• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 09:55:29
Алматы
+12°

Фото: Жанболат Ағаділдің facebook парақшасынан

Бүгін қайтыс болған азаматтық белсенді Дулат Ағаділдің ұлы Жанболат Ағаділ әлдекімдердің шақыруымен 10 қараша күні кешкі 10-дар шамасында Нұр-Сұлтан қаласына Ақмола облысы Талапкер ауылындағы үйінен шығып кеткен. Бұл туралы Жанболат Ағаділдің нағашы атасы Жақсыбай Қасымханұлы айтты.

– Біз үйде отырғанда 9 жарымдарда Жанболатқа біреулер "звондап", Жанболат "қазір барам" деп жатты. Кім хабарласты дегенімізде, "дос балалар ғой" деді. Артынша біз жақындарымыздың үйіне қонаққа кеттік. Жанболат үйде қалған. Ұзамай шығып кеткен болып тұр ғой. Біз қайтып келгенде Жанболат үйде болмады. Әжесі (Гүлбаршын Жармұхамбетова – ред.) хабарласып көріп еді, телефоны сөндірулі екен. Бала ғой, жолдастарымен жүрген шығар деп жатып қалдық. Ертеңгісін қаралы хабарды естідік, – дейді Жанболаттың нағашы атасы.

Жанболаттың жақындарының айтуынша, төбелеске қатысты делінген балалар қазір қамауда. Олар 15 шақты адамның ұсталғанын естіген.

Төбелестің неден шыққаны, Жанболатты кім пышақтағаны, тергеу барысы туралы әзірге ештеңе білмейтіндерін жеткізді.

Тек Дулат Ағаділдің інісі Таңат Жалмағамбетовке Жанболаттың мәйітін көруге рұхсат берілген. Таңат Жалмағамбетов Жанболаттың денесінен пышақ жарақатының іздерін көргенін айтты.

– Үшінші және төртінші қабырғалардың арасынан сұғылған пышақ ізін байқадым. Пышақты үш рет тыққанға ұқсайды. Денесінде өзге жарақат іздері білінбейді, – деген ол түндегі оқиғадан хабары жоқ екенін атап өтті.

Жанболаттың жақындары марқұмның денесі және медициналық сараптаманың алдын ала қорытындысы ертең берілетінін, Жанболаттың денесін жер қойнына тапсыру жұмаға жоспарланып отырғанын мәлім етті.

Ресми орындар төбелеске не түрткі болғанын хабарламады. Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті тергеу жүріп жатқанын мәлімдеді.

"10 қарашада сағат 22.56-да 102 номеріне Нұр-Сұлтан қаласы Көктал ықшамауданы Болашақ көшесінің бойында жаппай төбелестің болғаны туралы хабар түсті. Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері жас жігіттер арасында жанжал болып, арты төбелеске ұласқанын анықтаған. Салдарынан екі адам дене жарақатын алған. Оның бірі 17 жастағы Ж.Ағаділ аяғынан жараланып, жедел жәрдем көлігі келгенге дейін сол жерде қайтыс болды.

Аталған дерек бойынша Қазақстан қылмыстық кодексінің 99-бап 2-бөлімі (адам өлтіру) және 293-бап 3-бөлімі (қылмыстық топ жасаған, атыс қаруын, газды қаруды, пышақтарды, кастеттердi және өзге де суық қаруды не денсаулыққа зиян келтiру үшiн арнайы лайықталған басқа да заттарды қолданып немесе қолдануға тырысып жасалған іс-әрекеттер) бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Қазіргі уақытта жанжал қатысушыларын анықтау мақсатында тергеу жүргізіліп жатыр. Ұсталғандар тергелуде. Тергеу нәтижесі бойынша әр адамның әрекетіне құқықтық бағалау беріледі. Тергеу жалғасуда" делінген полиция департаменті таратқан хабарламада.

Жанболат Ағаділдің әкесі марқұм Дулат Ағаділ саяси, әлеуметтік проблемалар мен азаматтық құқықты сақтау мәселесін көтеріп жүрген. Ол өткен жылы бірнеше мәрте әкімшілік жазаға тартылып, кемінде 60 тәулік қамауда отырған. 24 ақпанда Ақмола облысы Целиноград аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Талапкер ауылындағы үйінен алып кеткен. Артынша 25 ақпанда белсендінің тергеу изоляторында қайтыс болғаны хабарланды. Ресми деректе белсенді жүрек талмасынан көз жұмғаны айтылды. Алайда марқұмның жақындары мен азаматтық белсенділер мұнымен келіспейді.

Меліс Сейдахметов

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір