14 Ақпан, 2021 NEWS
Фото: Берік Уәлидің Facebook парақшасынан
Маңғыстау облысынан шыққан бір топ ақын, жазушы, этнограф, тарихшы депутат Бозжыра аумағындағы жаңа туризм жобаларын құруын қолдап президент Қ.Тоқаевқа үндеу жолдады.
"Аса құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Біз, маңғыстаулық зиялы қауым өкілдері, ата-бабаларымыздың және келешек ұрпағымыздың алдындағы міндеттер мен жауапкершілігімізді сезіне отырып, Өзіңізге үндеу жолдаймыз" деп басталатын үндеуде биыл теңіз жағалауында бес жұлдызды Rixos қонақүйінің ашылуымен, өңірге келген туристер саны артқанын, саяхаттаушылар Маңғыстаудың табиғи жерлерін де аралап, әсіресе Бозжыра шатқалына қызығушылық танытып жатқанын айтады.
"Жабайы" туризмге тоқтау салынуы керектігін алға тартқан үндеу жолдаушылар ғалымдардан құралған топ Бозжыра аймағына, оның флорасы мен фаунасына зиян келтірмейтін жобаны іске асыруға болады деген қорытындыға келгенін жеткізген.
"Бұл шешім халықтың жүрегіне жол тапқаны сөзсіз. Бұл ұсыныс өңіріміздің дамуына оң ықпалын тигізетіндігін барлығымыз да түсінеміз:
Біріншіден, мұнайға ғана тәуелділікті жойып, туризмді дамыту арқылы экономикамызды өркендетеміз. Шағын және орта бизнестің дамуына, жергілікті азаматтардың жұмыспен қамтылуына жол ашамыз. Қонақ үй құрылысы жұмысы басталса, осы маңдағы ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға мүмкіндік бар.
Екіншіден, бұл кешен туристердің Бозжыраға өз бетінше бейберекет барып, табиғатқа орасан зиян келтіруіне тосқауыл болады. Сондықтан, бұл аймаққа баратын жол салып, туристердің жайлы демалуына жағдай жасалуымен қатар, заңнамалық актілермен тиісті Қағидалардың бекітілуіне сенімдіміз. Яғни, Бозжыра аумағында салынатын туризм инфрақұрылымы табиғатты қорғау, сақтау және жергілікті тарихи-табиғи орындардың сакральдылығын сақтау, жергілікті діл, таным-ғұрыптық құндылықтарымызды ескере отырып, өркениетті жолмен туризм мәдениетін қалыптасқанын қалаймыз!" делінген үндеу мәтінінде.
Үндеу авторлары жоба сарапшылар, қоғамдық кеңестер мен жауапты сала жетекшілерінің ой-пікірлерін ескере отырып жүзеге асырылатындығына сенім білдірген.
Президентке жолданған үндеуге төмендегідей адамдар қол қойған:
Бектұр Төлеуғалиев, жазушы, ҚР жазушылар Одағының мүшесі;
Сабыр Адай, ақын, ҚР еңбек сіңірген қайраткері;
Отыншы Көшбай, этнограф, өлкетанушы;
Светқали Нұржан
Айтман Айтман, ақын, ҚР жазушылар Одағының мүшесі;
Ғалым Әріп, ақын, ҚР жазушылар Одағының мүшесі;
Айтуар Өтегенов, ақын, ҚР жазушылар Одағының мүшесі;
Нұрлан Құлбай, өлкетанушы, ҚР мәдениет саласының үздігі;
Әнуар Бимағамбет, ақын, ҚР жазушылар Одағының мүшесі;
Андрей Астафьев, тарихшы, археолог;
Сұлтанбек Құдайберген, ақын, өнертанушы;
Сақып Керельбаев, қоғам қайраткері;
Қожа-Ахмет Демеубергенұлы, ҚР құрметті журналисі;
Еділ Жаңбыршин, депутат;
Самат Мусабаев, депутат.
Былтыр қараша айында Бозжыра шатқалы маңында қонақүй салу жоспары бары белгілі болды. Бұл қоғамда қызу талқыланып, жобаға қарсылық танытушылар көп болды. Артынша президент Қ.Тоқаев мәселеге көңіл аударып, жобаны қайта қарауды тапсырған. Артынша Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Тұрымов қонақүй Бозжырадан бір-екі шақырымға арырар жерге салынатынын хабарлады. Жобаға қарсы шығып жүрген белсенділер қонақүйді кемі Бозжырадан 20 км жерге салу керек деп санайды.
Ал 8 ақпанда белсенділер Бозжырада VIP-қонақүй салу жобасына қарсы онлайн-петицияға қол қоюды бастады. Петиция авторы Ажар Жандосованың айтуынша, Бозжырада туризмді дамыту үшін бірінші кезекте табиғи байлықты және баға жетпес ғарыштық ландшафттарды сақтауға мүмкіндік беретін барлық жағдай жасалуға тиіс.
"Біз, жобада ескерілген жерде, атап айтқанда, Азулардан 4 км жерде, Жабайұшқан қорығының шекарасынан 495 м қашықтықта қонақүй салуға үзілді-кесілді қарсымыз. Қонақүй Бозжыраның барлық бақылау нүктелерінен анык көрінетін болады, ал оның құрылысы мен қызметі бүкіл тірі әлем үшін өте күшті алаңдаушылық факторы. Бұл қонақүйдің болуы Бозжыраның сұлулығын жоғалтуға, биосистемаға, шатқалдың табиғи және тарихи құндылығына орны толмас зиян келтіруге, туристік тартымдылықты жоюға соқтырады. Қазақстандық биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының сараптамалық ұсынысы бойынша Бозжырадан 20-25 км қашықтықта қонақүй құруды қарастыруға болады, бұл өркениетті әлемде "жақын қашықтық" болып саналады" делінген петиция үндеуінің мәтінінде.
Бозжыра тауы – облыс орталығы Ақтау қаласынан 300 км қашықтықта орналасқан, Қарақия ауданына қарасты Үстірт платосының батыс шыңдары бөлігі, Үстірт жазығы шыңдарының бір бөлігі. Биіктігі – 250 м.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір