08 Шілде, 2020 NEWS
muslim.kz
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы дәрі-дәрмекті қымбаттатқандарға қатысты пікір білдірді. Мүфтидің видеоүндеуі ҚМДБ Youtube каналында жарияланды.
– Асыл дінімізде қажет уақытта керек көмекті жасау үлкен сауапты амалдың біріне жатады. Сындарлы сәтте науқас жандарға қажетті дәрі-дәрмекті жеткізіп, алғысын алайық. Дәрі бағасын қолдан қымбаттатуға жол бермей, жақсылық жасауға асығайық. Ал жұртымызды жұқпалы індеттен арашалап алуға бар күшін жұмсап, жән-тәнімен қызмет етіп жүрген ақ халатты абзал жандарға жылы сөзімізді арнап, жігерін оятайық. Олар үшін әрдайым дұғада болайық, – деді ҚМДБ төрағасы.
Бас мүфти көптеген азаматтың сынақ сәтінде садақа беріп, құрбан шалып, дұға етіп жатқандығын атап өтті.
– Садақамыз бен құрбандығымыз осы бір нәубетті кезеңнен аман-есен өтуге себепкер болсын. Біз тағы да жамағатпен дұға жасап, истиғфар, салауат айтуға ниет етіп отырмыз. Халық даналығы: «Көп тілегі көл болар« дейді. Баршаңызды көппен бірге ел игілігі үшін дұға жасап, салауат пен истиғфар айтуға шақырамын. Халқымыз: «Ауыр жол – атанды сынайды, ауыр іс – адамды сынайды» деген. Расында бұл сынақ жас пен жасамысқа оңай тиіп жатқан жоқ. Алла Тағала дертке шалдыққандарға шипа беріп, дәм-тұзы таусылған жандарды мейіріміне алғай. Әмин!, – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Айта кетейік, соңғы уақытта дәріханаларда парацетамол, аспирин, цитрамон секілді дене қызуын түсіруге арналған дәрілер тапшы. Тұрғындардың қажетті препараттарға қол жеткізе алмай дәріханалар алдында ұзын-сонар кезекте тұрғаны хабарланған болатын.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір