12 Қараша, 2020 Әлеумет
Фото: ашық дереккөз
2021 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстандағы білім беру ұйымдарының барлығы "Цифрлық бухгалтерия мен қаржы" жүйесіне көшуді бастайды. Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов
парақшасында мәлімдеді. Министрдің айтуынша, жаңа жүйені енгізудегі мақсат – көпшілік үшін білім саласындағы қаржыландырудың ашықтығын және тиімділігін бақылауды қамтамасыз ету. Енді мектептің бюджетіне, оның әрбір жұмсаған теңгесіне қатысты ақпаратқа білім және ғылым министрлігі, басқа құзырлы мемлекеттік органдар, азаматтық қоғам өкілдері қол жеткізе алады.
Бүгінде білім беру саласын қаржыландыру жылдан жылға артып келеді. Сондықтан Аймағамбетов сол бөлінген қаражатты тиімді пайдалану маңыздырақ екенін атап өтті.
– Көпшілік мектептерді, балабақшалар мен колледждерді білім және ғылым министрлігі республикалық бюджет есебінен қаржыландырады деп есептейді. Одан бөлек жалақының уақытылы және дұрыс есептелуі, оқулықтарды сатып алу немесе білім беру ұйымдарындағы жөндеу жұмыстарын да министрліктің өзі тікелей жүргізеді деп ойлайды. Бірақ іс жүзінде олай емес. Заңға сәйкес бұл жұмыс әкімдіктердің құзырында.
Елімізде білім беруді басқару органдарының саны 200-ден асады, яғни, қаржыландыру да сол қалалар, аудандар мен облыстардың бюджетінен өтеді. Әкімшілендіру деңгейі әртүрлі әрі көп болған соң оларды қадағалап отыру өте қиын.
Сондықтан тіпті облыстық білім басқармаларының өзі көп жағдайда жалақыны уақытылы төлеуге, оқулықтарды сатып алуға немесе мектеп, колледждерді жөндеу жұмыстарына қатысты проблемаларды бұқаралық ақпарат құралдарына шыққанда немесе шағымдар келіп түскенде біліп отырады. Бұл мүлдем дұрыс емес, – деді министр.
Ата-аналар мен мұғалімдерге олқылықтардың болмағаны маңызды. Сол үшін министр қаржыландыру жүйесін цифрландыру бойынша бастаманы қолға алғанын алға тартты. Аталған жоба жалақыны дұрыс есептемеу, қаржылық бұзушылықтар, жоспарлау, қаржыландыру кезіндегі проблемаларды шешуге және білім беру мекемелерінің қаржылық жағдайына жедел мониторинг жүргізуге жақсы мүмкіндік береді.
– Бухгалтериямен қоса бюджетті жоспарлау, мемлекеттік сатып алу, тарификациялау, жұмысқа алу процестері де автоматтандырылады. Бұл – білім саласына бағытталған қаржыны ашық әрі тиімді пайдалануды қоғам болып қадағалауға бағытталған тағы бір қадам, – деді Асхат Аймағамбетов.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір