08 Қаңтар, 2021 NEWS
Көрнекі сурет
Қазақстанда ресми жұмыс істейтін кез келген адамның айлығынан негізгі екі шегерім жасалады: зейнетақы жарнасы және жеке табыс салығы. Екеуі де 10 пайыздан. Бірақ жеке табыс салығын есептеуде ескерілетін басқа да ережелер мен жеңілдіктер бар.
Мысал үшін, айлық 170 мың теңге болса, оның 10 пайызы, яғни 17 мың теңге ай сайынғы міндетті зейнетақы жарнасына аударылады. Бұдан 153 мың теңге қалады.
170 000 – 17 000 = 153 000 тг.
Енді жеке табыс салығын есептеу үшін осы сомадан ең төменгі еңбекақы мөлшері шегеріледі. Елдегі ең төменгі еңбекақы мөлшері қазір 42 500 теңге.
153 000 – 42 500 = 110 500 тг.
Осы қалған 110 500 теңгеге енді табыс салығы салынады.
110 500 – 10% = 99 450 тг.
Жоғарыда шегерілген 42 500 теңге айлықпен бірге қолға беріледі. Тек бұл сомаға салық салынбайды. Яғни, жалпы айлықтың зейнетақы жарнасына кететін 10 пайызы мен ең төменгі еңбекақы сомасына табыс салығы салынбайды.
42 500 + 99 450 = 141 950 теңге.
Міне, бұл азаматтардың ай сайын қолға алатын айлығы.
Бұл арада тағы бір мәселе бар. Мүгедектер мен он сегіз жасқа толмаған бала асырап отырғандарға жеке табыс салығына қатысты жеңілдік көп. Олардың қолына алатын айлығы басқаларға қарағанда көбірек болады. Бұл әр адамның жағдайына байланысты жеке есептеледі. Сондай-ақ "Отбасы" банкі арқылы үй алғандар үшін де жеке табыс салығында жеңілдік бар. Ай сайын банкке төлеп жатқан несиедегі сыйақы сомасын салық салынатын еңбекақыдан шегертіп, табыс салығын азайтуға болады. Ол үшін жұмыс орнына банкпен жасасқан келісімшарт пен несиені өтеу кестесін апару керек.
Ескерту! 2019 жылдан бастап жалақы мөлшері 25 АЕК-тен аспаса, онда жеке табыс салығына 10% емес, тек 1% алынады.
Жалақыдан ұсталатын негізгі шегерімдер – зейнетақы мен табыс салығынан бөлек төленбей жүрген алимент, кредит болса, сот шешімімен бухгалтерия қалған жалақының 50%-ын ұстап қала алады.
Ақбота ӘБІЛТАЙ
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір