09 Қыркүйек, 2020 Экономика
qamshy.kz
Пандемия тудырған экономикалық дағдарыс салдарынан Қазақстанның жалпы ішкі өнімі бірінші жартыжылдықта 1,8%-ға төмендеді. Дегенмен кей салаларда тұрақты өсім байқалуда. Мысалы, көлік саласы 14,6%-ға, сауда 10,6%-ға құлдырағанымен, ауыл шаруашылығы 2,4%-ға өсті.
Мемлекеттік даму институттары, оның ішінде «ҚазАгро» ауыл шаруашылығының тұрақтылығын сақтауда маңызды рөл атқарады. Агроөнеркәсіп кешенін несиелеудегі холдингтің үлесі, 2019 жылдық есебіне сәйкес, соңғы екі жылда 83% мөлшерлік деңгейде қалды.
«ҚазАгро» тобындағы компаниялар фермерлер мен ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорындарына тұрақты қаржыландыруда. Мысалы, 2020 жылдың алты айында «Аграрлық несие корпорациясы» 148,4 млрд.теңгеге 4913 фермерді қаржыландырды.
Агроөнеркәсіптің әртүрлі салаларындағы компаниялар қолдау мен дамытуға қаражат алуда. Мәселен, корпорация қазірдің өзінде жалпы қуаттылығы 101,7 мың тонналық 29 сүт фермасында жылдық өндірісті қаржыландырды. 2019 жылы жеңілдетілген несие алған осындай шаруашылықтар үлесі Қазақстандағы барлық сүт өндірудің шамамен 25%-ын құрады. Қаражат сүтті бағыттағы асыл тұқымды мал, жаңа ауылшаруашылық техникасы мен сүт фермаларына арналған жабдықтар сатып алуға бөлінуде.
Өндіріс қуатын арттыру үшін корпорацияға жүгінген шаруа қожалықтарының бірі – Ақмола облысының Камышенка ауылдағы «Камышенка» ЖШС. Нұр-Сұлтан қаласынан 90 шақырым жерде орналасқан сүт фермасының бас директоры Дүйсембай Ілдебаев барлық өнім елорда нарығының сұранысын қанағаттандыруға кететінін айтады.
Қазір өндіріс қуаты жылына 70 мың литр. Украинадан 400 бас гольштейн сиырын сатып алудың арқасында өндіріс көлемі екі-үш есе өседі. Гольштейн – сүтті бағыттағы ең жақсы сиыр тұқымдардың бірі.
Фермаға қазірдің өзінде 220 бас ірі қара келді, тағы 180-і жолда. Сиырлар келгеннен кейін карантинде 30 күн ұсталып, түрлі аурулардың болуына тексеру жүргізіледі.
Фермер «Аграрлық несие корпорациясы» мал сатып алуды ғана емес, оны ұстап тұру үшін екі ферма құрылысын қаржыландырғанын атап өтті. Жақын арада олардың құрылысы аяқталады.
Дүйсембай Ілдебаев несие алу үшін корпорацияны таңдауын оның жұмыс ерекшеліктерімен түсіндірді – «АНК» мамандары ауыл шаруашылығын жақсы біледі.
Шаруашылықты кеңейту жобасы 2020 жылдың тамызында қаржыландырылды. Қарыз алушыға қазірдің өзінде 505 миллион теңге бөлінді, деп мәлімдеді «Аграрлық несие корпорациясы» Нұр-Сұлтан қалалық филиалының директоры Әсет Кушкунбаев.
Шаруа қожалығының жалпы несиелік желісі 2 млрд теңгені құрайды. Несие мерзімі - жеңілдік кезеңімен 10 жыл. Сыйақы мөлшері 6%-ды құрайды, бұл фермерлер үшін қолайлы, деп атап өтті корпорация өкілі.
Айта кетерлігі, бұл корпорацияның Нұр-Сұлтан қалалық филиалы қаржыландырған Ақмола облысындағы екінші ферма. Тағы біреуі Ақкөл ауданында орналасқан. Онда 200 бас ірі қара мал сатып алынды. Ферманы іске қосу 2020 жылға жоспарланған.
«Камышенка» ЖШС-де жұмыс жасайтын 150 қызметкердің барлығы жергілікті мамандар. Компания жұмыс істеуге ауылға көшуге дайын адамдарға баспана сатып алуға көмектесу арқылы қолдау көрсетуге де дайын. Шаруашылықтың кеңеюі оның дамуына тың серпін береді. Сонымен бірге ауыл халқын жұмыспен, қала тұрғындарын сапалы отандық өніммен қамтамасыз етеді.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір