• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

21 Қараша, 21:20:07
Алматы
+12°

Әлеуметтік желінің теріс салдары ретінде сарапшылар тәуелдік пен ол жердегі қарым-қатынасты жиі айтып жүр.

Психолог Шолпан Әкімова желіде уақытын көп өткізетін жасөспірімдерге көп көңіл бөлу қажет екенін, өйткені олардың жасында психикалары тұрақты емес және ғаламторға тәуелдік деп аталатын психологиялық ауру пайда болатынын айтады.

– Ғаламторға тәуелдік – әртүрлі кешендердің пайда болуына себеп болуы мүмкін психологиялық ауытқу. Бала осындай ауытқуға тап болмау үшін әлеуметтік желілердегі өз аккаунттарына қаншалықты жиі кіретінін қадағалауы қажет. Сондай-ақ ғаламторды пайдалану уақытын шектеу керек. Егер жасөспірім бұған агрессивті әрекет етсе, онда әртүрлі шаралар қолдану керек. Бұл ауру мектептегі жасөспірімдердің үлгеріміне, сондай-ақ олардың дүниетанымына әсер етеді. Статистикаға сәйкес, балалардың 23 пайызы әлеуметтік желілерде аптасына 7 сағаттан 14 сағатқа дейін, 57 пайызы 14-21 сағатқа дейін, 20 пайызы 21 сағаттан артық уақыт өткізеді. Әрбір бесінші бала аптаның жеті күнінің бірін әлеуметтік желіге жұмсайды, – дейді психолог.

Психологтың айтуынша, 28 жастан 45 жасқа дейінгі жалғыз басты адамдар әлеуметтік желілерге үлкен үміт артатын көрінеді.

– Олар ғаламтор арқылы танысу оңай деп ойлайды. Статистикаға сәйкес, әлемдегі әрбір бесінші отбасы әлеуметтік желі арқылы танысқан. Бірақ мұның кері жағы да бар. Әрбір үшінші ажырасу әлеуметтік желілерге байланысты орын алады. Әлеуметтік желілерде танысудан кейін көзге шөп салу саны үш есе өсті. Виртуалды әлемдегі әйелдермен сөйлесе отырып, ерлер оларға қамқорлық жасауды ұмытып қалуы мүмкін. Виртуалды қарым-қатынас нәзік жандыларға да әсер етеді, өйткені олар ашық фотосуреттер мен жеке өмірі туралы мәліметтерді көпшілік назарына сала отырып, өздерінің жұмбақтығын жоғалтады. Бұл да шаңырақтың шайқалуына бірден бір себеп болуы әбден мүмкін, – дейді Ш.Әкімова.

«Media System» компаниясының «Brand Analytics» сервисі ұсынған мәлімет бойынша, биыл маусым айында қазақстандықтар көбі «ВКонтакте» желісінде отырған. Сервисті бір айда 1 309 669 адам қолданған. Олар 16 629 521 хабарлама жариялаған. Ресейлік желіні пайдаланатындардың 59 пайызы ер адамдар болса, 41 пайызы – әйелдер. Бұл әлеуметтік желіде көбіне 18 жасқа дейінгі жастар отырады екен.

Екінші орында – Instagram желісі. Оны Қазақстанда 1 миллионнан астам адам қолданады. Олардың көбі, яғни 71,9 пайызы – әйелдер, қалған 28,1 пайызы – ерлер.

Үшінші орында – Facebook тұр. Аталмыш желіні Қазақстанда бір айда 326 887 адам қолданса, олардың көбі, яғни 58 пайызы – әйелдер, қалған 42 пайызы – ерлер. Олар бір ай ішінде 9 673 614 хабарлама жариялаған. Негізгі аудитория, яғни Facebook желісін қолданатындардың 37 пайызы – 35-44 жас аралығындағы адамдар.

Twitter желісінде 26 101 қазақстандық отырса, олардың 41 пайызы – әйел адамдар, қалған 59 пайызы – ер адамдар. 730 703 хабарлама жариялаған.

Таңшолпан Ғазизқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір