16 Қараша, 2020 NEWS
Фото: azh.kz
Атырауда жаппай төбелес кезінде қайтыс болған грэпплингтен Азия чемпионы Есенбек Сиғуатовтың туыстары тергеу амалдарының баяу жүріп жатқанына алаңдаулы. Бұл туралы azh.kz сайты хабарлады.
Туыстарының айтуынша, оқиғаға су полициясы екі қызметкерінің қатысы бар. Алайда полиция департаменті полицейлердің бұл қылмысқа қатысы жоғын мәлімдеген.
Бұған дейін грэпплингтен Азия чемпионы атыраулық Есенбек Сиғуатов жүрегінен оқ жарақатын алып, оқиға орнында жан тапсырғаны хабарланған. Оқиға 9 тамызға қараған түні қала маңындағы Дамба мен Құрманғазы ауылдарының маңында болған.
– Менің ұлым қайтыс болғанына 3 ай өтті. Бірақ тергеу өте баяу жүріп жатыр. Бұл іс бойынша екі адам қамауға алынды. Біреуі менің ұлыма оқ атқан, екіншісі қақтығыс болған жерге қару алып келді. Алайда бұл төбелесті ұйымдастырған 17 жастағы жігіт бостандықта жүр. Неліктен? Мен бұл іс бойынша ішкі істер министрлігіне хабарласамын, – деді марқұмның әкесі Тоқсанбай Оразғали.
Тоқсанбай Оразғалидың айтуынша, ұлдарының өліміне күдікті екі полицей де суда жұмыс істеген.
– Біздің ауылдың балалары көрші Құрманғазы ауылының дүкеніне барғанда, ауыл балалары оларды ұрып-соққан. Балалар біздің ұлымызға және басқа балаларға шағымданған. Есенбек солармен бірге Құрманғазыға да барған. Олар төбелесуді қаламаған, шудың не себептен басталғанын анықтамақ болған. Бірақ олар Есенбектің жүрегіне оқ атқан. Мен сол түні намаз оқуға дайындалып жатқанымда, үйге Есенбектің достары келді. "Есенбекке оқ атылды, біз одан айырылып қалдық" деді. Бар үмітіміз болған баламыз еді ғой. Сене алмадық... – дейді ол.
"Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Сараптамалардың нәтижелері күтілуде, қорытындысы бойынша қылмыстық іс сотқа жіберіледі" деп жауап берген полиция департаменті редакция сауалына.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір