• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

21 Қараша, 16:52:40
Алматы
+12°

Сенатор Андрей Лукин ломбардтар мен микроқаржы ұйымдарының жұмысына қатысты олқылықтарға және қазіргі нормалардың дұрыс орындалмауына байланысты ондаған мың қазақстандықтың зардап шегіп отырғанын айтып, алаңдаушылық білдірді, деп хабарлады парламенті сенатының баспасөз қызметі.

Осыған орай, депутат Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне сауал жолдап, қазіргі таңда ломбардтар өз жұмысын бастағаны туралы мемлекеттік органдарға ескертпеуге құқылы екенін атап өтті. Бұл олардың қызметі Агенттік тарапынан бақыланып, реттелмейді деген сөз. Осындай ломбардтарды тексеру мүмкіндігінің жоқтығына байланысты оларға қатысты қандайда бір әкімшілік шара қолдану да мүмкін емес.

Сонымен қатар сенатор мұндай қаржы ұйымдарының қызметіне бақылау жүргізуге міндетті кейбір мемлекеттік органдар еш іс-әрекет жасамай отырғанын да тілге тиек етті. Мұның бәрі түрлі қаржы пирамидаларының пайда болуына жол ашатыны сөзсіз.

– Жекелеген қаржы ұйымдарының салдарынан 17 мыңдай азамат зардап шекті. Келтірген шығын көлемі 21 млрд теңгеден астам. Қазіргі таңда еліміздің 14 өңірінде алаяқтыққа және қаржы пирамидаларына қатысты 32 қылмыстық іс тергелуде. Осыған дейінгі заңнамаларға жүргізілген мониторинг нәтижесінде өкілетті органдар қабылдаған бірқатар айтарлықтай жеңілдіктер ломбардтардың тиісті органдар тарапынан бақылаусыз жұмыс істеуіне әкеліп соқтырған. Қазіргі қалыптасып отырған жағдайдың да басты себебі осы, – дейді сенат депутаты.

Сондықтан Андрей Лукин микроқаржы ұйымдарының қызметін бақылау үшін бірыңғай ақпараттық жүйе қалыптастырудың маңызы зор деп есептейді. Сондай-ақ кепілге қойылған мүлікті оның иесіне автоматты түрде ескерте отырып, жария сауда өткізетін платформа қажет. Тіркелмеген барлық ломбард заңды түрде қайтадан құрылуға немесе мүлдем жабылуға тиіс. Одан бөлек, депутаттық сауалда займ берген кездегі комиссия көлемін регламенттеуге және қауіпсіздік пен техникалық жабдықтауға қойылатын талаптарға қатысты заңнамаларды жетілдірудің маңызды екені айтылды.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір