• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 00:58:37
Алматы
+12°

28 Қараша, 2013 NEWS

Мұрат Алмасбекұлы. Тәуелсіздік күні әбден "тойдырды"

Бұл тілегімнің кімге арналарын білмеймін. Бірақ, тәуелсіздік күнін басқа бір уақытқа ауыстырайықшы! Зорлықпен, өтірік, аярлықпен, немкеттілікпен, мазақпен,...

Бұл тілегімнің кімге арналарын білмеймін. Бірақ, тәуелсіздік күнін басқа бір уақытқа ауыстырайықшы! Зорлықпен, өтірік, аярлықпен, немкеттілікпен, мазақпен, табамен қарсы алынған бұндай тәуелсіздік күні әбден тойдырды. Жүректі қан жылатып, жүйкені жұқартып, жігерді жасытып, бетке әбден салық болып бітті. Қараша айы туды болды, қара бет адам құсап бас көтеріп қараудан қалдық.

Иә, тәуелсіздік күнін ауыстырайық! Өзі де әдейі қолдан жасалып, күздің қара суығы барынша қатаятын, қыстың қытымыр аязы басталатын бір сайтан-сапалақ уақытқа тураланды емес пе. Соның кесірінен Желтоқсан көтерілісі туылған 17 желтоқсан да ұмытылды. Онымен бірге қазақ жастарының қанды қырғынға ұшыраған күні де ұмытылды. Онымен бірге азаттық аңсаған асқақ рух, тәуелсіздікке ұмтылған өр мінез де жерленді. Тәуелсіздік күні ешкімге керек емес қазір. Оны сезініп жатқан адам бар дегенге сенбеймін. Бар болса мен құсап мұң шағып, жыланып отырған, елінің тәуелсіздігі табанның астындағы қоқыстан да құнсыз аздаған құр сүлдер ғана бар шығар. Әуелі, оларды тәуелсіздікті сезінеді дегеннен гөрі оның аяқ асты болған аянышты жайына жоқтау айтады деген жөн болар.

Желтоқсан дейміз, қазақтың ұл-қызы сол қасіретті желтоқсанда қан төккен алаңда аспанға астамси қарап алып шыршалар орнайды жыл сайын. Көңілдерде бықсып жана алмай жатқан бостандықтың болмашы сәулесін, әлгі алып шыршаларға орнатылған абажадай шамдардың жарығы жұтып қояды. Сол шырша толы шамды шыр айнала есі кіресілі-шығасылы бір топ адам жүреді. Олар отты айнала ұшатын сайтан көбелекке ұқсайтындай, бірақ, дөп басып тану қиын. Топырлаған бейнелері нәжіске үймелеген жасыл шыбынға да, тезекке қаптаған қара қоңызға да келеді. Оларда тәуелсіздік деген түсінік, отаным деген ой, ұлтым деген ұғым, мемлекетім деген сана жоқ. Меңіреу қалыптарында биік шыршаға өлі жанарларымен мәнсіз қараған күйі айнала береді, айнала береді...    

Иә, көлгірсіп, жалған намысшыл болудың не жөні қалды? Қазіргі біздің жағдай осы. Жаңа жылды халықтық мереке деп қатты жақсы көреміз. Оның әлдебір бөтен діндік сипатын ақтап алуға даяр «адвокаттарымыз» көп. «Қоңыздар» мен «шыбындар» шеңбер айналу дәстүріне қажет жасанды шыршаларын биыл да ерте орната бастады. Астананың алаңдары, көзге түседі ау деген көрнекті жерлерінің бәрінде ербиген өтірік шыршалар қойылған. Ал, жаңа жыл мерекесінен бақандай жарты ай, он алты күн бұрын келетін Тәуелсіздік күні, Қазақстан дейтін мемлекеттің тәуелсіздік жариялаған күні – сол баяғы мазақ шекпенін жамылған міскін қайыршыдай бір қуыста тілсіз жатыр. Ол байғұстың барын алып, байлығын бұлап, майы мен қанын теспей сорып жүргендер оны өздеріне қажет күні ғана сүйретіп алып шығады да, сасық пайдаларына жаратып болған соң әлгі қуысқа қайта нығай салады.

Ал, оның қорланған қалпына біздің, яғни, «тәуелсіз Қазақстанда жүрміз» деп күпиетін көптің бойы әбден үйреніп алған. Тәуелсіздікті құрметтеу, оны бағалау, тіпті, «тәуелсіздігіміз бар ел екенбіз-ау» деп түйсіну жоқ. Иә, жаза берсең зар-нала біте ме?! Ал, осы тәуелсіздікті толық сезінетін азат сана бізде неге жоқ? Бізде болғанда да, «тәуелсіз Қазақстанды» басқарып отырған биліктегі «тәуелді адамдарда» неге жоқ? Себебі, дәл солар тәуелсіздік үшін күреспеген, күресуді ойлап та көрмеген, тәуелсіздік үшін тер, қан төгу, қажет болса жан беру деген өр мінез, асыл қасиет, дегдар тектілікті туада бойына дарытпаған дүбара ұрпақ. Ал, мемлекеттің идеологиясын ондай адамдар жүргізіп отырған жерде, олардың тәлім-тәрбие, үгіт-нәсихат, бағыт-бағдар, іс-әрекетін көрген, оған көзі, құлағы, бойы, болмысы үйренген былайғы жұрт та олар айналған шеңберден шыға алмайтыны анық. Қазірше бәріміз шыршаны айналған шеңбердің бойында жүрміз. Ал, күндердің күні сол шеңбер бұзылғанда ғана тәуелсіздікті төрімізге шығаратын халге жетеміз. Олай болмаған жағдайда жасанды тәуелсіздік күнін ауыстырғанымыз жөн, мерекесі аз, күні жылы, өзімізге жақын Наурыз айына қарай болса да.

P.S.

Осыдан 5 жыл бұрын, «Жас қазақ» апталығына (№56 (206) 12 желтоқсан 2008) «Тәуелсіздікті танисың ба?» деген тақырыппен мақала жазыппыз. Француз жазушысы Сталь Анна Луиза Жерманенің «тәуелсіз халықта ғана ұлттық мінез болады» деген сөзін келтіріп, сол мінезді өзімізден іздеп көріппіз. Шыршалардың бұтағымен тұмшаланған тәуелсіздіктің кімге таныстығын білгіміз келіпті. Өкінішке қарай ондай тәуелсіздік, оны дүр көтеретін рух пен мінез әлі табылмай келеді екен.

Астана   

 

 

 

 

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір