• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 01:12:12
+12°

11 қарашаға қараған түні азаматтық белсенді Дулат Ағаділдің ұлы Жанболат Ағаділдің пышақ жарақатын алып, мерт болғаны хабарланған еді. Осы оқиғадан кейін әлеуметтік желіде Өміржан Рахмет есімді жігіттің "Жанболат Ағаділді абайсызда пышақтадым" деген видеосы тарады. Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаменті аталған видеоға байланысты пікір білдірмеді. Күдікті ретінде ұсталған 1999 жылғы Өміржан Рахмет әлі күнге қамауда. Оны жақындарымен, адвокатпен сөйлестірмейді. Қамшы тілшісімен телефон арқылы әңгімелескен күдіктінің анасы, І топтағы мүгедек Инабат Абдиева баласының кінәсі жоқ екенін, оған әлдекімдер жала жауып отырғанын, төбелес күні көңілге күдік ұялататын кейбір жайттар болғанын айтты.

Күдікті Өміржан Рахмет әскерден келген соң 2020 жылдың сәуір айында жұмыс істеу үшін Жамбыл облысы Құлан ауданынан Нұр-Сұлтан қаласына келген. Қыркүйек айында қарындасы елордаға оқуға түсіп, анасы екеуін көшіріп әкеліп, барлығы бірге пәтер жалдап тұрған. Инабат Абдиева оқиға болған күні ауруханаға қаралу үшін Таразда жүрген. Жағдайды естіп, дереу астанаға келгенімен, баласын әлі көрмеген.

Инабат Абдиеваның сөзінше, Өміржан Рахметті 11 қарашада үйде отырған жерінен Азамат есімді танысы шақырып алған.

– Балам сол күні қызым екеуі үйде отырған. Қызымның айтуынша, түнде Азамат деген танысы хабарласып, "братан, келіп алып кетші" депті. Өміржан шақырған жерге өзінің Mersedes көлігімен барып, жаңағы баланы алып кеткен. Артынша екеуі де ұсталып, Жанболат Ағаділдің қайтыс болғанын білген. Баламның машинасы төбелес орнында болмапты. Ал полицейлер оны төбелеске қатысты деп отыр. Ал балам ол уақытта whatsapp арқылы құрбысымен сөйлесіп, фото жіберіп отырған. Яғни төбелес болған жерде болмаған. Тек жолдасын алып кетуге ғана келген, – дейді ол.

Мүгедек ананың айтуынша, Азамат есімді бала Өміржанға жала жауып отыр.

– Мен қазір бәрінен сұрастырып жатырмын. Күдікті ретінде ұсталғандар арасында бәрінің қолы бос болып, тек менің баламды ғана екі бүктеп алып кеткен. Полицияға жеткізілген соң оқиғаның мән-жайын жазғанда әлгі Азамат деген бала бар кінәні Өміржанға артып, "Өміржан пышақтады" деп жазып, "подставить" етіп отыр. Ол баланың (Азамат – ред.) осы күнге дейін полицияға бірнеше рет түскенін кейін білдік, – дейді Инабат Абдиева.

Күдіктінің анасы тергеуде түсініксіз жайттар бар екенін атап өтті.

– Тергеу жүріп жатыр дейді. Егер тергеу аяқталмаған болса, баламның видеосын неге шығарды? Полициядан сұрасам, "біз шығарған жоқпыз, өздері шығарған шығар" дейді. Осындай жауап бола ма? Оның үстіне төбелес болған жерде бейнебақылау камералары бар. Бірақ камера дәл сол күні істемей қалады да, ертесі күні істеп кетеді. Бұл қалай? Төбелес болған орынға жақын жерде күзетші болыпты. Енді соны қазір таппай жүр екен. Баламды маған да, адвокатқа да көрсетпей отыр. Өміржанның бұл істе еш кінәсі жоқ екеніне сенімдімін. Баламды Азамат деген бала "подставить" етіп отыр. Мен Азамат деген бала тергеу абақтысында Tik-Tok түсіріп жүр дегенді естідім. Ол "условно" алып шығып кетем деп емін-еркін жүрген көрінеді, – деген Рахмет Өміржанның анасы полиция бөліміне бүгін де барып, баласымен жүздесе алмаған.

Инабат Абдиева енді не шара жасарын білмейді.

Бек Байтас

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір