03 Қараша, 2020 Алматы облысы
Фото: Қолданысқа берілген көліктер
Талдықорған қаласының орталық алаңында денсаулық сақтау ұйымдарына «Жедел жәрдем» көліктерінің кілті тапсырылды. Салтанатты шараға облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ қатысты.
Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев Жолдауында: «Ұлттық денсаулық сақтау саласын одан әрі дамыту жөніндегі шаралар барлық медициналық мекемелерін қажетті құрал-жабдықтармен толық жарақтандыруға, науқастарға арналған орындар қорын 50 пайызға жаңартуға, ескірген инфрақұрылымды ауыстыруға, өмір ұзақтығын болжамды 75 жасқа дейін жеткізуге мүмкіндік береді», – деп халықтың денсаулығын нығайтуды негізгі міндет ретінде атап көрсеткен еді. Мемлекет басшысының тапсырмасына орай облыс орталығында жаңа 200 орынды инфекциялық аурухана бой көтеріп, заман талабына сай медициналық құралдармен жабдықталды. Халық денсаулығын нығайту мақсатында медицина саласына 305 жас маман жұмысқа тартылды. Жыл соңына дейін тағы 64 маман жұмысқа қабылданбақ. Ақ халатты мамандарды тұрақтандыру мақсатында биыл облыста 127 пәтер сатып алынды. Келер жылы облыс орталығында медицина қызметкерлеріне арналған 60 пәтерлі тұрғын үй бой көтереді деп жоспарлануда.
Денсаулық саласы қызметкерлеріне медициналық көліктің кілтін облыс әкімі Амандық Баталов салтанатты жағдайда табыстап, пандемия кезінде қажыр-қайратын аямай қызмет еткен дәрігерлерге ризашылығын білдірді.
– Халық – мемлекеттің басты байлығы. Сол себепті біз бірінші кезекте елдің амандығын ойлауымыз керек. Індет елге енгелі біршама ауыр жағдайды бастан кешірдік. Бірінші толқында кемшілік те орын алды. Енді ондай олқылыққа орын бермеуіміз керек. Пандемиямен күреске жергілікті бюджеттен 13,8 миллиард теңге бөлінді. Оның 8,8 миллиард теңгесі екінші толқынның дайындық жұмысына жұмсалды. Аталған қаражатқа 3 компьютерлік томография, 18 рентген аппараты, 150 өкпені жасанды желдету аппараты алынды. Сонымен қатар, облыстың 13 ауруханасы оттегі стансыларымен және 1070 оттегі концентраторымен қамтылды. Жалпы, екінші толқынға 5 мың 280 төсек-орын дайындалды. 180 «Жедел жәрдем» көлігі мен 12 жылжымалы медициналық кешен сатып алынды. Нәтижесінде, «Жедел жәрдем» бригадаларының саны 165-тен 205-ке көбейді. Енді халыққа тек сапалы қызмет көрсетуіміз керек. Ең бастысы – халық медицина мамандарының айтқан кеңесіне құлақ түріп, барлық сақтық шараларын орындаса болғаны. Жақындарымызға жанашыр болып, тәртіпке бағынып жүруді ұмытпайық. Жауапкершілікті әрбір адам сезінсе деймін. Өйткені, адам өмірінен артық ештеңе жоқ. Сондықтан, осындай сын сағатта ынтымағы жарасқан халқымыз жұдырықтай жұмылып, індетпен бірге күресуге тиіс, – деген облыс басшысы аудан, қала ауруханаларының директорларына «Жедел жәрдем» көліктерінің кілтін табыс етті.
Бұл көліктер заман талабына сай арнайы техникалармен жабдықталған. Көлікте қосымша реанимациялық бағыттағы, яғни, инсульт алғандарға, жүрек талмасына шалдыққандарға жылдам көмек көрсету үшін арнайы медициналық құрал-жабдықтың барлық түрі орнатылған. Диагностикалық медициналық кешен ішінде науқастарды қабылдау бөлмесі, рентген, ультрадыбыстық зерттеу жасайтын түрлі заманауи құралдар, акушер-гинеколог мамандардың жеке кабинеті, арнайы зертхана, радиациялық диагностика, жалпы дәрігерлердің тәжірибе алмасу аймағы орналасқан. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған пандуслифт та қарастырылған. Облыстық жедел және шұғыл медициналық көмек стансысының аға фельдшері Шолпан Нұрғалиева жаңа «Жедел жәрдем» көлігінде орналасқан құрылғылармен таныстырды. Оның айтуынша, барлық медициналық құрылғы Германия мемлекетінде шығарылған. Бірінші медициналық көмекке қажетті озық технологиялырмен жабдықталған. Ең бастысы, барлық «Жедел жәрдем» көлігінде өкпені жасанды желдету аппараты орналастырылған.
Салтанатты шара соңынан облыстық жедел және шұғыл медициналық көмек стансысының басшысы Савелий Пак Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа, облыс әкімі Амандық Баталовқа медицна қызметкерлерінің атынан алғыс айтып, халықтың амандығы жолында талмай еңбек ететіндігін жеткізді. Кербұлақ аудандық аналар кеңесінің төрайымы Ғалия Ақбасова да ақ халатты абзал жандардың жұмысына табыс тілеп, аналық алғыс айтты.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір