18 Қараша, 2020 Әлеумет
Жапон газетінде жарияланған мақала
Жуырда жапон тілінде жазатын журналист Шарафат Жылқыбаева әлеуметтік желідегі парақшасына өзінің балалық шағынан сыр шертетін "Сәуле" деп аталатын әңгіме жариялаған. Шын жүректен шыққан көркем шығарма оқырмандардың сұрауы бойынша Токиода шығатын "Нихонтоюрашя" газетінің №1520, №1521 сандарына да басылды. Әңгімеде қазақ ауылындағы көпбалалы ананың болмысы бейнеленген.
Автор шығармасында бес жасқа дейін Жетісудағы Жамбыл ауылында әжесінің қолында болғанын, ол дүниеден озған соң біраз уақыт мейірбан жан Сәуленің үйінде өткізгенін тілге тиек ете отырып, қазақи тіршілікті жапон оқырмандарға қызықты етіп жеткізген.
"Сәуленің жеті баласы бар еді, мен барған соң тағы бір ұл дүниеге келді. Мен Сәуленің тоғызыншы баласы сияқты едім" дей келе, "дәу қазанға сүт пісіргенде қаймағын өз балаларына емес, алдымен маған беретін" деп, қазақ анасының кеңпейілдігі мен шексіз мейірімділігін суреттеген.
Әңгіменің соңында автор көп жыл өткенде Сәулені іздеп ауылға барғанын жазады. "Келдің бе?" дейді Сәуле. "Төрлет! Мынау газға піскен нан, қазір баяғының көмбе наны жоқ қой. Келіндер пісірмейді. Жалқау ғой қазіргі келіндер..." дейді Сәуле.
Шығармада балғын балалық шаққа деген сағыныш сезіледі.
Әңгімеге арқау болған Сәуле Кемелова – Алтын алқа иегері, Алматы облысында тұрады. Жапон газетінің ұжымы қызығушылық танытып, асыл ананың суретін де алдырып, жариялап отыр.
Осы әңгіме жарияланған соң редакцияға оқырмандардан "жан тебірентерлік әсерлі шығарма екен", "Қазақстанды кеңінен насихаттап жүрген Шарафат Жылқыбаеваның балалық шағы туралы көбірек білгіміз келеді" деген ыстық ықыласты хаттар келіп түскен.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір