• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 01:04:29
Алматы
+12°

Психолог Ержан Мырзабаев Қамшыға берген сұхбатында жағымсыз ақпараттың кері әсерінен қорғану, коронавирус жұқтырып алу үрейінен арылу туралы, табысынан айырылып күйзеліске түскенде, отбасылық қиындықтарда не істеу керектігі жайлы айтып берді.

– Коронавирус пен пневмониядан қайтыс болып жатқандар туралы ақпараттың адам психологиясына келтірер кері әсерінен арылу үшін не істеу керек?

– Біріншіден, жағымсыз ақпарат алуды шектеу керек. Жаңалықты күніне 1 рет таңертең немесе кешке оқыған жөн. Ақпаратты тек ресми дереккөзден алған дұрыс. Whatsapp топтардың, түрлі сайттардың, блогерлердің коронавирус туралы жазбаларын қайта-қайта оқи берудің қажеті жоқ. Психологиялық тұрғыда, адам бір жаңалықты 7-8 ақпарат көзінен оқыса, сонша жаңалық естігендей болады. Мысалы, "бір дәріханада дәрі жоқ" деген ақпаратты бірнеше жерден оқысаңыз, бұл сіз үшін бүкіл әлемде дәрі жоқ секілді әсер қалдырады. Сондықтан жағымсыз ақпаратты барынша аз оқыған абзал. 

Екіншіден, адам негатив ақпарат оқығанда, өзіне "мен не істей аламын?" деген сұрақ қоюы керек. "Адамдар ауырудан қайтыс болып жатыр, елде дәрі тапшы. Бұл мәселені қалай шеше аламын?" деген жөн. Қолдан келер шара болса, істеу керек. Көмектесе алмасаңыз, босқа уайымдамаңыз. Өйткені шешілмейтін мәселе – миға өте үлкен жүк. Компьютердің жадын қажетсіз ақпаратпен толтырса, қатып қалады ғой, сол секілді адам өзі шеше алмайтын мәселені ойлап жүргенде, құр уайым денсаулығына кері әсер етеді.

Үшіншіден, жаман ақпараттың әсерін басу үшін жақсы жаңалық оқыған абзал. Пандемиядан да басқа өмір бар екенін ұмытпау керек. Күлкілі видео көріңіз. Балаңыздың салған суретіне, әйеліңіздің пісірген тамағына мақтау айтыңыз. Позитивтің әсерінен негативтің күші азаяды. Бұл адамдарды стресске түсуден сақтайды.  Ал күйзеліске ұшырамасаңыз, иммунитет те мықты болады.

а

Ержан Мырзабаев/ Фото Мырзабаевтың жеке мұрағатынан алынды

 

–  Күнделікті көңіл-күйді реттеу үшін қандай кеңес айтасыз?

– Далаға шығыңыз. Ауырсаңыз да, ауырмасаңыз да төрт қабырғаға қамалмаңыз. Таза ауада серуендеңіз. Күннен қуат алыңыз. Ол бойымыздағы серотонинді, яғни бақыт гормонын арттырады. Өзіңізге күніне бір рет жағымды ақпарат оқимын деген мақсат қойыңыз. 

Мені кім бақытты қылады екен деп күтіп отырмаңыз. Біреудің көңілін көтерсеңіз, бумеранг секілді тура өзіңізге қайтып келеді. Мен күнде туыстарыма, достарыма қоңырау шаламын. Әңгіме барысында пандемия жайлы мүлде сөз қозғамаймыз. Осы қарапайым нәрселерді жасау арқылы психоэмоционалды тұрақтылықты сақтаймыз.

–  Адамдар жақсы жаңалықтан гөрі жаман ақпаратты тез қабылдайды. Бұның себебі неде?

– Адамдар табиғатынан қорқынышты нәрсеге тез назар аударады. Мәселен, мейрамханада көңіл-күйі көтеріңкі адамдарға мән бермейміз. Ал жағымсыз бір дыбыс естісек, "маған қауіп төндірмей ме екен?" деген қорқынышпен дыбыс шыққан жаққа қараймыз. Күйзеліске  түспеу үшін жағымды ақпарат оқуды әдетке айналдырғаныңыз абзал.

–  Қазіргі таңда кей адамдар коронавирус жұқтырып алудан қорқады. Осы қорқынышты қалай жеңген жөн?

– Алдымен қорқыныш пен үрейді ажыратып алайық. Қорқыныш бізді іс-әрекетке итермелейді. Вирустан қорыққаннан дәрі ішеміз, маска тағамыз, санитария талаптарын сақтаймыз. Бұл бізді қауіп-қатерден сақтайды. Ал үрей бірнәрсені артығымен істеуге немесе шок болып қатып қалуға әкеп соқтырады. Үрей фобияға айналып кетсе, психологтың көмегімен фобия қалай, қашан пайда болғанын анықтау керек.

– Балаларға әлемде болып жатқан індет туралы қалай түсіндірген дұрыс?

– Балалармен шынайы ашық сөйлескен жөн. Вирустың бар екенін, одан адамдар ауырып жатқанын айту керек. Осы себепті мектепке, балабақшаға әзір бармайтындарын түсіндіру керек. Алайда өлім туралы айтпаған жөн. Балалар ауырып қалуды білгенімен, өлім сөзін қабылдай алмайды. "Сен тұмаураттың ғой, бұл да сол секілді ауру" деп түсіндіру керек. Балалар өз ортасынан алшақтап қалғандықтан, уақытты бірге өткізген дұрыс. Баланың еркін ойнауына, серуендеуіне шектеу қоймау керек.

– Індет таралып, шектеу шаралары енгізілгендіктен көп адамдар жұмысынан, табысынан айырылды. Оларға қандай психологиялық кеңес айтасыз?

– Әрбір дағдарыс – мүмкіндік. Болып жатқан оқиғаларға қайғырмау керек. Сондай-ақ келешек әлі келген жоқ. Оны да алдын ала уайымдамаңыз. Уайымның кесірінен бүгінгі күннің мәселесін шешуге, түрлі идея ойлауға энергиямыз жетпей қалады. "Күнімді қалай көремін?" деп қазіргі сәтті ойлау керек. Мүмкін қара жұмыс істеп нан табарсыз, мүмкін тапсырыс беретін компанияларға жұмысқа тұрарсыз. Өмірде шешімі жоқ жағдай болмайды. Сантүрлі нұсқаларын іздеген жөн.

– Карантин кезінде отбасылық ұрыс-керіс жиілегені көп айтылып жүр. Мұны қалай шешуге болады?

– Егер адам болып жатқан оқиғалардан әсерленіп, отбасы мүшелеріне зорлық-зомбылық көрсетсе, ол адаммен арақатынасты үзген дұрыс. Мұндай адаммен бір жерде тұруға болмайды. Ашуына тимейін, шыдайын деу жарамайды. Отбасы – екі адамның шын көңілмен бір-бірін ұнатқаны үшін бірге тұруға келісуі. Зорлық-зомбылық көрсетсе, "ашуыңды бас, агрессияңа ие бол" деу керек. Әйелі не күйеуі психологиялық тұрғыда шаршаса, бір-біріне түсінік танытып, психологтың көмегіне жүгінген жөн. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың ешқандай түріне төзбеу керек.

Құндызай Өтеген

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір