• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

03 Желтоқсан, 22:19:39
Алматы
+7°

29 Қыркүйек, 2020 Әлеумет

Фото: el.kz

Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты директорының орынбасары, әлеуметтанушы Айгүл Сәдуақасова Қамшы тілшісімен сұхбатта ұлтараздықты қоздыратын сөздер айтқан қостанайлық азамат Кирилл Божконың әрекетіне пікір білдіріп, этносаралық мәселе төңірегіндегі сұрақтарға жауап берді.

– Әлеуметтік желіде Қостанай облысының тұрғыны Кирилл Божконың мәлімдемелері солтүстік облыстарда тұратын этностық орыстардың көпшілігінің көкейіндегі ой деген пікір айтылды. Мұнымен келісесіз бе?

– Меніңше, Кирилл Божко деген азаматтың бейнехабарда айтқандары жеке өзінің ойы. Оның сөзі арқылы қазақстандықтардың көбіне айып тағуға болмайды. Біз Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар сынды солтүстік облыстарда зерттеу жүргізіп жүрміз. Әлеуметтік-методологиялық заңдылыққа сай анықталған ортақ ой-пікірге қарасақ, солтүстік аймақ тұрғындарының басым бөлігі Қазақстанды Отаны деп санайды, әрі қазақ халқына белгілі бір дәрежеде алғыс білдіреді. Мұны айтқанда, бұл билік пропагандасы секілді болып көрінеді. Негізі олай емес. Объективті шындық осы. Әрине Кирилл Божко секілді ерекше ойдағы азаматтар да оқта-текте ұшырасып тұрады. Тек ондай азаматтар көп емес. Бірақ Қазақстан азаматы бола тұра осындай мәлімдемелер жасағаны үшін аталған азамат заңды жазасын алуға тиіс деп есептеймін.

– Тіл комитетінің ұйымдастыруымен солтүстік облыстарда 180-нен астам кездесу өткізген саясаткер Дос Көшім Қамшыға берген сұхбатында "Солтүстік халқының идеологиясында ұлы орыстық шовинистік көзқарас бар" деп айтқан еді. Бұған не дейсіз?

– Кеңес үкіметінен қалған осындай "мұра", сарқыншақ бар екенін мойындау керек. Оның болуы түсінікті жағдай. Саналы ғұмырының жартысында сіңіріп өскен ойдан, әдеттен, құндылықтан адам бірден бас тарта алмайды. Шовинистік көзқарас көбіне империялық көзқараспен ұштасып жатады. Кезінде империя болған мемлекеттердің өкіліне ұстанған идеядан арылу қиындау жүреді. "30 жыл өтті ғой, неге біз бұл мәселені шеше алмаймыз?" дейтіндер бар. Біз мұны 50 жылда да толық шеше алмаймыз. Өйткені құндылықтар толық формада болмаса да ұрпақтан ұрпаққа беріліп отырады. Сондықтан ондай азаматтар кездесіп тұрады. Бірақ мұндай ойды басым деп айтуға тағы келмейді. Біз ендігі кезекте тәуелсіз ел ретінде шовинистік көзқарастағы адамдарды жаңа мемлекеттің азаматы ретінде сезінуіне күш салуымыз керек. Бұл жерде тағы бір маңызды мәселе бар. Біз қазақтар постшовинистік көзқарастан аулақ болғанымыз абзал. Қазақ халқының саны артып келе жатқанда мұндай қатер жоқ емес. Басқа этностар да Қазақстанның азаматы екенін ұмытпаған жөн. Оларды мемлекетті құраушы – қазақ ұлтының айналасына шоғырландыра отырып, тілі мен мәдениетіне құрметпен қарауымыз керек. Жастарымыз соны түсінсе екен, керітартпа әрекетке бармаса екен, заңды құрметтесе деймін.

– Империялық көзқарастың өршуіне Ресей билігі саясатының ықпалы болуы мүмкін бе?

– Мұндайды да жоққа шығаруға болмайды.

 

Қазақстан екі алпауыт елдің ортасын орналасқандықтан олардың ықпалы міндетті түрде болады. Соның салдарынан русафобия мен синафобия ел ішіне іріткі салып отыр. Бұл ретте біз сыртқы ықпалдан үрейленбей, өзіміздің ішкі ұстанымымызға берік болуымыз керек.

 

Бірақ ол ұстаным 70 пайыз қазақтың ғана емес, Қазақстанды отаным деп танитын 30 пайыз өзге этнос өкілдерінің де мүддесін, құқығын қорғауы қажет. Бұл – мемлекеттік идеологияның басым бағыты болуға тиіс.

– Биыл болған Қордай конфликті, Шонжыдағы жастар төбелесі нені көрсетті?

– Ең алдымен заңның орындалмай жатқанын көрсетсе, екіншіден әлеуметтік желілердің күшін анық аңғартты. Соның салдарынан әлеуметтік, экономикалық негізі, қылмыс құрамы бар жанжал үлкен қақтығысқа әкеліп соқты. Кез келген қақтығыс этностық, діни сипат алғанда оның адамдарға әсері орасан болады.

– Мұндай оқиғалардың болуына қандай жағдайлар әсер етті?

– Қордайдағы жағдайға қарасақ, экономикалық теңсіздіктің бар екенін, жемқорлықтың салдарынан көп нәрсеге көз жұмып қаралғанын, кейбір дүнген этносы өкілдерінің қазақ тілін білмейтінін көреміз. Демек, кәсіпкерлікті қолдау бағдарламалары арқылы, жұмыс орындарын ашу арқылы тұрмыстық теңсіздікті жою керек. Жемқорлықты тыю қажет. Дүнген этносы тұратын елдімекендерге қазақ мектептерін ашу керек, тұрғындардың мемлекеттік тілді үйренуіне жағдай жасап, соған күш салу қажет. Бұл дүнгендер өз бетінше шешетін іс емес, жергілікті құзырлы органдардың міндетіндегі шаруа. Сонда жергілікті халық бір-бірімен тіл табыса алады.

– Бұл елдімекендерден бөлек Қазақстанда этносаралық мәселе туындауы мүмкін өзге аймақ бар ма?

– Әлеуметтік желілер дамып тұрған кезде керітартпа ой, арандату кез келген аймақта этносаралық конфликті тудыруы мүмкін. Сондықтан мемлекеттік идеологиялық саясат тұтас ел бойынша жүріп, сонымен қоса тұрмыстық мәселелер шешімін тауып отыруға тиіс.

– Қандайда бір этносаралық конфликт шыққанда "Қазақстан халқы ассамблеясы не қарап отыр?", "Ассамблея таратылсын!" деп жиі айтылады. Бұл орынды талап па? Жалпы асссамблея этносаралық мәселеге қаншалықты ықпал ете алады?

– Қазақстан халқы ассамблеясының тек консультативтік орган екенін ескерген жөн. Оған қандайда бір міндеттемені, жауапкершілікті артып қою орынсыз. Ассамблея этно-мәдени бірлестіктерді жинақтап, этностарды Қазақстанның толыққанды азаматы болуға, мемлекеттік тілді үйренуге, қайырымдылықпен айналысуға шақырады. Былайша айтқанда жұмсақ күштің рөлін атқарады. Ал этносаралық саясатқа жауапты әрі құзырлы орган болып қазір ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бекітілген. Қоғам тынысының барлық саласында этносаралық келісімге шақыру үшін нақты негіздеме болуы керек. Ол мемлекеттік басқарудың барлық құрылымына қатысты.

 

Этносаралық саясат мемлекеттік идологияның басым бағыты ретінде барлық салаға ендірілуі керек. Әр сала мемлекеттік құндылықты дәріптеуге қызмет етуі тиіс. Мәселен, ассамблея қазақ тілін үйрете алмайды, тек үйренуге шақырады. Ал балабақшада, мектепте, университетте қазақ тілін оқыту мәселесін білім және ғылым министрлігі жүзеге асыруы қажет. Сол секілді қаржы және экономика министрлігі бір этнос бай, бір этнос кедей болмас үшін этностардың әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруына назар аударғаны жөн.

 

Яғни барлық сала бір идея төңірегінде өзіне тиесілі жұмысты жасауға тиіс.

– Қазақстан халқы ассамблеясы бұрын Қазақстан халықтары ассамблеясы деп аталған. Орган атауының өзгеруі этносаралық саясаттағы өзгерісті білдіре ме?

– Әрине. Ассамблея атауы 2007 жылы өзгерді. 2008 жылы ассамблея туралы заң қабылданды. 2007 жылға дейін ұлттық-мәдени орталықтар аталып келген ұйымдар этно-мәдени бірлестіктер деп өзгертілді. Яғни бұл бөлек ұлттың ұйымы емес, біртұтас Қазақстанның аумағына топтасқан этникалық ұйым деген сипатқа ие болды. Демек ассамблея бірізділікті сақтап, этностарды ұйыстыру, біріктіруге қызмет етіп жатыр.

– Қазіргі этносаралық саясатқа қандай өзгеріс керек?

– Өзгеріс қазірдің өзінде жүріп жатыр. Айтып кеткенімдей, этносаралық мәселе ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне толықтай өтті. Аймақтарда қоғамдық даму басқармаларында этностарға арналған бөлімдер ашылып жатыр. Қоғамдық келісім комитеті, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты құрылды. Олар мемлекеттік саясаттың күшеюіне ықпал ететін құрал болуға тиіс. Бұл саланы бұрын бірнеше орталықтар басқарса, енді адами ресурс бір жерге жинақталып, жұмыс басталып жатыр. Меніңше, бұл өз нәтижесін береді. Бірақ қоғамдық сана-сезіммен жұмыс істеу, жастарды тәрбиелеу бір министрліктің қолынан келмейді. Бұған мемлекеттік саясат араласуға тиіс, азаматтық қоғам да, ақпараттық құралдар мен әлеуметтік желілер де үлес қосуы керек.

– Этностар тату-тәтті ғұмыр кешуі үшін олардың бір тілде сөйлеуі керектігін әлемдік тәжірибе көрсеткен. Бұл бағытта қандай жұмыс жүргізілуі керек деп санайсыз?

– Біз осы мәселені де арнайы зерттедік. Біртұтас ел болу үшін этнос өкілдері бір тілде сөйлеуі керек. Бұл жерде қазақ тілін тізеге салып үйрету тәсілдерін қолдансақ, мәселе саяси сипат алып кетеді. Сондықтан білім және ғылым министрлігі тілді меңгерудің арнайы методикасын жасауы керек.

 

Қазір арнайы әдіспен кез келген шет тілін 2 жылда меңгеріп шығуға болады. Ал біз балаларға қазақ тілін 1-сыныптан енгіземіз, ал олар 11-сынып бітіргенде қазақша білмей тұрады. Бұл жерде бағдарламалардың тиімділігіне, оқулықтардың сапасына үлкен сұрақ туады.

 

Қазақ-түрік лицейлерінің методикасына қараңыз. Нұр-Сұлтан қаласында қазақ және ағылшын тілінде оқытатын мектеп бар. Осы білім ордаларының қазақша сөйлейтін балалары әлемдік университеттерге түсіп жатыр. Қазақ мектептері осындай жүйемен, әдіспен жұмыс істегенде балаларын аралас, орыс мектептеріне беріп жатқан ата-аналар ойлана бастайды. Сосын қосымша ақпарат алу жағы да өте маңызды. Балалар қазір ақпаратты интернеттен алады. Ол жерде мәлімет көбіне орыс, ағылшын тілдерінде. Қазақ тілі әлі де бәсекеге түсе алмай отыр. Ол көп нәрсемен байланысты. Бұл бағытта тілтанушы ғалымдардың алдында тұрған міндет көп.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Меліс Сейдахметов

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір