• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

03 Желтоқсан, 22:16:52
Алматы
+7°

24 Мамыр, 2012 NEWS

Көшті тоқтатқан – халық санағы(соңы)

Көркем: Отбасы бала-шағаңыз туралы айтыңызшы?

Көркем: Отбасы бала-шағаңыз туралы айтыңызшы?

Ың-шыңсыз, тату-тәтті, береке-бірлікпен өмір сүргенді қалайтын бар қазаққа тән қарапайым отбасын құрып, түтін түтетіп отырған жайымыз бар. Жұбайым Сандуғаш мектепте мұғалім. Үйге қонақ шақырғанды, ағайын-туыспен араласқанды ұнататын жан. Алыс ауылдағы туған-туыстың қала жағалаған ұл-қызы алдымен біздің үйге келіп түседі. Біздің үйде жатып оқиды. Олардың еркін-жүріп тұруы менің жазуым мен оқуыма кейде көлденең тиіп жатса да үйреніп болдым. Әйелдің есігін тарс жауып, қабағын қарс жауып отырғанынан гөрі ашықтығы дұрыс екен. Мойындадық. Ғалымжан дейтін баламыз Абай мен Махамбетті жатқа оқиды. Дәрігер мамандығын таңдады. «Адамның жаны мен тәнін қатар емдеу керек, ол емнің аты – өлең-жыр» деп өзінше жаңалық бастап жүр. Тоғжаным тілге бейім. Көркем гиманстика мен суға жүзуден «алдына жан салмай» тұр. Дариғамыз өз сыныбында топ басшы. Үздік оқиды. Музыкаға әуес.  Жалпы балалардың бетінен қақпағанды қалаймын. Мен адам мамандықты емес, мамандық адамды таңдайды деп білемін. Мамандықтың таңдауымен маман болған адам ғана өз  кәсібінің шыңына жете алады. Сөз жоқ, бұл ретте ата-ана, ұстаздар қауымы бала бойындағы қабілетпен жұмыс істей білу керек.

Құмар: өзгелер не ойлайтынын білмеймін, мен үшін қазақ баспасөзінде сіздердің сайт № 1! Табыс тілеймін. айтар тілегім: қазақ көшінің босаған арқанын қайта тарту мәселесіне билік пен халықтың назарын аудартып отыруға күш салсаңыздар екен?

Қазақ Аруана сияқты, жылқы сияқты ел – қайда жүрседе ауздығын қарш шайнап немесе мойнын бұрып тастап туған жеріне тартып отырады. 1847 жылғы Шәуешек келісімінен кейін өз жерінде отырсада Атажұртынан бөлініп  қалған қазақтың «кір жуып кіндік кескен жұртым осы еді» деп «омала» бермей тәуелсіз Қазақстанына үдере көшкенінің өзі қандай! Бұндай сезім өзге ұлттың бойынан табыла бермейді.  Бір жағынан «келші-кел» деп, түп отаны құшағын жайып отырмаған соң да іштерінен тынатын шығар. Ал, Қазақстан - қиыр жайлап шет қонған туысын еліне шақырып жатқан төрт мемлекеттің бірі. Қазақ көші 2015 жылға дейін бұйдасын түре тұратын болды. Бұл деген «бұдан былай шеттен қазақты көшіріп алмаймыз» деген сөз емес. Көштің екі толқыны өтті. Қателіктер болды. Енді өткенді қортындылай отырып көш мәселесін қайтадан қолға алатын боламыз. Қазақтың ендігі көші иен қалып жатқан Солтүстік аймаққа, шығысқа қоныстанғаны жөн. Сол қоныстандырудың қаржы-қаражаты қара бақырына дейін есептеліп жобасы жасалуы керек. Үш жыл деген әне-міне дегенше жетіп келеді. Бір жағынан көшіп келетін қазақтың да өз ішінен дайындығын күшейткенін қалаймыз. Қазақстан мұнайға, уранға бай болғанымен шекесі шылқып жатқан ел емес. Баспана, жұмыс орындары жетіспейді. Бизнес бастап, мал табу да оңайға түспейді. Қағазбасты жүмриятпыз. Моңғолия мен Ресейден қазақты көшіріп алу оңайырақ болғанымен Қытай Халық Респуликасының  көші-қон заңынан хабарсызбыз. Елшілігіміз дұрыс жұмыс істей алмайды. Бірақ осының біріне қарамастан ат басын Атжұртқа бұрған қазақ пейілінен айнымасын. Жиырмасыншы ғасыр көші-қон ғасыры болады. Миграция тасқыны тұтас дүниені шарпитын болды. Оған экология, кейбір елдердегі әлеуметтік қиыншылықтар мен жан санының қисапсыз өсуі себеп болады. Жаһандық миграция тасқынынан қалып қоймай қазақтың да қамдана бергені дұрыс. Қазақ қамданғанда қайда бет алуы керек? Әрине, Атажұртына, бабақонысына.  Біз сол үшін қоғамдық пікірге қалайда ықпал етіп, Үкіметіміздің «мазасын» алып отырамыз. Уәдеміз – уәде.

Үміт: Айтыңызшы қоғамдық-саяси тақырыпты қозғайтын сайт бизнес бола ала ма?

Жоқ, әзірше бола алмайды. Ол үшін бізде ұлттық-буржуазиялық тап қалыптасып, жұмыс істеуі керек.

Қазығұрт: Ассалаумағалейкум! Меніңше қазақ рухани жақта біртұтас болуға күш салу керек! Осы тұтастыққа кедергі болып тұрған жазудың ұқсамастығы екені айқын, сонда қазақ ортақ жазуға көшуі керек пе? Ата жұрттағы қазақтар крилицадан, қытай қазақтары төте жазудан мына информациялық дәуірде тапқан пайдасы белгілі. осы туралы сіздің ойыңыз? !

Бұл сұраққа қатысты ойымды конференцияның бас жағында айттым ғой деймін. Қарарсыз.

Қыран: Қазақ көшінің тоқтауына не себеп болды деп ойлайсыз? Қазақ елі өз қандастарынан гөрі басқаларға бүйрегі бұрылғандай сезіледі бізге!? Ерулік алып шыққанды қойды, азаматтық алу үлкен әуре, виза аштыруда қазақ елі шенеуліктері құнықсыз дейді!

Қазақ көшінің әзірге тоқтап қалуына көптеген себептер бар. Соның бірі 2009 жылғы халық санағының нәтижесі деп ойлаймын. Сол санақтың алғашқы қортындысы бойынша, қазақ 70 пайызға жетіп жығылды. Бұндай өсім біздің билікке ұнамай қалған сияқты. Өйткені халқының алпыс пайыздан астамы бір ұлттан тұратын мемлекет болса, ол көп ұлтты мемлекет болудан қалады. Ал, біздің билік баяғыдан бері «көпұлтты Қазақстан» дегенді дәріптеп келеді. Қазақтың басым ұлтқа айналуы көпұлттылыққа көлеңкесін түсіруі әбден мүмкін екен. Бар-жоғы 16 млн халықтың санына жетпей қортындының бір жылдан соң жария болуы да біздің осы болжамымызды дұрысқа шығара түседі. Меніңше бұрынғы статистика жөнідегі агентіктің төрайымы Мешімбаевның қаражатты жымқырып қоюы күмәнді, оның сыртқа «қашып» кетуіне себеп – жоғары жақтың батасын алмай тұрып алдын-ала қазақтың 70 пайызға жетіп қойғанын жариялап жіберуі болса керек.

Жасыра алмаймыз, сіз айтып отырған әуре  бізде шаш етектен. Бірақ солай екен деп қазақ қорықпасын, көшіп келуге ниет еткен бетінен қайтпасын. Бұл билік - қандай болғанда да біздің билік. Билік пен жүйенің қателігін түзеуге біздің ерік-жігеріміз жетіп-артылады деп ойлаймын.

Басқаларға бүйрегі бұратын «адамзаттық деңгейдегі» қазақтар жоқ емес, бар. Бірақ олардың сөзі қазір құнды емес.

Арқа төрінен: Дауке «Жас Қазақтан» не үшін кетіп қалдыңыз? Бүгінде ол газетте Даурен Қуат, Қасым Аманжолдар жүрген тұстағы бейнесі жоқ! Бейтараптықты ұмытып, аз уақыт ішінде билікшіл болып шыға келді! 

«Жас Қазақтан» мен Кәрім Мәсімовтың блоггерлігін сынға алған қолайсыздау бір коллаж жариялағаным үшін кеттім. Ақындығы кемел бір әпкемнің менің редакторлығыма «көңілі толмай» салақұлаш арыз жазғаны үшін кеттім. «Жас Қазақтан» мен жұрт іздеп оқитын газет жасауға барымды салғаным үшін кеттім. Менің кеткенімді күндіз-түні тілеген тырнақшаның ішіндегі достарымның мейманасын тасту үшін кеттім. Өйткені оларға жаным ашыды. Мен енді бір-екі жыл «Жас Қазақты» басқарғанда олардың күйі кетіп-ақ қалтын еді. Солардың бірі  ине шаншытып, емделетінді шығарыпты деп естідім. Сөйтіп, меркантильді сананың саруайымымен жүретін жұрттың бәрін «қырып салмай» тұрғанда «Жас Қазақтың» албарынан «Абай» ауылына көшіп алғанды жөн көрдім.

Өр Алтай: Ассалаумағалайкум! Дәурен аға…! Мен де Қытайдағы оралман бауырыңыздың бірі, Ата жұртқа барсақ па дейміз, Ата жұрттағы жергілікті тұрғындар «оралман» деп бізге мүрін шүйріп, қотыр ешкі көргендей болатынын әлі күнге қойған жоқ, сізше сырттан барған оралмандардың сапасы шынында төмен бе?

Бауырым, қайтесің, санасы қортық жандарға ренжігеннен ештеңе ұтпайсың. Айта берсін, жусай берсін. Ұсақ-түйектің бәрін көңілге ала берсек ұсақтала береміз.

Дархан: Дәурен көке, ассалаумағалейкум! Кезінде тәп-тәуір проза жазып жүрген сияқты едіңіз. Жазушылықты қойып кеттіңіз бе? Әлде алдағы уақытта прозалық кітап шығаратын ойыңыз бар ма? Құпия болмаса қазір журналисттік саладан бөлек қандай тақырыптарда көркем дүние жазуға талпынудасыз? Екінші сауалым, Абай.кз-ті қалай қаржыландырып жатсыңыз? Қолдау бар ма? Мен де сайт немесе апталық газет ашсам деген ем, қолдау көрсете аласыз ба?

Мен жаза салып бояуы кеппеген дүниесін сорғалатқан күйі баспасөздің бетіне жапсыра қоюға әуес жазармандардың санатынан емеспін. Бірақ жазылған дүние жариялануы керек. Көркем дүние қолым жүріп тұрғанымен жалқаулығым бар. Оның үстіне баспана алып тұрақтағанша көшіп-қонумен жүрдік. Енді жазуға отырмасам маған серт. Дайын екі үш хиккая, әңгімелерім бар. «Жұлдыз» журналымен келісіп отырмын, жарияланады.

«Абай.кз» тек оқырман тарапынан ғана қолдау көріп келеді. «Осындай бір портал ашылыпты, өзге жұрттан қалмай біздің жігіттер де қимылдап жатқанға ұқсайды, қаражаттары бар ма екен?» дейтін қалталы қазақ табылмай тұр. Табылмаса табылмасын, оларды іздеп табанынан таусылып жүрген біз емеспіз. Жалпы сайт  газет, журналға қарағанда шығынды көп талап етпейді. Бұл – әрі үнемді, әрі ықпалды жаңа медиа. Газетіңді білмеймін, сайт ашамын десең қолымыздан келгенше көмектесуге әзірміз. Бірнеше қазақ сайтына осы уақытқа дейін көмегімізді көрсеткен болатынбыз. Білгенімізді тілектес бауырлардан несіне аяйық? Осы арада айта кететін бір сөз бар. Сайт деген бұл аз оқырманның қалтасына түсетін газет емес. Сол себептен де қазақ сайттары қазақ газеттерінің іштарлығын қайталамай бір-біріне жәрдемші, тілекші болғаны жөн. Өйткені, мысалы «Абай.кз» порталына сүйкенгеннен ешкім пайда таппайды. Мен порталымды мазмұнды етіп шығарып отырмын ба, жұрт менің «Абайымды» оқиды. «Қамшы» өзіне қамшы басып өрлей береді ме «Абаймен» қатар «Қамшыны» да ашып оқиды. Өйткені ғаламтордың аясы өте кең. Біз сол кеңдікке үйренуіміз керек.

Конференция қонағынан: Дарабоз, Жаңагүл, Сағыныш, Нұғай, Шөке, Сұлу дүние, Ұлыс, Көкжал, Бекетай, Ұлы қазақ, Тұлпар, ey hazah, Мүйіз, Шынар, Zevs, Алаш қызы, Ереке, бауырларым, уақыттың тығыздығымен көлденең жұмыстың көбеюінен сендер қойған  сауалдарға  толық жауап беріп, айтқан ойларыңды өз жанымнан тарата түсуге мүмкіндігім шектелді . Айыпқа бұйырмаңдар. Әйткенменде, біраз шер тарқатысып, арқа-жарқа болып қалған сияқтымыз. Әзірге осыны қанағат тұта тұрайық. Жаны сергек оқырман қауыммен жүздестірген «Қамшы» сайтына да осы ретте рахмет дей келіп, жолдарың даңғыл болсын, қанаттарың талмасын деген тілегімді білдіремін.

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір