20 Шілде, 2020 Саясат
Үкіметтегі ауыс-түйіс: Жұмағалиев кетті, оның қызметін уақытша Мусин атқарады
Қазақстан үкіметінде бірқатар кадрлық өзгерістер болды
Фотоколлаж
Асқар Жұмағалиев Қазақстан Республикасының цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі қызметінен босатылып, оның орнына уақытша президентінің цифрландыру және инновациялық технологиялар жөніндегі кеңесшісі болған Бағдат Мусин келді.
Үкімет қаулысымен цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бірінші вице-министрі болып тағайындалған Бағдат Мусин қызметтен кеткен Жұмағалиев орнына уақытша министр қызметін атқарады.
Премьер-министр сайтында жарияланған ақпараттық хабарламада министрліктің алдына мемлекеттік қызметтер мен экономика салаларын цифрландыру жөнінде нақты міндеттер қойылғаны, денсаулық сақтау және білім беру саласын цифрландыру мәселесіне ерекше көңіл бөлу қажеттігі айтылған.
Экс-министр Асқар Жұмағалиев тұсында министрлік төтенше жағдай кезінде электрондық қызметтерді дұрыс жүргізе алмағаны үшін өткін сынға ұшыраған. 42500 теңге әлеуметтік төлемге өтінім қабылдайтын сервистер бастапқыда бірнеше күн жөнді жұмыс істемеген.
Қашықтан оқыту кезінде елдімекендердің интернетпен қамтылу мәселесі қағаз жүзіндегі деректерден мүлде алшақ екені әшкереленген.
Осы ретте Бағдат Мусинге ауылдық елді мекендерді сапалы интернетпен қамтамасыз ету, Қазақстанның инновациялық экожүйесін дамыту мәселелері жүктеліп отыр.
Бағдат Мусин 1983 жылы Павлодар облысы, Екібастұз қаласында дүниеге келген.
2004 жылы Сүлеймен Демирел атындағы университетті инженер-бағдарламашы, 2006 жылы Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтын құқықтану мамандығы бойынша тәмамдаған.
2004 жылға дейін білім ала жүріп «NAT» АҚ, «Ізет» ЖШС және басқа да жеке компанияларда жұмыс істеген.
2004 жылдың қыркүйек айынан бастап «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамында инженер-бағдарламашы, Куәландыру орталығы бөлімінің басшысы, мемлекеттік органдарда IT бөлімшелер құру департаменті директорының орынбасары.
2004-2007 жылдары қосымша «AMANAT-insurance» БК» акционерлік қоғамында ақпараттық технологиялар жөніндегі кеңесші-конултьтант.
2007 жылдан бастап Әділет министрінің ақпараттық технологиялар жөніндегі кеңесшісі және Ақпараттық технологиялар басқармасының басшысы.
2010 жылдың сәуір айынан Байланыс және ақпарат министрлігінде (Көлік және коммуникация министрлігі) Ақпараттық технологиялар саласындағы мемлекеттік саясат департаменті директорының орынбасары.
2011 жылдың сәуір айынан Мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруды бақылау және Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметін үйлестіру комитеті төрағасының орынбасары.
2012 жылдың наурыз айынан Мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруды бақылау және Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметін үйлестіру комитеті төрағасы.
2014 жылдың сәуір айынан «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы.
2014 жылдың тамыз айынан «Қазпошта» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы.
2017 жылдың қаңтар айынан Қазақстан Республикасының Бас Прокуратурасында Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің төрағасы.
2018 жылдың мамыр айынан Bi Group құрылыс холдингі Басқарма төрағасының орынбасары және корпоративтік-венчурлік қордың басшысы.
2019 жылдың маусым айынан IT кәсіпкер, ReKassa, Tastamat және басқа да IT-стартаптардың негізін қалаушы.
2020 жылдың наурыз айынынан бері Қазақстан Республикасы президентінің цифрландыру және инновациялық технологиялар жөніндегі кеңесшісі болып қызмет етіп келді.
«Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталған.
Қазақ, орыс, ағылшын тілдерін еркін меңгерген, түрік тілінде ойын жеткізе алады.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір