• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 05:40:50
Алматы
+12°

Азамат Оразбек бала күнінде қуаты жоғары трансформатор тоғына түсіп, қос қолынан айырылған. Сол қолы иығынан бастап жоқ болса, оң қолының шынтақтан жоғары тұсы ғана бар. Азамат сонда да тағдырына налып көрмеген. Мүмкіндігінің шектеулі екеніне қарамастан, үстел теннисімен, жүзумен кәсіби түрде айналысады. Аталған спорт түрлері бойынша Қазақстан чемпионы атанған. Соңғы уақытта ән жазып, өнерден өз еншісін алуға талаптанып жүр. Бүгінде репертуарында бірнеше туынды бар. Үйленген, 3 бала тәрбиелеп отыр. Қамшы тілшісі Азамат Оразбектің қазір немен айналысып жүргенін, жоспарлары мен арман-тілегі туралы сұрап көрді.

Азамат жаттықтырушылар кеңесі бойынша соңғы уақытта үстел теннисінен өтетін жарыстарға жиі шыға бермейді.

– Жаттықтырушылар бір шешімге келіп, үстел теннисінен мені резервке қойды. Енді бұл спорт түрінен Қазақстанның ішінде көптеген жарыстарға қатыспаймын. Республикалық жарыстарда Алматы құрамасына ұпай керек болса ғана қатысамын.

Азамат жұбайыменБұл шешімді қабылдауға бірнеше себеп бар. Біріншіден, артымнан еріп келе жатқан жастарға жол берейін дедім. Екіншіден, Қазақстанда маған қарсылас шақ келмейді. Сондықтан Азияға шығамын. Алайда ол жақтан жеңіспен оралу әзірге бізге мүмкін болмай тұр. Өйткені қазір үстел теннисінен Қытай, Кореяның спортшыларына тең келер ешкім жоқ. Әзірге біздің дәрежеміз оларға жетпейді. Сол себепті бұл спортпен уақытша қоштасуға тура келді, – дейді ол.

Азамат бірнеше жыл бойы жүзумен айналыса алмағанын да атап өтті.

– Бірнеше жыл бойы көру қабілетім нашарлағандықтан, уақытша жүзуден қол үзуге тура келді. Бүгінде бәрі оңалып, қайтадан жүзумен шұғылданып жүрмін. Енді жақсы нәтижеге жетсем деймін. Кез келген спортшы секілді мен де паралимпиада жеңімпазы болғанды армандаймын. Олимпиадаға қатысу үшін ұпай жинау қажет. Тамыз айында Тайландқа кетуім керек еді. Бірақ бүкіл әлемде болып жатқан пандемияға байланысты ешқандай жарыстарға шыға алмай отырмыз. Карантинге байланысты жаттығулар да тоқтап тұр. Алдағы уақытта жаттығу залы ашылып қалар, – деді спортшы.

Азамат спорттағы карьерасы уақытша тоқтап тұрғанымен, бүгінде бос жүрген жоқ. Қайырымдылық шарасына қатысып, өзінің әншілік қырын дамытуға барын салуда.

– "Нұр Отан" партиясымен бірігіп, жағдайы төмен отбасыларға көмектесіп жүрмін. Сондай-ақ өнердегі тыңдармандарымды жаңа әндермен қуантсам деймін. Сол үшін таңертеңнен кешке дейін студияда ән жазып жүрмін. Өнерге, ән айтуға кішкентай кезімнен құмармын. Ән шырқап жүргенім табыс табу мен күнкөрістің қамы ғана емес. Мұнымен өзім жақсы көргендіктен айналысып жүрмін. Жалпы өзіме қолымнан келетін тірлікпен айналысқан ұнайды. Сондай-ақ жуырда жақын бауырларымызбен бірігіп киім сататын дүкен аштық, – дейді Азамат.

Азамат Оразбектің жеке мұрағаты

Кейіпкеріміз әлемде болып жатқан жағдай табысына кесірін тигізіп жатқанын, артық табыс табу мүмкіндігі жоқ екенін айтты. "Әйтеуір елдің көргенін біз де көріп жатырмыз. Құдайдың бергені деп жүрміз" деген ол қазір жалғыз өзіне ғана емес, күллі халыққа оңай болмай отырғанын жеткізді.

Азамат анасы, інісі, қарындасы, жұбайы және үш баласы бәрі жалдамалы пәтерде тұрады. Анасы немерелеріне қарап үйде отыр. Қарындасы биыл студент атанбақ.

Азаматты тағдырдың тосын сыйы да, түрлі қиындық та сындыра алмаған. Мақсаты – айқын, қолынан бәрі келеріне бек сенімді. Арманы – олимпиада чемпионы болу. Өнерде тыңдарман жүрегіне жол тапқысы келеді. Арман-мақсатына жету жолында тынбай еңбектеніп жүр.

– Алла қаласа, бәрі де өз уақытымен болады деген ниеттемін, – дейді өзі.

Құндызай Өтеген

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір