16 Желтоқсан, 2020 Саясат
Фото: Qamshy.kz
2020 жылғы 16 желтоқсанда Алматы қаласы Тәуелсіздік монументінің және Желтоқсан құрбандарына арналған ескерткіштің алдында үш жүзге тарта адам жиналды. Алаңға келгендер 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі мен 2011 жылға Жаңаөзендегі мұнайшылар наразылығы құрбандарын еске алып, артынша наразылық акциясын өткізді.
Жиналғандар алдымен құрбандарға құран бағыштап, гүл шоқтарын қойды. Артынша кезек-кезек сөз сөз алып, талаптарын жеткізді. Тіркелмеген "Демократиялық партия" жетекшісі Жанболат Мамай "бүгін той тойлайтын күн емес, қасіретті күн" екенін айтты.
– Желтоқсан мен Жаңаөзен боздақтарын еске алуға келгендеріңізге рақмет. Тәуелсіздік қанмен келген. Тәуелсіздік аспаннан салбырап түскен жоқ, оны Назарбаев алып келген жоқ. Ол керісінше тәуелсіздікті жарияламай қашып жүрді. Қазақстанды ең соңғы мемлекет етіп мойындатты. Осы жерде желтоқсаншы аға-әпкелеріміз бар, бәріне рақмет. Бірақ сол желтоқсаншылардың арасында биліктің сойылын соғып жүргендер де бар, –деді Мамай.
Алаңда "Демпартиямен" қатар өздерін "желтоқсаншылармыз" деп таныстырғандар және "Oyan Qazaqstan" қозғалысының белсенділері де болды. Қолдарына ту алып шыққандарды арнайы жасақ қоршап тұрды.
Жиналғандар "ВЫВОРЫ 2021", "Қазір болмаса қашан?", "1986 Ұмытылмас 2011", "Тағы қанша ұрпақ жүйе құрбаны болады?", "Нұрсұлтан, Отанымды жеме" секілді ұрандар жазылған плакат ұстап шықты.
Тәуелсіздік алаңына жиналғандарға құзырлы орган өкілдері акцияның "рұқсат етілмегенін" ескертіп тарауларын сұрады. Жиналған топ рұқсат сұрамайтынын, тек ескертетінін мәлімдеді. Арнайы жасақ 300-ге тарта адамның ешқайсысын ұстамады. Сағат 15:00-ден кейін жиналған топ тарай бастады.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір