• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

21 Қараша, 17:05:01
Алматы
+12°

Ішкі істер министрлігінің көші-қон қызметі жыл басынан бері 284 адамның қосазаматтығы бары анықталғанын хабарлады. Алайда әлеуметтік желіде өзге елдің азаматтығын алған қазақстандықтар бұдан бірнеше есе көп болуы мүмкін екені жазылып жатыр. Әскери сарапшы, журналист Амангелді Құрмет қосазаматтық ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіреді деп санайды. Журналист Қамшы тілшісіне берген сұхбатта Қазақстанда конституциялық деңгейде тыйым салынған қосазаматтықтың теріс салдары мен саяси қатері туралы айтып берді.

Журналист Амангелді Құрмет

– Қосазаматтығы барлар жыл басынан бері анықталған цифрдан қаншалықты көп немесе аз болуы мүмкін?

– Меніңше, қосазаматтығы барлар анықталғандардан әлдеқайда көп. "Ұсталмаған – ұры емес" деген ұстаныммен қарайтын болсақ, биыл кемінде 2000-3000 адам өзге елдің азаматтығын алған болуы мүмкін. Қосазаматтыққа құмар адамдардың басым көпшілігі теріскейдегі көршіге бүйрегі бұрып тұратындар. Бұрын анықталғандарды қосқанда Қазақстанда кемі 30 мың адамның қос азаматтығы бар деп санаймын.

– "Теріскейдегі көршіге бүйрегі бұрып тұратындар" деген сөзіңіздің жаны бар. 2018 жылы қосазаматтығы анықталған 15 мың адамның барлығы дерлік Ресей паспортын алған. Оларды мұндай қадамға баруға не итермеледі деп ойлайсыз?

– Бірінші кезекте Ресейдің жасырын агрессиялық саясаты әсер етіп отырған сыңайлы. Қазақстанның 2017 жылы қабылданған әскери доктринасында "гибритті күрес" деген термин бар. Ол жерде қандайда бір елдің әскери, саяси, экономикалық әлеуетін әлсірету үшін диверсиялық топтарды, жеке адамдардың топтарын пайдалану, үкіметтік емес ұйымдарды пайдаланудың ықтималды қатері ескерілген. Әскери доктринаға мұндай терминнің енгізілуі Қазақстан бірдеңеден қауіптеніп отыр деген сөз.

Екінші себеп, әлеуметтік жағдайға байланысты. Кей азаматтар Ресейден де, Қазақстаннан да зейнетақы, әлеуметтік төлемдер алып отырғысы келуі мүмкін.

Алайда қосазаматтық алғандардың ішінде жастардың да бар екенін ескерсек, бұл жерде саяси факторлар болуы мүмкін. Ол үшін белгілі бір топтар ынталы адамдарға Ресей азаматтығын оп-оңай беріп жатқан болуы мүмкін. Оның үстіне биыл Ресейдің азаматтық алу процесі жеңілдеді. Енді Ресей азаматтығын алғысы келетін адамдардан басқа елдің азаматтығынан шығып келу талап етілмейді. Бұл жеңілдіктер ТМД елдеріне Қазақстан мен Қырғызстанға бағытталып отырғанын айта кеткен жөн.

– Саяси фактор демекші, қосазаматтық туралы сөз қозғалғанда Ресей "өз азаматтарымызды қорғаймыз деп Қазақстанның ішкі ісіне араласуы мүмкін", "Солтүстік облыстарды басып алуы ғажап емес" деген пікір жиі айтылады. Бұл русофобияны қоздыру ма, әлде шынымен қисыны бар әңгіме ме?

– Меніңше, бұл ешқандайда русофобияны қоздыру емес, шындыққа тура қарау, байсалды қарау. Неге?

 

2008 жылдары Грузия мен Ресей қақтығысқанда, Ресей "Абхазиядағы азаматтарымызды қорғаймыз" деген сылтаумен әскери қимылдарға барғаны белгілі. Қырым оқиғасын еске алыңыз. Осы оқиғалар Ресейдің әлі де агрессияға құмар екенін байқатты. Агрессия жасау үшін түрлі-түрлі себептерді пайдаланады. Ресей саясаткерлері ара-тұра Қазақстанның солтүстік облыстары туралы түрлі әңгімені көтеріп, халықты сол арқылы елеңдетіп қоятынын білеміз. Ресейдің ақпараттық ықпалында отырғаннан кейін мұндай әңгімелердің әсері болмай қоймайды. Сол себепті Ресейдің солтүстік облыстарымызды басып алу қаупі, арандатуға баруы белгілі бір мөлшерде ықтимал деп бағалаймын.

 

Әрине тікелей әскери күшпен басып ала алмайды. Бірақ әлеуметтік кикілжіңдер, жасырын диверсиялар ұйымдастыру арқылы біздің мазамызды қашыруы мүмкін. Жоғарыда айтып кеткен гибритті соғыста қосазаматтық ең қолайлы құрал болып есептеледі.

– Қосазаматтықтың елдің ішкі жағдайына қандай теріс әсері бар?

– Қосазаматтығы барлар ел ішіндегі саяси процедураларға ықпал етуі мүмкін. Айталық, үкіметтік емес ұйым құрып алса, қандайда бір топтың құрамына кіріп алса, олар мемлекеттік билікке түрлі талаптарды батылырақ қоя бастайды. Сол арқылы бірқатар саяси бағыттарға кедергі келтіруі мүмкін. Олар қандайда бір қауіп төнетіндей жағдай болса, қосазаматтығын көлденең тартып, жауапкершіліктен жалтара алатынын біледі.

Сондай-ақ қосазаматтығы барлар азаматтарды оңтүстіктен солтүстікке қоныстандыру саясатына да кедергі келдіре алады. Мәселен, оңтүстіктен барғандармен жанжал, төбелес шығарса, "Ресей азаматын сабапты" немесе "Ресей азаматы көшіп барғандарды сабапты" деген әңгіме шығатын болса, еңбек миграциясын ұйымдастыру саясатына үлкен соққы жасалады. Ел ішіне іріткі салынып, оның салдары конфликтарға, конфликт сыртқы күштің араласуына ұласып кетуі ғажап емес.

– Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске сай қосазаматтық үшін 100-200 айлық есептік көрсеткіш (277 800-555 600 тг) мөлшеріндегі айыппұл қарастырылған. Қосазаматтығы бар адам мемлекеттік қызметте істесе, 300 айлық есептік көрсеткіш (833 000 тг) мөлшерінде айыппұл төлейді. Сіздіңше, аталмыш әкімшілік жауапкершілік қаншалықты жеңіл, не ауыр?

– Қосазаматтық үшін осындай әкімшілік жауапкершілік қарастыру өте жеңіл жаза деп санаймын. Меніңше, ең тиімді әрі халықаралық деңгейде дау тудырмайтын жаза – қосазаматтығы барларды паспортын алған еліне депортациялау. Өйткені, басқа мемлекеттің азаматтығын алды ма, онда біздің азаматтықтан шығарылуы керек.

– Қосазаматтық үшін қарастырылған жауапкершілікті парламенттегілер, үкіметтегілер өздері мен таныстарында өзге елдің паспорты болғандықтан қатаңдатпай отыр деушілер бар. Бұған не дейсіз?

– Біздің елде жемқорлық тым тереңдеп кеткендіктен, мұндай пікірмен келісуге мәжбүрмін.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Меліс Сейдахметов

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір