• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

21 Қараша, 21:46:59
Алматы
+12°

Қазақстанда жылына шамамен 2 млн тонна сүт тапшы.  Оны жою үшін сүтті-тауарлы фермалардың жаңа жобаларын іске асыру қажет, ал фермерлер мұны мемлекеттік даму институттарының несиелік қолдауынсыз және мемлекеттік субсидиясыз жасай алмайды. Мұндай пікірді Қазақстан фермерлері қауымдастығы басқарма төрағасының орынбасары Ермек Әбуов білдірді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».

Фермерлер қауымдастығы басшысының орынбасарының айтуы бойынша, елде жылына шамамен 6 млн тонна өндірілетін сүтке қарамастан сүт жетіспеушілігі сақталып отыр.

 

«Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметтері бойынша, жыл сайын 25 ірі сүт фермаларын салу жоспарланған.  Бұл өндіріс көлемін жылына 150 мың тоннаға дейін арттырады. Бірақ сүт жетіспеушілігі көлемі өсуде: себебі  халық саны көбейген сайын, сұраныс та бірге өсуде», – деді Әбуов.

 

Тапшылықты жеңу үшін, ол сүтті-тауарлы фермалар салу арқылы сүт өндірісін ұлғайту керек дейді. Бірақ мұны мемлекеттік қолдаусыз жүзеге асыру қиынға соғады.

 

«Сүт фермаларында көп шығынды қажет ететін үздіксіз жұмыс циклі жүреді. Қазіргі сүтті-тауарлы фермалар кем дегенде 400 ірі қара малдан бастап салынуда. Инвесторсыз, «ҚазАгро» тобының мемлекеттік даму институттарының көмегінсіз бизнес құру мүмкін емес. Жобалар миллиардтаған қаржыны талап етеді – мұндай ақша кімде бар?» – дейді спикер.

 

Ranking.kz мәліметтері бойынша, ауылшаруашылық индустриясына салынған инвестициялар соңғы 5 жылда жылына орта есеппен 26,8% өскен. Бұл орайда «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі АҚ еншілес ұйымы  «Аграрлық несиелік корпорациясы» АҚ маңызды рөл атқарады. Тек 2020 жылы «Аграрлық несиелік корпорация» жалпы құны 41,6 миллиард теңге тұратын 48 инвестициялық жобаны қаржыландырды. Оның 15-і құны 12,7 миллиард теңгеден астам қаржы сүтті-тауарлы фермаларына арналған.

Ермек Әбуов бұл жобалардың құйылған қаржыны ақтау мерзімі ұзақ, шамамен 7 жылдан басталатындығын атап өтті. Сондықтан, фермерлерге жыл сайынғы төлем ауыртпалыққа айналмас үшін төмен пайыздық мөлшермен несие алу керек. Аграрлық несиелік корпорациянда кейбір бағдарламалар бойынша  қарыз мөлшерлемесі жылына 1,5%-дан басталады.

Ірі қара мал өсірумен айналысатын шаруа қожалықтарын қаржылай қолдау нәтижесі – ішкі нарықты экспорттауға алып келеді.

Сүтті-тауарлы фермалар құрылысы ауылдағы өмірді жақсартуға көмектеседі. Абуовтың айтуынша, сүтті фермалар ауыл тұрғындарын жыл бойына жұмыспен қамтамасыз ете алады. Ірі қара малды сауып, тамақтандырып, күн сайын баптау үшін ауыл адамдары жылына 365 күн бойы жұмыс істейді.

«Жастар неге кетіп жатыр? Себебі жұмыс жоқ. Ірі қара малын өсірумен айналысатын шаруашылықтарда адамдар жыл бойына босамай, еңбектенеді. Халық елден кетпей, инфрақұрылым дамиды», – деп толықтырды бірлестік басшысының орынбасары.
"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір