10 Желтоқсан, 2020 NEWS
Фото: «Nur Otan» партиясының баспасөз қызметі
«Nur Otan» партиясының Орталық аппаратында бейнеконференция байланысы режимінде Республикалық сайлауалды штабтың бірінші отырысы өтті. Штаб құрамына қоғамдық пікір көшбасшылары, партия белсенділері мен партиялық тізімге енген кандидаттар қатарынан 400-ден астам адам кірді.
«Nur Otan» партиясының Республикалық сайлауалды штабының басшысы Бауыржан Байбек атап өткендей, 216 өңірлік сайлауалды штаб жұмысына еліміздің 7 мыңдай белгілі де беделді азаматтары жұмылдырылған. Бұлардың қатарында праймериз жеңімпаздары, қоғам қайраткерлері, қызметтегі депуттар және басқалар бар. Олардың әрқайсысына арнап жеке үгіт-насихат жоспары және сайлаушылармен кездесу кестесі әзірленген.
«Елбасы, партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаев тапсырғандай, үгіт-насихат науқаны аясында біз сайлаушыларды 100% қамтуға тиіспіз. Бұл үшін барша партияластар, әсіресе, кандидаттар сайлау науқанына белсене атсалысуы керек. Пандемияны ескере отырып, қарқынды да нақтыланған жұмыс жүргізу маңызды. Біз бұқаралық іс-шаралардан нақты бағдарланған жиындарға көшеміз. Нақты әлеуметтік топтар – зейнеткерлер, жұмысшылар, аграршылар, мұғалімдер және дәрігерлермен кездесеміз. Оларды толғандырған мәселелерді жан-жақты талқылап, сайлауалды бағдарламада көрсетілген мәселелердің нақты шешімін әрбір сайлаушыға қарапайым әрі түсінікті тілде жеткізу қажет. Шалғай ауылдарға дейін бару керек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыра отырып, біз көпшіліктің мәселесін тыңдап қана қоймай, оларды шешуіміз керек. Біз партия мен қоғам арасындағы кері байланысты нығайтып, азаматтардың талап-тілектерін жинауға тиіспіз. Үгіт-насихат науқанымыздың басты қағидасы – тұрғындармен тікелей және шынайы диалог орнатуға негізделеді», – деп атап көрсетті Бауыржан Байбек.
Сонымен, тек Республикалық сайлауалды штаб аясында ғана 35 қала мен 82 ауданда 300-ден астам іс-шара өткізіледі. Облыстарда, қалалар мен аудандарда барлық 6,4 мың кандидат сайлаушылармен кездеседі. Онлайн-технологияларды ескерсек, жалпы іс-шаралар кемінде 9 миллионнан астам қазақстандықты қамтиды.
«Жыл бойы біз өңірлерге барып, тұрғындармен кездестік, әлеуметтік зерттеулер жүргіздік, сарапшылармен кеңесіп отырдық. «Nur Otan»-ның қоғамдық қабылдау бөлмелеріне түскен барлық өтініштерге талдау жүргізілді. Праймериз барысында кандидаттарымыз азаматтардың 17 мыңнан астам өтінішін жинады. Солардың негізінде біз барлық әлеуметтік топтардың мүддесін қамтитын 250-ден астам нақты индикаторды анықтадық», – деп атап өтті Бауыржан Байбек.
Партия баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін nurotan2021.kz арнайы сайты іске қосылып, онда барлық сайлауалды бағдарлама мен партиялық тізімдер жарияланған.
«Бүкіл әлемде және елімізде пандемия жалғасуда. Оңай болады деп ешкім де уәде бере алмайды. Әйтсе де, біз әрқашан күш біріктіре отырып, кез келген дағдарысты еңсеріп келеміз. Біздің сайлау науқанының басты ұраны – Қиындықтарды еңсеріп, жеңіске бірге жетеміз! Бірлік пен ынтымақтың арқасында біз бір команда ретінде кез келген биікті бағындыра алатынымызға сенімдімін», – деп түйіндеді ол.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір