Фото: Халықаралық Түркі академиясының баспасөз қызметі
Бүгін Халықаралық Түркі академиясы Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында «Түркі әлемі: тарихи-мәдени мұра» атты халықаралық конференция өткізді. Бұл туралы Халықаралық Түркі академиясының баспасөз қызметі хабарлады.
Бірқатар бауырлас түркі мемлекеттер тәуелсіздігіне 30 жыл толатын мерейлі меже аясындағы іс-шаралардың бастамасы ретінде ұйымдастырылған алқалы жиынға ТүркПА ұйымының Бас хатшысы Алтынбек Мамаюсупов, Түркі кеңесінің алғашқы Бас хатшысы Халил Ақынжы, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Әзербайжанның алғашқы Премьер-министрі Гасан Гасанов, Қырғызстанның экс-мемлекеттік хатшысы Османакун Ибраимов, Түркі кеңесі бас хатшысының орынбасары Өмер Коджаман, Әзербайжан Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Рашад Маммадов, Түркия Республикасының Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Уфук Экиджи, Мажарстанның Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Михай Галошфай, Өзбекстан Республикасы Сенатының депутаты Азамат Зие, Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы Жанна Құрманғалиева, Түркі кеңесі Ақсақалдар кеңесінің мүшесі, белгілі ғалым Әділ Ахметов, Франкфурт университетінің профессоры, Ресей ғылым академиясының Сібір бөлімшесінің филология институтының бас ғылыми қызметкері Ирина Невская, Татарстан Республикасы А.Х.Халиков атындағы археология институтының директоры Айрат Ситдиков, еліміздегі дипломатиялық миссиялардың жетекшілері, бауырлас түркі елдері Ұлттық ғылым академияларының басшылары, Қазақстан Республикасы Сенаты мен және Мәжілісінің депутаттары, белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Ресей, АҚШ, Италия, Моңғолия, Германия, тағы басқа 20-дан астам мемлекеттен танымал түркітанушы ғалымдар мен сарапшылар қатысты.
Онлайн-оффлайн режимде өткен басқосу барысында Түркі академиясы әзірлеген «Түркі әлемі: тарихи-мәдени Атлас» атты іргелі ғылыми еңбектің салтанатты тұсаукесер рәсімі жасалды. Елбасы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың алғысөзімен жарық көрген бірегей басылым әйгілі саяхатшылар мен жиһанкездер жасаған көне карталар мен байырғы бабаларымыздың мол мұрасын көрсететін маңызды мәліметтерді қамтиды.
Атлас Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласының мазмұнына негізделген алты тақырыптық бөлімге жүйеленген.
Конференцияны Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі жүргізіп отырды. Жиынның тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналып өткізіліп отырғанын атап өткен ұйым басшысыҚазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласындағы «Қазаққа осынау ұлан-ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ» деген ұстанымын Түркі академиясы әзірлеп шығарған 200-ден астам тарихи картаны қамтитын «Түркі әлемі» атласы ғылыми тұрғыда айқындай түсетінін атап өтті.
Түркі әлемінің алғашқы тарихи-мәдени атласын таныстыру рәсімнен кейін сөз алған ТүркПА ұйымының бас хатшысы Алтынбек Мамаюсупов оқырманға жол тартқан бірегей басылымды жоғары бағалап, Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың бағдарламалық мақаласындағы орамды ойлардың тарихы ортақбауырлас елдердің баршасы үшін маңызды екенін айтты.
Бұдан кейін сөз алған Түркі кеңесінің алғашқы бас хатшысы Халил Ақынжы тарихи шекаралар туралы әңгіменің тарихтың еншісінде қалуы керек екенін атап өтті.
– Әлем тарихын түркі халықтарынсыз елестету мүмкін емес. Жаһандық деңгейдегі ғылыми жетістіктер мен мәдени құндылықтардың көпшілігі Қытайдан Жерорта теңізіне дейінгі кеңістікті алып жатқан біздің алып құрлығымызға тиесілі. Сонымен қатар, бұл аймақтың ең ірі қақтығыстар алаңына айналған да кездері болды...
Өткеннің еншісіндегі даудың бәрі біздің тарихи санамыздың терең түкпірінде қалуы керек және келешегіміздің кемелдігі үшін одан сабақ ала білуге тиіспіз.
Бүгінде БҰҰ және барша әлемдік қауымдастық мойындаған түркі мемлекеттерінің тәуелсіздігі тоқтаусыз нығайып келеді. Бүгінгі конференция сияқты ғылыми форумдар біздің елдеріміздің және көршілес мемлекеттердің ынтымақтастығын нығая түсуге ықпал етеді.
Сонымен қатар, бүгін таныстырылған Түркі академиясы түпнұсқа мәліметтерге сүйене отырып ыждаһаттылықпен әзірлеп шыққан Түркі әлемінің Атласы бұл бағыттағы алғашқы бірегей басылым болып саналады. Ендігі жерде бұл атлас біздің бірінші болып жүгінетін сенімді тарихи дереккөзге айналады деп сенемін. Түркі академиясын осы жетістігімен шын жүректен құттықтаймын, – деді ол өз баяндамасында.
Ал Әзербайжан Республикасының алғашқы Премьер-министрі, Әзербайжанның Польшадағы Төтенше және өкілетті елшісі Гасан Гасанов қазақ мемлекеттілігінің тарихы мыңжылдықтардан бастау алады деп санайтынын жеткізді.
– Бүгінде халықаралық қауымдастық соңғы онжылдықтағы ең өткір сенім дағдарысын бастан өткеруде. Қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге қарсы біздің елдеріміз аймақтық және жаһандық қауіпсіздік пен бейбітшілікті нығайта түсуге бағытталған бірқатар бастамалар арқылы оңтайлы жауап бере алады.
Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың соңғы оқиғалар тұрғысынан шындығында да өте өзекті мәселелерді көтерген әрі Қазақстанның алдағы даму бағдарын айқындай түсетін мақаласын айрықша атап өтуге болады, – деді ол.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір