07 Қазан, 2020 NEWS
Фото: Көрнекті сурет
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетінің екінші кезеңіне дайындық мәселелері бойынша кеңесте медицина қызметкерлеріне тиесілі қаржы туралы айтты, деп хабарлады Ақорда сайты.
– Індеттің екінші толқыны жағдайында негізгі соққыны тағы да медиктер өздеріне алады. Дәрі-дәрмек пен аппараттар емес, дәл солар біздің негізгі ресурстарымыз саналады. Медицина қызметкерлерін қолдау қажеттігі ешкімге күдік тудырмайды. Менің тапсырмаммен екінші жартыжылдықта төлемақыға 150 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Дегенмен, төлемақы мен сақтандыру төлемін алуда әлі күнге дейін бюрократиялық кедергілер жасалып, тіпті бұл мәселемен парламент те айналысты. Жергілікті жерлерде төлемақы бойынша "цифрлармен ойын" жалғасып, оларды бөлудің әлі күнге дейін ашықтығы жоқ. Бұл жол беруге болмайтын ахуал. Бұған қоса, бас дәрігерлер жұмыс уақытын дәрігердің пайдасына емес түзетуге тырысады. Медицина қызметкерлері өздеріне тиесілі ақшаны өтініп сұрап алуға тиіс емес, – деді президент.
Сонымен қатар Тоқаев коронавирустан қайтыс болған дәрігерлердің отбасына тексеру жүргізілместен төлемақы берілуі керектігін айтты.
– Қазір бұл жағдайлар түрлі комиссияда қаралып, өтемақы тек 37 ғана отбасыға төленген. Мүлдем жол беруге болмайтын жағдай. Постфактум өлім себебін анықтау көптеген қиындықтарды, оның ішінде әдеп сипатындағы қиындықтарды тудырады. Осыған орай Үкіметке бұл мәселеде мұндай тексерулер жүргізбестен қаза тапқан медицина қызметкерінің отбасына тиесілі барлық төлемақыны төлеуді тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір