• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 00:22:47
Алматы
+12°

ПСИХОЛОГИЯ САЛАСЫНДАҒЫ БІРТУАР ТҰЛҒАҒА АРНАЛҒАН ЕРЕКШЕ КОНФЕРЕНЦИЯ

Үстіміздегі 2020 жылдың 31 қазанында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде үлкен ғалым, білікті профессор С.М. Жақыповтың 70-жылдығына арналған «Отандық және әлемдік психологияның жағдайы мен даму перспективалары» атты халықаралық ғылыми-әдістемелік конференция өтті. Конференцияға Ресей, Франция, Германия, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан және өз еліміздің 130-дан астам ғалымдары мен зерттеушілер, магистранттар қатысты. Конференцияның модераторлары жалпы және қолданбалы психология кафедрасының меңгерушісі, психология ғылымдарының докторы, профессор З.Б. Мадалиева және психология ғылымдарының кандидаты, оқытушы Ж.С. Сейітнұр болды. Олар конференцияны екі тілде кезектесіп жүргізіп отырды. Сөйтіп, ана тіліміз онлайн түрінде болса да халықаралық аренаға шықты.

Жалпы бұл конференция еліміздің көрнекті ғалымы, психология ғылымдарының докторы, әл-Фарабиа тындағы  Қазақ ұлттық университетінің профессоры, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті  қызметкері және Қазақстан Республикасы ұлттық Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, осы өмірден мезгілінен бұрын кеткен Жақыпов Сатыбалды Мұқатайұлының  жетпіс жылдығына арналған еді. Тәуелсіз Қазақстандағы психология ғылымы тарихын кеңес заманында жүйелі әзірленбеген жоғары білікті психолог кадрларды елімізде даярлауға өлшеусіз үлес қосқан С.М. Жақыпов тұлғасынан бөлек қарастыра алмаймыз. Қазақстандағы психология ғылымының институциалдануы бұл кісінің арқасында жүрді десе де болады. Белгілі ғалымның жетекшілігімен 58-кандидаттық, 7 докторлық диссертация және 5 PhD диссертациясы қорғалды. Психология саласында мұндай көрсеткішке жеткен іріғалым Қазақстан тарихында бұрын-сонды кездеспеген еді.  Соның арқасында еліміздің әр түкпірінде жоғары оқу орындарында психология кафедралары ашыла бастады. Қазір С.М. Жақыпов негізін қалаған психология мектебі өкілдері жоғары оқу орнындағы факультеттің негізгі құрылымдық бөлімі боп табылатын кафедраларды басқарып отыр. «Шәкіртсіз ұстаз тұл» дегендей, арқа сүйер әрі жолын қуып құрметтейтін шәкірттері бар ұстаз ешқашан еңбегім еш кетті деп айта алмайды. С.М. Жақыпов өзімде ғана болса, өзім ғана толсам дейтіндердің қатарынан  емес еді. Осы позициясымен де біртуар ғалым тұлғасыөзінен кейінгі  жас буынға  үлгі, өнеге болып қалады.

Психология ғылымында жеке адамның ішкі әлемін өте мәнді, елеулі өзге жандардың бейнеленуі, орналасуы (representation) ретінде түсіндіретін тұжырымдар бар. Көптеген маңызды тұлғалардың бейнесі жүрегімізде өзіндік орын алады. Әр түрлі кеңістік пен уақыттық өлшемдерде өмір сүрген, тіпті басқа о дүниеге кеткен адамдарда сіздің ішкі әлеміңізде мәңгі өлмес сипатқа ие болады. Және сіздің барлық таңдау мен мәселелерді шешужолыңызға, көзқарастарыңызға көрінбейтін түрде әсер етеді.Адам психологиялық тұрғыда тек өзінің ішкі әлемінде ғана шынайы азат болғандықтан, олар бізге мағына беретін аса маңызды жақын тұлғаларға айналады. Осы конференция барысында Сатыбалды Жақыпов тұлғасының қаншама адамдардың өмірінде елеулі із қалдырғанын байқадық. «Адам өзі жеке үлесін қосқан адамдар жадында мәңгі тірі» деген сөз рас екен. Қазақ оны  «Жақсыдан – шарапат, жаманнан - кесапат» деген мақал арқылы білдіреді.

Қазақстанның психология ғылымы тарихында айырықша орын алған, оның институциалдануына зор үлес қосқан Сатыбалды Жақыпов ағамызға арналған конференция өте ауқымды әрі қызықты болды. Бес сағаттан астам созылған ғылыми іс-шара ешкімді бей-жай қалдырмады. Конференцияға қатысушылар уақыттың қалай сырғып өткендігін білмей қалғандықтарын  айтады. Конференция барысында қазіргі психология ғылымының өзекті мәселелері талқыланады,ғалымдар психологиялық-педагогикалық, тарихи-психологиялықзерттеу нәтижелерімен бөлісті, әлемдік зерттеу үлгілері мен тәжірибелермен алмасу жүрді. С.М. Жақыповтың қатарлас замандастары, әріптестері мен шәкірттері ол туралы естеліктерімен бөлісіп ғалымды көрмеген кейінгі жастарға көп тағылымдық құнды дүниелер берді.

Конференцияның ашылуында сөз сөйлеген Философия және саясаттану факультетінің деканы философия ғылымдарының докторы, профессор А.Р.Масалимова бұл  бас қосудың ерекше жағдайда орын алып отырғанын айтты. Әлемді жайлаған пандемия жағдайында қашықтықтан ғылыми пікір алмасуға көшудің өз артықшылықтары мен кемшіліктері барын, онлайн-талқылау арқылы болса да ғылыми коммуникация үздіксіз жалғаса беретінін тілге тиек етті.

Біз үшін онлайн-форматта өткен конференцияның пленарлық мәжілісінде сөз сөйлеген ғалымдардың арасынан шетелдік зерттеушілердің, мамандардың пікірі өте маңызды болды. Елімізге, қазақстандық ғалымдарға деген олардың қатынасын байқау, қаншалықты отандық ғалымдарымыздың әлемдік деңгейде  мойындалуын білгіміз келді. М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры, психология ғылымдарының докторы, ұзақ уақыт МГУ-дің психология факультетінің жалпы психология кафедрасының меңгерушісі болған Б. С. Братусьтің Сатыбалды Жақыпов туралы айтқан естеліктері қазақ ғалымдарының зияткерлік деңгейі ешкімнен кем емес екендігіне көзімізді жеткізді. Бойымызды мақтаныш сезімі кернеді. Кез келген ғылыми ортада ұялмай бетке ұстанатын ғалымдарымызбар екен. Таяу және алыс шетелдердің ғылыми ортасы С. М. Жақыповты экспериментші-психолог және өзіндік бірегей бірлескен-диалогтық танымдық іс-әрекет концепциясының авторы ретінде танитынын білдік.

Түркітілдес көрші ел – Өзбекстанның ғалымдары да, атап айтсақ, психология ғылымдарының докторы, профессор Б.Р. Кадыров С.М. Жақыповтың ғылыми деңгейін өте жоғары бағалады. Сонау кеңес заманының өзінде-ақ, яғни, 1974 жылдары өзбек тілінде психолог мамандарды даярлауды қолға алған Өзбекстан бізбен салыстырғанда тәуелсіздік кезеңнің алғашқы жылдарында ұлттық кадр тұрғысынан көш ілгері еді. Расын айтсақ, солардың арқасында Қазақстанда психологиядан докторлық диссертациялық кеңес ашылып жұмыс жасау мүмкіндігіне ие болды.

Сатыбалды Жақыпов Қазақстанда тұңғыш рет Д14А32 мамандандырылған психологиядан докторлық диссертациялық  кеңестің төрағасы болды. Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен психология саласында жүрген ғылым докторларын шақыртып,оларды отандық жоғары білікті психолог кадрларды даярлауға тартты. Нәтижесінде, біз бүгінде айтарлықтай саны бар психологтар корпусына ие боп отырмыз. Статистикалық тұрғыда совет заманы мен тәуелсіздік кезеңіндегі психолог кадрларды даярлау санын салыстырсақ, қандай үлкен секіріс жасағанымыз көзге айқын көрінеді. Әсіресе, ана тілімізде тұңғыш рет психологиядан докторлық ғылыми диссертациялар қорғалды. Украина мен Грузия, Эстония психологтары жеткен мүмкіндіктерге қазақтар да тәуелсіздік заманында кешірек болса да ие болдық. 

Конференцияға қатысушылар Германияның Бад Вильдунген қаласындағы «Рейнхардшохе» оңалту клиникасында қызмет ететін, Лейпциг университетінің профессоры А.И. Гарбердің «Қазақстандағы стрессті зерттеулерге шолу:қазіргі жағдайы және болашағы» деген баяндамасын қызыға тыңдады. Отандық ғалымдармен тығыз ынтымақтастықта жұмыс жасау нәтижесінде стресске қатысты бірнеше кітаптар жарық көріпті. Бүгінгі індет жағдайында стресске төзімділіктің маңызы ара түсетіні анық.

Гонконгтық қытай университеті профессоры, психология бойынша PhD докторы (Шеффилд университеті,Ұлыбритания),  Британдық психологиялық қоғамдастығы мүшесі, практик психолог әрі ғалым Мэн Чеун Чунгтің түрмеде отырғандардың психикалық бұзылыстарына жарақаттан кейінгі стресстің әсері туралы зерттеуі болашақ ізденушілер мен магистранттарға ғылыми үлгі ретінде пайдасы үлкен болды.

Философия ғылымдарының докторы, профессор м.а., Республикалық оқу-әдістемелік кеңестің  ОӘБ-нің ғылыми хатшысы  (әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ) А.С.Сырғақбаеваның «Қазіргі құндылық бағдарсыздану жағдайында  әл-Фарабидің этикалық идеяларын түсіну» атты баяндамасында қазіргі өркениет жағдайында технологиялық және рухани даму арасындағы теңгерімнің бұзылғаны, тұлғаның адамгершілік дамуынан ғылым мен техниканың дамуы ілгері кетіп қалғаны айтылады. Мұндай жағдайда біздің ұлы жерлесіміз әл-Фараби трактаттарындағы ізгілік категориясының маңызы арта түседі.

Конференция аясында материалдар бірнеше секцияға топтастырылды:

1) «Рухани Жаңғыру» бағдарламасы аясындағы қазіргі психология ғылымы және практикасы

2) С. М. Жақыповты бірлескен-диалогтық іс-әрекет тұжырымдамасы: мүмкіндіктері және перрспективалары

3) Отандық және әлемдік психологиядағы қолданбалы психологиялық зерттеулер

Пленарлық мәжілістің қорытынды сөзін тұжырымдаған психология ғылымдарының докторы, профессор Бердібаева Света Қыдырбековна әлі тарих беттеріне түспеген тың деректерді келтірді. Қазақстандағы психология ғылымының қанат жаюына атсалысқан ғалымдардың есімдері аталды. Мұның бәрі болашақта арнайы тарихи-психологиялық зерттеуді қажет етер. Тау алыстаған сайын биіктей түседі дегендей жылдар жылжыған сайын С.М. Жақыповтың даралығы, тұлғалық ерекшелігі мен тарихи рөлін енді  ұғынып жатырмыз. Ең бастысы бұл конференция көп адамдарға үлкен ой салып кетті. «Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деген хакім Абайдың сөзі осы конференцияның негізгі мәнін ашқандай.

Жалпы және қолданбалы психология кафедрасының меңгерушісі, психология ғылымдарының докторы, профессор З.Б. Мадалиева

 

психология ғылымдарының кандидаты, профессор м.а. Н.С. Жұбаназарова , психология ғылымдарының кандидаты, доцент Ж.С. Сейітнұр

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір