Фото: «Nur Otan» партиясының баспасөз қызметі
«Nur Otan» өңірлерде халықпен кездесуді жалғастыруда. Бүгін партия сайлауалды штабының мүшелері Солтүстік Қазақстан облысында болды.
Осындағы Чапаево ауылында орналасқан «Қызылжар сүт» базасында өңірдің ірі ауыл шаруашылық кәсіпорындарының басшыларымен бірге партияның сайлауалды бағдарламасы аясында саланы дамыту мәселелерін қарастырды.
«Бүгінде азаматтарымыздың 40%-тен астамы ауылда тұрады. Елбасы, партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында біз ауылдың әлеуетін барынша іске асыруға, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға одан әрі жағдай жасайтын боламыз. Таяудағы 5 жылда «Nur Otan» жаңа инвестициялық жобалар мен фермерлік шаруашылықтар құру есебінен ауыл шаруашылығында 500 мыңдай адамды жұмыспен қамтамасыз ету міндетін қойып отыр. Ауылда кооперацияны ынталандыру, ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алуды кеңейту, заманауи цифрлық технологияларды ендіру бойынша шаралар қабылданады», - деп атап өтті сайлауалды штаб жетекшісі Бауыржан Байбек.
Халықаралық талаптарға сәйкес ветеринарлық, фитосанитарлық және карантин қызметтерін жаңғырту жалғасады. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығын ғылыми әзірлемелермен қамтамасыз ету бойынша аграрлық ғылым үшін нақты нысаналы индикаторлар дайындалады.
Елді отандық өндірістің негізгі азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету үшін 2025 жылға қарай жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 1,3 есе, еңбек өнімділігін – 2,5 есе, өңделген өнімнің үлесін 70%-ке жеткізе отырып, экспортты – 2 есе арттыру жоспарлануда.
Осы күні Бескөл ауылында партия мүшелері «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында өңірге қоныс аударған отбасылармен кездесіп, олармен бірге Солтүстік Қазақстан облысының алдағы даму жоспарын талқылады.
Атап айтқанда, өңірде 65 мың жаңа жұмыс орнын ашу, мың шақырымнан астам автожол салу және жөндеу, 142 ауылдың 115 мың тұрғынын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, сондай-ақ әлеуметтік мұқтаж азаматтарға арнап 2,5 мың пәтер салып, жалпы 1,6 млн-нан астам шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып жатыр.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында атап көрсеткендей, азаматтардың ел ішінде еңбек көші-қонына, әсіресе шекаралас елді мекендерде қолайлы жағдай жасау қажет. Сайлауалды бағдарламамыздың аясында біз еңбек күші көп өңірлерден оған тапшылық бар аймақтарға көшуші отбасыларға қолдау көрсетеміз. Бұл ретте «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша келетін жас мамандарға тұрғын үй алуға жеңілдетілген несие бөлінеді. Сонымен қатар өңірлер деңгейінде жас отбасылардың тұрғын үй мәселесін шешу бойынша бағдарлама әзірленеді. Еліміз бойынша жыл сайын 700 мыңдай адам жұмыспен қамтудың белсенді формаларымен қамтылады», - деп толықтырды билеуші партия Төрағасының бірінші орынбасары.
Бұдан кейін Петропавл қаласында сайлауалды штаб өкілдері бірнеше кездесу өткізді. Оның ішінде ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған аналармен жүздесті.
«Барша балаға – тең мүмкіндік» қағидатын іске асыра отырып, «Nur Otan» партиясы барлық колледж бен жоғары оқу орындарында, сондай-ақ 70% мектеп пен мектепке дейінгі ұйымдарда инклюзивті білім беруді енгізуді қамтамасыз етеді. Оңалту орталықтарының саны артып, ерекше қажеттілігі бар балаларға психологиялық-педагогикалық және коррекциялық қолдау бойынша мемлекеттік тапсырыс енгізіледі. Асыраушысынан айрылған балалар бір мезгілде мүгедектігі және асыраушысынан айрылуы бойынша 2 жәрдемақы ала алады. Сондай-ақ, ерекше қажеттілігі бар балалар үшін кәмелеттік жасқа толғаннан кейін де тұрғын үйге кезегінің үзілмеуі қамтамасыз етіледі.
Жалпы, «Кедергісіз келешек» жобасы аясында алдағы 5 жылда ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін 22 мың әлеуметтік инфрақұрылым нысанын бейімдеу жалғасын табады. Жұмысқа орналастыру бойынша квотаны орындамайтын жұмыс берушілер үшін өтемақы төлемі енгізіліп, ол қаражат ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін жұмыс орындарын ашуға бағытталады.
«Nur Otan» партиясының сайлау қоры қаражаты есебінен төленді
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір