06 Қаңтар, 2021 NEWS
Фото: informburo.kz
Белгілі спортшы Денис Теннің қазасына байланысты қозғалған қылмыстық істегі айыпталушылардың бірі Жанар Толыбаеваға қатысты жаза түрі өзгертіліп, өтелмеген мерзім бас бостандығын шектеу жазасына алмастырылды. Бұл туралы Tengrinews.kz сайты тілшісінің ресми сауалына Жоғарғы сот аппараты жолдаған хатта хабарланған.
Қылмыстық кодекстің 73-бабына сәйкес Жанар Толыбаева өтелмеген жаза мерзімін жеңіл жаза түріне алмастыру бойынша талап арыз түсірген.
"Алматы облысы Іле аудандық сотының қаулысына сәйкес, 2020 жылғы 6 қаңтарда талап арыз қанағаттандырылған. Жаза мерзімінің өтелуін бақылау пробация қызметіне тапсырылған" делінген аппарат жауабында.
Сондай-ақ жәбірленуші Денис Теннің анасы – Оксана Тен де сот актілерін қайта қарау туралы талап арыз түсірген. Алайда Жоғарғы сот оны қанағаттандырмаған. Оксана Тен айыпталушы "Жанар Толыбаева қылмысқа тікелей қатысы бар болуы мүмкін", тіпті "қылмысты жасау кезінде жетекші роль атқарған болуы ықтимал" деп санайды.
Денис Теннің қазасына айыпталған Арман Құдайбергенов пен Нұралы Қиясов 18 жылға, Жанар Толыбаева 4 жылға бас бостандығынан айырылған еді.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір