07 Шілде, 2020 Әлеумет
Көрнекі сурет
Алкогольдік тәуелділік – заманауи қоғамдағы жаһандық мәселелердің бірі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жүргізген зерттеуге сәйкес,алкогольді ең көп тұтынушы елдердің көшін Молдова бастап тұр. Екінші орында Литва, үшінші орында Чехия орналасқан. Алғашқы ондыққа Германия, Нигерия, Ирландия, Люксембург, Латвия, Болгария, Румыния кіреді. Ал, бұл тізімде Қазақстан 76-орында тұр. Бангладеш, Кувейт, Ливия елдері алкогольді мүлдем тұтынбайтын елдер қатарында.
Психиатр-нарколог Диас Оңғарбековтың айтуынша, ішімдікке тәуелділік физиологиялық (алкоголь зат алмасу бөлшегіне айналады да, ағза онсыз дұрыс жұмыс жасай алмайтын болады) және психологиялық (шаршауды басу, мәселелерден қашу мақсатымен ішімдік ішу) деңгейде қалыптасады. Сәйкесінше маскүнемдікті емдеу де дәрілік заттар мен психологиялық көмекті қажет етеді.
Алкогольдің денсаулыққа зияны
Наркологтың айтуынша, алкоголь бірінші кезекте бауырды бұзады (бауырдың негізгі функциясы – асқазан мен ішекке сіңетін барлық заттарды залалсыздандыру). Алкогольдің тұрақты уландыратын әсері салдарынан бауыр қабынып, алкогольді гепатит туындайды, содан кейін бауыр жасушаларының көп бөлігі өліп, бауыр циррозы дамиды. Бауыр циррозы – маскүнемдікке душар болған науқас өлімінің жиі кездесетін себептерінің бірі.
Алкоголь асқынған, сонымен қатар созылмалы панкреатитті тудырып, ұйқы безін зақымдайды. Панкреатиті асқынған науқастарды шұғыл түрде ауруханаға жатқызады, өйткені көбінесе науқастың өмірін сақтап қалу үшін шұғыл түрде хирургиялық көмек қажет болады.
Алкоголь жүрекке де әсер етеді. Жүрек соғуының ырғақсыздығына, күретамырлы қысымның көтерілуіне әкеліп соғады. Жүрек бұлшықетінің жасушаларында зат алмасуды бұзады, бұл ретте жасушалардың бір бөлігі өліп, миокардиострофия дамиды (жүрек салмағының азаюы).
Алкоголь иммунитетті (ағзаның инфекциялардан қорғану қабілетін) төмендетеді, сондықтан ішімдік ішетін адамдардың көбінесе өкпесі қабынады, жұқпалы ауруларға шалдығады.
Алкоголь перифериялық жүйке жүйесін бұзады. Бұл «маскүнемдердің өздеріне тән жүрісінен» көрінеді. Мұндай жағдайда адам аяғын бәсең әрі сенімсіз басады, теңселіп жүреді, қолдарының саусақтары дірілдейді. Алкоголь белсіздікке, ұрық жасушаларының зақымдалуына әкеліп соғады. Соның салдарынан балалар дене және ақыл-ой дамуындағы әртүрлі ауытқумен, ішкі және сыртқы кемтарлықпен туады.
– Егер әйел адам жиі және жүйелі түрде алкогольдік сусындарды мөлшерден тыс қолданса, онда ұйқы безінің зақымдалуына алып келеді, – дейді Д.Оңғарбеков.
Алкоголизмнен емделу
Нарколог маскүнемдікті емдеу пациент тәуелділіктен арылғысы келген жағдайда ғана тиімді болатынын айтады.
– Маскүнемдіктен зардап шегетін науқастарға, сондай-ақ есірткіге тәуелділіктің басқа да түрлеріне көмектесу үшін біздің елде мамандандырылған мекемелер – наркологиялық диспансерлер бар. Әр диспансер белгілі бір аумаққа қызмет етеді. Бұл аймақта тұратын адамдар ол жерге өз бетімен немесе басқа мамандардың жолдамасымен бара алады.
Алкоголизмді емдеу кешенді түрде жүргізіледі және ұзақ уақытты қажет етеді. Емдеушараларына мыналар кіреді:
– алкогольді тоқтату кезінде жағымсыз симптомдарды жоюға және этанол ыдырау өнімдерін ағзадан шығаруға бағытталған дәрілік терапия;
– кәсіби мамандардың психологиялық көмегі;
– тәуелділіктен арылған немесе күресуге тырысатын адамдарға қолдау көрсету – анонимді маскүнемдер тобы;
– алкогольді пайдаланудан туындаған барлық асқынуларды емдеу.
Этанолмен өзара әрекеттесетін дәрілік заттарды ағзаға (көктамыр ішіне немесе ішуге) енгізу әдісі де бар. Бұл жағдайда науқастың халы нашарлап, жүрекгі айнуы, құсуы, басы ауруы мүмкін. Мұндай жағымсыз симптомдар науқасқа алкогольге деген құштарлықты жеңуге көмектеседі, – дейді маман.
Психолог Шолпан Әкімова әйел адамдардың бойындағы маскүнемдік ерлерден қарағанда тез дамитынын айтады.
– Алкогольге тәуелділіктің қалыптасуы үшін 5 жыл ішінде алкоголь тұтынып жүру жеткілікті. Алкогольдік тәуелділік мінезді де өзгертеді. Әйел адам ашушаң, дөрекі және психикалы мазасыздық күйін кешеді. Сәйкесінше, ол маскүнемдіктің құрығына қалай түскенін өзі де түсіне алмай қалады. Одан да сорақысы – ол өзін емдеуден бас тартады. Дегенмен ерте кезеңдердегі маскүнемдікті емдеуге болады, бірақ бұл – ұзақ және ауыр үрдіс. Әйелдер маскүнемдігін емдеудің ерлердегі тәуелділікті емдеуден еш айырмасы жоқ десек те болады. Тек мұнда ерекше көңіл бөлу мен емдеу үрдісінде шыдамдылық таныту талап етілетінін айта кеткен жөн. Өйткені әйел адамдар көбіне жаман әдетті айналасынан жасырып, маманға жүгінуді жөн көрмейді, сәйкесінше көмек көрсету кеш басталып жатады, – дейді психолог.
Психологтың айтуынша, көп жағдайда ішімдікке салынудың басты себебі – дұрыс тәрбиенің болмауы, қаржылық қиындықтар, тұлғаның социумдағы төмен статусы.
– Статистикаға сүйенсек, қазіргі уақытта ерлердің спирттік сусындарға құмарту көрсеткіші әйелдерге қарағанда әлдеқайда жоғары. Ішімдікке салынған әйелдердің жас мөлшері – 35-50 жас аралығында. Моральдық тұрғыдан әйелдер ерлерге қарағанда әлдеқайда төзімдірек. Дегенмен оларға бұл тәуелділікті жеңу өте ауырға түседі, нәтижесінде әйел адамның өмірі алькогольге байланып қалады. Әйелдер әртүрлі қиындықтарды еңсере алуы мүмкін, бірақ айналасынан түсіністік таппаған кездерде олар да, ерлер тәрізді, өз өмірін ащы судың көмегімен жеңілдете түскісі келеді, – дейді Ш. Әкімова.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір