқырауында Нұртілеу ағамыздың телевизиядан көрінбей кетіп, отбасын асырау үшін тіпті таксист та болып кеткенін айтып қалды. Ондағы мақсат сондай асқар таудай биік тұлғаның "мен – Нұртілеумін" деп асқақтамай, заманына қарай бейімделіп, көппен бірге қиындық көргенін үлгі ету еді.

– Домбыра шертіп, өлең шығаратын. Кезінде гитарамен да ән салыпты.

Ол кісі эфирден тыныс алатын, студияда тұмылдырығын шешіп қоя берген бүркіттей еркін қалықтайтын. Алайда ағамыз өмірде бір кісідей қиындық көрді. Әсіресе, бетке айта салатын тік мінезін көп адам ұната бермейтін. Содан болар, 90 жылдардың ортасында, елден береке кеткен уақытта, телевизия саласынан біраз алыстап та қалды. Сонда да ол кісі ешқандай жұмыстан қашқан жоқ, арланбады да. Отбасын асырау үшін таксист болып та кетті. Өзін қарапайым халықтан биік ұстамағаны ғой бұл.  Өмірінің қилы кезеңінде езіліп-мүжіліп кеткен жоқ, бар қиындықты мойнымен көтере білді, – деп еске алды Серік Жанболат.

"Өмірден өтетінін екі апта бұрын сезген екен..."

Ақжелең Рахатдин, журналист: 

– Нұртілеу аға кіндік әкем болып келеді. Үнемі оның қамқорлығын сезіп жүретін едім. Оқуды аяқтағанда, "Тележурналист имиджі" деген тақырыпта көзі тірі аңыздардан деп, Нұртілеу ағаның имиджін алып, диплом қорғадым. Ол кісі бала секілді аңғал еді, менің титтей ғана зерттеуіме ерекше қуанып, мәз болды.

"Қаракет" бағдарламасының  алғашқы шығарылымын мен дайындаған хабармен бастайтын болды. Сонда ол хабар эфирге шыққан күннің ертесі келіп: "Енді сен үшін алаңдамайтын болдым. Жақсы журналист боласың" деп, маңдайымнан сүйгені бар.

Нұртілеу аға қазақтың жөн-жоралғысын, салт-дәстүрін өте жақсы білетін. Ұзату тойымда қарапайым тілек айтып қоя салмай, жастарға ғибрат болатын әңгіме айтылу керек деп, жарты сағаттай сөйлеген еді, – дейді ол.

Осы тұста Ақжелең Рахатдин ел көкейінде тұрған ең басты сауал  – "неден көз жұмды?" дегенге жауап берді.

– Ағамыз өмірден өтетінін екі апта бұрын сезген екен. Тіпті сырқатының ауыр екенін, көктемге дейін жете алмайтынын жақындарын жинап ашып та айтқан. Артында қалған істің бәрін керек адамдарға тапсырып кетіпті. Бірақ туыстарының бәріне емес, тек өзінің үш қызына ғана хабар беріпті. "Халықтың жадында жарқыраған бейнем қалсын. Мен ғана емес, қырықтың қырқасында қылшылдап тұрған Бейсен інімді (Құранбек – автор) де бүкіл ел тілеуін тілеп алып, аман алып қала алмады ғой", – деген екен...

Ақжелең Рахатдин Нұртілеу ағаның үнемі дайындықта жүретінін еске алды.

– Ол кісі кәсіби журналист болса да, үнемі дайындалып жүретін. Тәжірибем жетеді ғой деп жұмысқа бей-жай қарамайтын еді. Кейіпкерлерін  терең зерттеп, бар қырын ашуға тырысатын. Тіпті түсірілімдерден соң, монтажына да араласатын, – деді ол.

Тұтас бір соғымды шіліңгір шілдеде балконда бүлдірмей сақтаған...

Белгілі журналист Айгүл Аханбайқызы, Нұртілеу Иманғалиұлының болмысы мен адами тұлғасын  ашатын бір емес, екі бірдей мақала жазған. 

– Ағамен екеуміз бір ауылданбыз. Ілияс Жансүгіровтің өлеңдерін жаттап өскен әр буынның өкілі болсақ та, екеумізді ортақтастыратын нәрсе – журналист болғанымыз. Бір Алматының ауасын жұтып жүрсек те, ол тележурналист, мен газет журналисі болғандықтан, жолымыз аса тоғыса бермеді. Бірақ кездесе қалсақ, ағалық ақ пейілін көрсетіп қалуға тырысатын. Мен де ол кісіге ағам деп еркелейтінмін.

Ол кісі жайлы көзі тірісінде екі мақала жаздым. 90 жылдардың соңында "Жас Алаш" газетінде "Бетпе-бет" авторлық бағдарламасындағы ағаның бейнесіне, тұлғасына сүйсініп, алғашқы мақалам жарық көрді. Онда ағаның бағдарламаға кейіпкерді шақырып, рингтегі боксшы секілді бас көтертпей, өзекті сұрақтарымен "соққының астына алатын" қасиеті жайлы жаздым. Ал екінші мақалам 2012 жылы 60 жасқа толған құрметіне жарияланды, – дейді Аханбайқызы.

Оның айтуынша, Нұртілеу аға бильярдты шебер ойнаған. Сондай-ақ қолындағысын өзгелерге бөлісіп беретін мәрт кісі болған.

– Мінезі мен сөзі үйлесім тапқан, тура сөйлейтін, бітімі бөлек азамат еді. Көптің ішінде шоқтығы биік болып тұратын. Egemen  Qazaqstan газетінің 100 жылдығы аясында қаламгерлер арасында Шерхан Мұртаза атындағы бильярд турнирінде Нұртілеу ағаның мықты ойыншы екеніне және мәрттігіне куә болдым. Ағаның төңірегі түгел біледі: ол журналистер арасында тастаяқтың шебері еді. Сол кезде ұтып алған жүлдесінің жартысын газетте істейтін 4 қызға теңдей етіп бөліп бере салды. Сонда ағамыздың жомарттығына бәріміз риза болған едік.

Ілияс Жансүгіровтің 125 жылдығында бар күшін салды. Тойдың тек аудан көлемінде өтпей, республикалық масштабта өтуі үшін өзінің бар атын, абыройын салды. Ғылыми-теориялық конференциялар ұйымдастырды, көкпар шауып, бәйге тіктірді. Ақындар мүшайрасының жақсы өтуіне мұрындық болды, – деп еске алды ол.

Журналистің айтуынша, Нұртілеу Иманғалиұлы өз кәсібінің қандай шебері болса, тұрмыс-тіршілікте де әр ісіне аса ұқыптылықпен қараған.

– Нұртілеу ағамыз тұрмыста да епті еді. "Тұтас соғымды шіліңгір шілдеде балконда бүлдірмей сақтағанмын" дегенінің өзі – осының айғағы. Ағамыз қазақтың салт-жоралғыларына, соның ішінде, соғымға да бей-жай қарамайтын еді, – деп сөзін түйіндеді Айгүл Аханбайқызы.

Құндызай Өтеген

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір