03 Желтоқсан, 2013 Ұлы көш
Арай Айдарханұлы: Мені қытай деп шеттететін, жиі таяқ жейтінмін
Арай Айдарханұлы - Қытайдағы ең танымал "Жұңгноның арман әуені" ән жобасында алғашқы алты үздіктің қатарына енген қазақ.
Арай Айдарханұлы - Қытайдағы ең танымал "Жұңгноның арман әуені" ән жобасында алғашқы алты үздіктің қатарына енген қазақ.
- Ал, Арай, қош келдің! Тұңғыш президент күні құтты болсын! Оның үстіне қыстың алғашқы күні, қалың қар да алғаш жауды...
- Бірге болсын, аға! Астана бұрынғыдан ажарлана түсіпті...
- Бұрынғың қалай?...
- Мен 2004 жылы екі жыл осындағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы олимпиадалық резерв интернат-колледжінде оқып, дзюдомен шұғылданғанмын.
- Солай ма?! Әнші ғана емес, спортшы да екенсің ғой. Неліктен кетіп қалдың?
- Ол кезде небәрі он төрттемін ғой... Мені қытай деп шеттететін, жиі таяқ жейтінмін. Оның үстіне жарыстарға да қатыстырмады. Спортшы түрлі қарсыластарынан тәжірибе жинақтау керек емес пе?! Ал мен үшін басты қарсылас – жаттықтырушым болатын... Нақ майданда бақ сынаспағаннан кейін дамуың да қиын ғой. Қытайға кері оралардан екі ай бұрын артымнан анам да келді. Осындағы «Сәлем» базарының маңында асхана аштық. Мен сабақтан кейін анама көмектесіп, көк базардан керек-жарағын таситынмын... Сөйтіп жүргенімде көлік қағып кетіп, аяғым сынды. Жағдай қиындаған соң, анам екеумізге Қытайға қайтуға тура келді...
- Қалай денсаулығың?
- Шүкір, сынық бітіп кетті. Ол ол ма, кейін қолымды да сындырдым... Сөйтіп спортты біржолата қойдым.
- Анам деп қалдың, әке-шешең қай сала мамандары?
- Анам Ақсу қаласындағы мектепте қытай тілінің мұғалімі. Әкем қазақша күрестен палуан атанған, елге белгілі азамат. Соңғы жылдары қазақша күрестен Азия чемпионатын ұйымдастырып жүр.
- Бәрекелді. Әнші екеніңді қай кезден бастап білдің?
- Астанада жүргенде әкемді сағынып ән шығарғанмын. Содан қызығушылығым оянды...
- Сені «Қытайдың арман үні» музыкалық жобасынан білеміз. Қандай баға бересің? Басы-аяғы неше ән айттың?
- Конкурс оңай болмады. Шарт бойынша алғашқы әнді ешқандай аспаптың сүйемелдеуінсіз ордадым. Сөйтіп жоба бойына он ән айттым.
- Естуімше қазір бір компаниямен келісім шартқа отырыпсың?
- Ия, үздік деп танылғандарды аяғын жерге тигізбей алып кетеді. Қазір олармен 4 жыл жұмыс жасаймын.
- Басты пайдасын айтып берші?
- Менің қазіргі бағам 25 000 АҚШ доллары. Әр қатысқан кештерден түсетін бұл қаражаттың 40 пайызы маған тиеселі. Оның сыртында мемлекетке салық төлейміз.
- Демек, дәрежең өскен сайын, нарықтағы құның да көбейеді ғой?
- Иә! Алдағы уақытта Қытайдың шаған мерекесіне арналған кешке іріктеу жүреді. Оған Тасқын аға екеуміз де қатысатын болдық. Ол сахнаға шықсақ бағамыз екі есеге артатын болады.
- Білуімше, әншінің бағасын, дәрежесін анықтайтын мемлекеттік орталық бар?
- Иә, халықтың қабылдауы ескеріліп, әншіге статус беріледі. Сөйтіп, олардың қандай сахнаға шығатынында олардың бедел, дәрежесі анықтайтын болады.
- Өкінішке орай бізге сол жағы жетіспей тұр, қазір...
- Иә, Қазақстанда Қайрат пен Роза апамыз сахнаға «бір баспалдақпен» шығып жүр ғой. Расы керек, Роза Рымбаеваның кезіндегі «Арай» тобында орындаған әндерін тыңдасаң мақтанасың. Ән де керемет, әнші де шебер. Ал кей орындаған әндерін тыңдағанда ұялатын кезім болады... Ал Қайрат Нұртасты әнші деп мойындай алмаймын.
- Сен Қазақстанның шоу-бизнесін қалай бағалайсың?
- Орталықтандырылған жүйе құрмай Қазақстанның ән өнерін дамыту қиын. Өткен жолы келгенімде Бақытжан Қажымұқанов пен Руслан Қараны арнайы іздеп барып, амандасып қайттым. Өкінішке орай осындай азаматтар бағаланбай жатыр. Тіпті Қазақстанның кейбір жастары бұл кісілерді танымайды да. Ал біз олардың әндерін Қытайдың ең мықты композиторларына мақтанышпен тыңдатамыз... Меніңше тыңдармандардың музыкалық танымын арттыру қажет. «Қызыл өрік» ол – «қызыл түлкі»... Оған алдануға болмайды. Дамыған елдің қатарына ұмтылып жатқан Қазақстан үшін қарапайым халықтың дүниетанымы мен таным талғамын да жетілдіру қажет деп есептеймін.
- Елге келу ойда бар ма?
- Әрине бар. Бірақ дәл қазір менің ішкі талабымды, өнерімді дамытуға қолайсыздау...
- Қой, талай уақыт бопты... Демал. Ертең кездесеміз...
- Жақсы, аға. Демалайық...
Әңгімелескен Ертай Нүсіпжанов
(Ертай Нүсіпжановтің фейсбуктегі парақшасынан алынды)
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір