11 Ақпан, 2021 Барлық аймақтар
Фото: sputnik.kz
Ұстаз өмір бойы шәкірт бойынан жақсы қасиеттерді іздейді және соған жетелейді. Сол ісінен өзіне рахат табады, ұстаздық сонысымен құнды кәсіп. Біз соны мақтан тұтамыз. Ұлт руханиятын дәріптейтін, оның қадірін білер шәкірт тәрбиелеу – біздерге парыз. Біліктілік – ізденумен, ерінбейтін үлкен еңбекпен келетін тәжірибелердің нәтижесі. Осының дәлелі ретінде айтарымыз – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың https://www.kaznu.kz дайындық кафедрасында дәрістен тыс халқымыздың ұлттық руханиятын еселеуге, оны насихаттауға арналған іс-шаралар дәстүрлі түрде өтіп келеді.
Жастардың рухани дамуына, адамгершілік ізгі қасиеттерді бойына қалыптастыруда бұл шаралар өте пайдалы, өздерінің бойындағы қабілеттерін ашуда, көпшілік ортада өзін жақсы жағынан үлгі ретінде көрсете білуде,қоғамдық шараларды ұйымдастыра білу сияқты әр түрлі қырынан танылады. Қызықты сайыстар, білім бәсекелері, өнер фестивальдары жыл сайынғы дәстүрлі мерекелерге айналған.
Кафедрадағы «Шамшырақ», «Жас тарихшы», «Темірқазық», «Өлкетану», «Жауқазын», «Тілтаным»,т.б. үйірмелер маңызды іс-шаралар атқаруда. Барлығы жас жеткіншектерге туған елдің мәдениетін таныстыру, халқымыздың құнды руханиятын құрметтеу, танымал тұлғалардың өмірі мен еңбектерін үлгі ету, ғылым-білімін сапалы игерту мақсатында жоспарлы істер атқаруда. Өткен жылдан бері жер әлемді жайлаған індеттің кесірінен осы шаралардың жүзеге асуы онлайн форматта өтіп жатыр. Қалай болса да, болашаққа деген зор құштарлығы бар жастар, өз талаптарын жақсы жағынан көрсетуге тырысады. Биыл да сондай жастардың барын байқадық. Әсіресе, – «Шамшырақ» клубында ойы ұшқыр, болашаққа нық сенімді қыз-жігіттер жиналған. Бұл клубтың мақсаты – талантты жастарды шығармашылыққа баулу, әдеби-мәдени бағыттағы білімдерін көтеру, халқымыздың рухани құндылықтарын насихаттау.
Ақын-жазушылармен қызықты кештер ұйымдастыру, сыр-сұхбат өткізу, жатақханада өзара әр түрлі тақырыптарда пікірталастар ұйымдастыру шаралары өткізілетін еді. Клуб мүшелері – әдебиет пен өнер саласын таңдаған жастар, олардың құрамында бұрынғы түлектер де бар. Олар әр түрлі оқу орындарында оқып жүрген, кейбірі оқуларын бітіріп елге қызмет етіп жүр. Кездесулерге келіп өздерінің осы жолдан қалай өткенін, бүгінгі жетістіктеріне қалай жеткендерін іні-қарындастарына ақыл-кеңестерін айтады, шығармашылық байланыс орнатады. Осы шаралар биыл шамалы шектеліп тұр.
Дегенмен, кафедрада негізінен шетелден келген қазақ балалары оқығандықтан қоғамдық ортаға бейімдеу, өзін еркін сезіну, шығармашылық қолдау көрсету біздің басты назарымызда. Сондай бағытта биылғы шәкірттеріміз де клуб аясында ауқымды істер атқаруда. Солардың бірі - ұлы Абай бабамыздың мерейтойына арналған дәріс. Онда ақынның өмірі, шығармалары туралы біліп қана қоймай,шәкірттер Абайдың қара сөздерінің философиялық мәніне талдау жасап, поэмаларының да маңызын ортаға салды. Тың деректермен таныстырып, Абайдың кейінгі жылдары табылған қолжазбалары туралы ақпарат берілді.
Сондай-ақ, клуб аясында қазақ халқының айтулы тұлғалары А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ш,Құдайбердіұлы сынды қайраткерлердің өмірі мен шығармашылығы, қоғамдық қызметтері туралы айтылып, онлайн-дәрістер өткізіліп келеді. Шетелдік қандастарымыз бұл авторлар туралы толық білмейтіні, олардың шығармаларын оқымағандары белгілі. Осы клубтың шаралары арқылы, көптеген тарихи-мәдени маңызды мәселелерді біліп, өздеріне болашақта қажет білім ретінде саналарына сіңіргендері ақиқат. Енді белгілі азаматтармен де онлайн-сұхбаттар ұйымдастыруды қолға алмақшымыз.
Ел руханиятын еселуде елулі үлес қосып, талантты шәкірттерді жыл сайын жоғары оқу орындарына ұшырып отырған ұстаздар қауымы әр түрлі мінбелер мен қоғамның әр салаларында өз шәкірттерін көріп қуанып жатамыз.
ЖОО дейінгі дайындық кафедрасының аға оқытушылары: Ж.С.Әділханова,
Г.М. Мужигова
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір