• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 10:49:32
Алматы
+12°

фото: Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруда Ақтөбе облысында атқарылған жұмыстар ауқымды, мазмұнды, жетістіктері мол. 13 арнайы жоба аясында іске асырылған ерекше 7 жобаға тоқталмақпыз.

Туған жерге тағзым
«Туған жер» арнайы жобасы аясында «Туған жерге тағзым» акциясы бойынша жерлес-меценаттардың демеушілігімен 2020 жылы акция аясында 1 млрд. 180 млн. теңгеге 368 жоба жүзеге асырылды.
Ақтөбе қаласында «Есет батыр ескерткіші» қорының демеушілігімен Есет батырдың ескерткіші орнатылды. Футбол және баскетбол ойнауға арналған «Тәуке хан» спорт алаңы ашылды.
Алға қаласында Есет батыр Көкіұлының ескерткіш мүсінін абаттандыру жұмыстары жүзеге асырылса, Темір ауданы Шұбарқұдық ауылында генерал-лейтенант Ж. Кереевтің ескерткіші орнатылды. Қобда ауданы Талдысай ауылдық округінде балаларға арналған спорттық алаң салынып, Әйтеке би ауданында «Әкелер саябағы» спорт құрылғыларымен жабдықталды.

«Әдебиет. Рух. Қоғам» республикалық әдебиет форумы
«Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы қазақ елінің ұлттық құндылықтарын айшықтайтын жобаларымен ерекшеленеді.
«Ұлы даланың ұлы есімдері» арнайы жобасы аясында Ақтөбе қаласында «Әдебиет. Рух. Қоғам» республикалық форумы өткізіліп, оған Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, ақын Ақұштап Бақтыгереева, ШҚО Абай ауданының әкімі Жарқынбек Байсабыров қатысты.
Аталған шарада Әдеби байқау жеңімпаздары анықталып, 1 млн теңге қаржылай сертификатқа ие болып, әртүрлі жанрда қалам тербеп жүрген жүйріктер анықталды. Тахауи Ахтанов атындағы жүлдені жазушы-драматург Серік Асылбекұлы иеленсе, Қуандық Шаңғытбаев атындағы сыйлық ақын-аудармашы Байбота Қошым Ноғайға бұйырды. Ақын Жанат Әскербекқызы Сағи Жиенбаев атындағы жүлдеге ие болып, ақын, журналист Ертай Ашықбаев Ізтай Мәмбетов атындағы балаларға арналған шығармалар номинациясының иегері атанды.
Форум аясында ұлы ойшыл, қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлына ескерткіш орнатылды.
Аталмыш шара барысында Сырым батыр Датұлы жетекшілігімен 1785 жылы Қазақстан тарихындағы тұңғыш «Халық кеңесі» құрылтайы өткен Ақтөбе қаласының батыс жағындағы Жіңішке өзені бойында «Халық кеңесі» ескерткіш-белгісі ашылды. qamshy.kz
Ұлы даланың ұлы есімі
«Түркі әлемінің генезисі» арнайы жобасы аясында «Ер Едіге – Ноғайлы дәуірінің жыры» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы ұйымдастырылып, 500 данамен жарыққа шыққан жыр альбомының тұсаукесер рәсімі өтті. Жыршылар бір күн бойы сахнадан Едіге жырын жырлады. Жыр жинаққа «Едіге батыр эпосы», «Қырымның қырық батыры», «Қарасай-Қази», т.б. жалпы саны 40-тан астам жырлар енгізілген. Музыкалық альбом 10 дыбыстық жазба дискіден тұрады, онда 60 сағаттық жыр жазылған. Мұндай фольклорлық жоба Алтын орданың 750 жылдығына арналып, республикада алғашқы рет Ақтөбеде жүзеге асырылды. qamshy.kz
С.Бәйішев университетімен бірлесе «Едіге батыр» эпосының 600 жылдығына орай «Едіге батыр» эпосы және ұлттық руханият» атты халықаралық конференциясы ұйымдастырылып, Ақтөбе қаласында «Ер Едіге» қоғамдық қорының демеушілігімен Едіге батырға ескерткіш орнатылды.
Киелі Қазақстан
«Киелі жерлер географиясы» арнайы жобасы аясында облыстағы тарихи және мәдени ескерткіштерге археологиялық зерттеулер жүргізілді. qamshy.kz
Шалқар ауданының Мұғалжар тау сілемдері, Шошқакөл қырқасы мен Шағырай жоны, Үстірт (Доңызтау) және Ұлы Борсық құмы аумағы зерттелді. Анықталған ескерткіштердің негізгі басым бөлігі тас ғасырының тұрақтары мен қола дәуірі, ерте темір ғасыры және орта ғасырларға қатысты қорғандар.
Ойыл ауданының Шөптікөл-І қорымындағы 38 жерлеу-ғұрыптық нысандарынан табылған заттай жәдігерлер мен жерлеу дәстүріне қарап б.з ІІ-ІV ғасырларға тән екені анықталды.
Ырғыз ауданындағы Шеңбертал-І қорымы энеолит және қола дәуірінің тұрақтары мен қорым түрін бейнелейді. Бейіт құрылысы мен ішіндегі заттар сараптамасы бойынша қорымды б.з.б. ІІ мыңжылдыққа жатқызуға болады.

Бүгінгі ақпараттар ағымы заманында зерттелген ескерткіштерді таныту, ұрпаққа жеткізу мақсатында QR-кодтар орнатылды. Ескерткіштерге келушілер QR кодтар арқылы арнайы мобильді қосымшадан ескерткіш туралы негізгі мәліметтерді, орналасқан жері, тарихы, тарихи орынмен байланысты аңыз-әңгімелермен таныса алады. Жоба аясында барлығы 97 ескерткішке, оның ішінде қала аумағындағы 39 ескерткішке, аудандардағы 58 ескерткішке бірегей және жекелеген QR-кодтар орнатылды. 2021 жылы облыс бойынша 50 ескерткішке QR-код орнату жоспарланып отыр.

Өңірдегі туристік объектілердің картасы жасалып, барлық аудандарға туристік сапарлар ұйымдастырылды.
Туристтер агротуризм бойынша ұлттық тағамдар (қымыз, қаймақ, балқаймақ, сарымай және т. б.) дайындау үдерісі, «Барқын» шөл құмдары, Жібек жолының (Көкжар жәрмеңкесі, көпес үйлері) тарихы, Батыс Қазақстандағы жалғыз марал шаруашылығымен танысты.
Сонымен қатар геологиялық нысандардың халықаралық тізіміне енгізілген «Айдарлыаша» геологиялық қимасы, «Жаманшың» кратері, «Есет Дәрібай» мемориалдық кешені, «Хан моласы» мемориалдық кешені, «Ақтолағай» үстірті, «Ақбота-Сәңкібай» борлы таулары, «Хазрет мешіті», «Досжан Ишан» мемориалдық кешені, «Төлеубұлақ» үңгірі туристік бағытқа алынған.

#Бізбіргеміз
2020 жыл - «Волонтер жылы» аясында «Біргеміз» ұлттық жобасының 7 бағыты («Білім», «Сабақтастық», «Саулық», «Таза Әлем», «Асыл Мұра», «Қамқор», «Үміт») бойынша жұмыстар аса қарқынмен жүзеге асырылды. Жыл басында құрамында 1000-ға жуық волонтерлары бар 35 топ қызмет етсе, қазіргі таңда 2000-нан астам волонтерлары бар 94 волонтерлық топ бар. qamshy.kz
«Ақтөбе қайырымды жандар», «Нұр-Шапағат», «Д.А.Р.» және «Жүректен жүрекке» волонтерлық топтары жүйелі түрде мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау, жалғыз басты қарттар, мұқтаж жандар мен жетімдер, аналар үйлеріне материалдық, рухани, қоғамдық көмектер көрсетіп отырса, «Мейірім» волонтерлық тобы және «Қызыл жарты ай» қоғамының волонтерлары «Репродуктивті денсаулық», «Алғашқы медициналық көмек» бағыттарында қызмет атқарып, кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдер арасында құқық бұзушылық пен зорлық зомбылықтың алдын алу мақсатында «Жас сақшы» тобы жұмыс жүргізді.
Төтенше жағдай режимі кезінде волонтерлармен #Бізбіргеміз акциясы аясында барлығы 374 шара ұйымдастырылып, 21 019 көмек көрсетілді, оның ішінде 4356 отбасы азық-түлікпен қамтамасыз етілді, 16 494 адамға медициналық маскалар таратылды. Сонымен қатар, волонтерлармен үй жағдайында ем қабылдайтын ардагерлер, қарттар тұратын 169 үйге жергілікті емханалардан дәрі-дәрмектер жеткізілді.
Төтенше жағдай және карантиндік режим кезеңдерінде қоғамдық жұмыстарға тартылған волонтерлар марапаттауға ұсынылып, бүгінгі таңда 40 волонтер Елбасының, ҚР Президентінің, облыс әкімінің және ҚР IIМ-нің алғыс хаттарымен, «Халық алғысы» медалімен марапатталды.
Университет жобалары
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті 2020-2021 жылғы оқу жылынан бастап бірінші курс студенттеріне «Ұлттық руханият» элективті курсы енгізілді.
«Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасы аясында «Ақтөбе ақтаңгерлері» ғылыми-танымдық жобасы шеңберінде тарихи тұлғалар туралы зерттеулер жүргізіліп, архив құжаттары зерделенуде. Нәтижесінде ғылыми жинақ жарық көріп, қысқаметражды тарихи-танымдық фильм әзірленуде.
«Туған жер» жобасы бойынша меценаттардың қолдауымен «Жұбановқа жомарттық» акциясы аясында Ә.Молдағұлова, А.Жұбанов, Б.Тәжібаев, Е.Ділмұханбетов, Т.Айбергенов, Үмбетбай Уайдин атындағы оқу және атаулы кабинеттер ашылды.
Университеттің 85 жылдығына «85 жылдыққа – 85 кітап» акциясы ұйымдастырылып, профессор-оқытушы құрамы өз еңбектерін кітапхана қорына сыйға тартты. Аталған шара аясында «Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетіне 85 жыл» мерейтойлық энциклопедия, «Жұбанов кітапханасының 100 кітабы» жобасы сериясы бойынша профессор-оқытушы құрамының ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесі ретінде 17 монография баспадан шығарылып, жалпы саны 38-ге жетті.
«Жаңғырған сана – жаңа серпін»
Елбасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының 3 жылдығына орай «Жаңғырған сана – жаңа серпін» кітап-жинағы шығарылып, кітап-жинаққа зиялы қауым өкілдерінің, қоғам қайраткерлерінің ой-толғамдары мен Ақтөбе облысы аудандарының, облыстық салалық басқармалар және жоғары оқу орындарының қоғамдық сананы жаңғырту жолында атқарылған жұмыстары туралы материалдар жинақталған.
Кітап-жинақ мамандарға, өлкетанушыларға, оқытушылар мен студенттерге, жалпы туған өлкенің өркендеуіне үлес қосамын деген барлық оқырманға арналды. qamshy.kz

Жүзеге асырылған жобалар мен атқарылған жұмыстарды қорытындылап, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын ілгерілетуге бағдарланған жаңа мақсат-міндеттерді саралай келе 147 тармақтан тұратын 2021 жылға арналған іс-шаралар жоспары жасақталды. Оған облыстық салалық басқармалар, жоғары оқу орындары мен Ақтөбе қаласы, 12 аудан әкімдіктері ұсынған іс-шаралар мен жобалар енгізілді.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің IV отырысында берген тапсырмасына сәйкес, ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойын формальды шаралар мен науқаншылдыққа жол бермеу мақсатында 2021 жылы «30 жыл – 30 нақты іс» жобасын жүзеге асыру қолға алынып отыр. Аталған жоба аясында облыстағы әлеуметтік, идеологиялық және экономикалық салалар бойынша 30 нақты, әрі мазмұнды жобалар жоспарлануда.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір