19 Қараша, 2020 Әлеумет
Фото: akorda.kz
Қазақстан президенті бейнеконференция форматында өткен шетелдік инвесторлар кеңесінің жиынына қатысып, 2021 жылы күшіне енетін жаңа кодекс туралы айтты. Жиын барысында көтерілген бірқатар мәселелер akorda.kz сайтында жарияланды.
Бейнеконференцияда коронавирус пандемиясы кезінде Қазақстандағы экономикалық, инвестициялық белсенділікті қалпына келтіру, сондай-ақ елдің мұнай-газ секторының инвестициялық тартымдылығын арттыру және дамыту мәселелері егжей-тегжейлі қаралды. Мемлекет басшысының айтуынша, пандемия кезінде мемлекет бизнес пен халықты қолдау үшін бұрын-соңды болмаған кешенді шаралар қабылдаған. Бұл дағдарыстың жағымсыз салдарын азайтуға және экономиканың құлдырауының алдын алуға мүмкіндік берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар ұсыныс пен бастама көтерді. Соның бірі – экологиялық кодекс мәселесі.
Президент жиынға қатысып отырған шетелдік азаматтарға жаңа экологиялық кодекстің әзірленіп жатқаны туралы айтты. Аталған кодекс экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдердің озық тәсілдері негізінде дайындалған.
"Бұл технологияны енгізген кәсіпорындар эмиссия төлемінен босатылады. Мемлекет экологиялық шығындарды кәсіпорындармен бөлісетін мұндай тәжірибені кез келген ел қолдана бермейтінін атап өткім келеді. Шын мәнінде, бұл мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің ауқымды жобасы. Біз мұндай қадамға саналы түрде барып отырмыз. Осы орайда бизнес өкілдері келісімдегі өз міндеттемелерін толыққанды орындайды деп ойлаймыз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев отандық фармацевтика саласын дамытудың маңызды екенін айтты. Президент 2025 жылға қарай Қазақстан дәрі-дәрмек өндірісінің үлесін 50 пайызға дейін арттыруды көздеп отырғанын мәлімдеді. Сондай-ақ медициналық жабдықтар мен қосалқы материалдар өндірісін ұлғайту қажет. Бұл салалар инвестиция үшін ашық, мемлекет мұндай жобаларды толық қолдайтын болады.
Қасым-Жомарт Тоқаев болашақта Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған кен орындарын кеңейту сияқты ірі мұнай-газ жобаларын уақытылы аяқтаудың маңыздылығын атап өтті. Президент Қашаған кен орнын толық көлемде игеруге көшу керек екенін айтып, онда газ өңдеу зауытын салуды жедел іске асыруды тапсырды.
Президент мұнай-газ жобаларында қазақстандық мазмұнды арттыру қажеттігіне тоқталды. Оның айтуынша, бұл мәселеде саннан сапаға көшетін уақыт келді.
Мемлекет басшысы қоршаған ортаны қорғау мен көмір қышқылын аз пайдаланатын экономиканы дамытудың маңызды екенін атап өтті. 2021 жылы халықаралық стандарттарға сай жаңа экологиялық кодекс күшіне енеді. Мемлекет басшысы қызығушылық танытқан қатысушыларды аталған ауқымды саяси құжатқа өз үлестерін қосуға шақырды.
"Үкімет бүгінгі жиында айтылған барлық проблемаларды шешумен айналысатын болады. Шешім қабылдау барысында бізге серпіліс қажет деп ойлаймын. Ел президенті ретінде шешім қабылдау процесін және біздің ірі серіктестерімізбен, достарымызбен арадағы іс-қимылдың даму барысын жіті қадағалайтын боламын", – деді мемлекет басшысы.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір