12 Қаңтар, 2021 NEWS
Фото: Ашық дереккөз
Парламент мәжілісі сайлауына қатысқан бірнеше белгілі тұлғалардың телефондары сөндірулі тұр. Солардың қатарында журналист, "Адал" партиясының мүшесі Мақсат Толықбай да бар.
Ол экзитпол нәтижесі және орталық сайлау комиссиясының алдын ала қорытындысы шыққаннан кейін әлеуметтік желіде бірнеше жазба жариялаған.
Алдымен "Біз жеңдік. Ертеңгі нәтижені күтейік. Мәлімдеме жасаймын" десе, артынша, "Сайлау әділ өтті" деген сөзді құдайдан ұялмаған адам ғана айтатын шығар?!" деп жазған.
Мұнан соң "Тәуелсіз бақылаушылардың протокол нәтижесі енді бітіпті. "Адал" партиясы 29 процент дауыспен екінші орын алды. Ең көп дауыс берген Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан облысы" деп хабарлаған.
Енді міне, орталық сайлау комиссиясы парламент мәжілісі сайлауының қорытынды нәтижесін жариялағаннан кейін Мақсат Толықбаймен байланысу мүмкін болмай отыр. Қамшы тілшісі экс-кандидаттан сайлау нәтижесіне байланысты пікірі, ендігі жоспары туралы сұрамақ болып хабарласқанында телефоны сөндірулі болды.
ОСК қорытындысына сәйкес, "Адал" партиясы мәжіліске өтуге мүмкіндік беретін 7 пайыз дауысты жинай алмады.
Сондай-ақ қаржы сарапшысы Дәулет Мұқаев, спортшы Ардақ Назаров, журналистер Зейін Әліпбек пен Дәурен Қуат секілді үміткерлердің де телефоны сөніп тұр. Алдыңғы екі кандидат "Адал партиясының мүшесі болса, соңғылары сайлауға "Ауыл" партиясынан түскен.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір