• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 00:33:11
Алматы
+12°

Халық арасында "Үкілі бала" лақап атымен танымал Ерболсын Серікбаев бүгінде Ақтөбеде тұрады. Емші бала ол жақта медицина саласы бойынша кәсіби білім алып жүр. 3-курсты тәмәмдады. Қамшы тілшісіне сұхбат берген ол қандай науқастарды қабылдамайтынын, емі үшін қанша қаражат алатынын айтты.

Ербосын 10 жасынан бастап кісі емдей бастаған. Емшінің сөзінше, мұндай қасиет арғы ата-бабаларында да болған.

– Жалпы бұл кәсіп іш пысқанда айналысатын дүние емес, яғни бұл менің өмірлік жұмысым. Мен өзімді ерекше адам санамаймын. Алла Тағала менің қолыма осындай дарынды берген екен, қолдан келгенше барлығын жасауға тырысамын. Мен көріпкел, не балшы емеспін, ондай қасиетім де жоқ. Қазірге дейін қаншама адамды емдеп, олардың сеніміне ие болып келемін. Әрине бұл менің жұмысымның бірден-бір нәтижесі деп білемін. Алдыма келген адамдарды қамшы, одан кейін құранмен емдеймін, – дейді Ерболсын. 

"Үкілі бала" әртүрлі диагнозбен келген адамдарды емдеуге 5 немесе 15 күндей уақыт кететінін айтты.

– 9 жылдық тәжірибиемнің арқасында қандай ауруға қанша уақыт кететінін біліп отырамын. Адам баласы "иә" немесе "жоқ" деп қолынан келетінін, я келмейтінін сенімді түрде айтуы қажет. Менің алдыма ауырып келген адамды емдеп жібергеннен кейін, ол екінші рет ауырып келмейді. Мәселен, көзі –5 болып келген адамдар болды. Мен оларға 1 айдың ішінде –3,5/3-ке дейін көзінің көріп кетуіне ықпал жасадым. Көбіне менің алдыма бала көтере алмай жүрген орта жастағы әйелдер келеді. Сонымен қатар жүрегі ауыратындар, мүгедек жандар, көзі нашар көретін, өтінде тасы бар адамдар келіп жатады. Жалпы мен 70-тен жоғары жастағыларды мүлдем қабылдамаймын. Өйткені олардың организмі қартайып, шаршаған. Сонымен қатар туберкулез, рак, өкпе ауруларымен ауыратын науқастарды да қабылдамаймын. Қолымнан келмейтін іске кірісіп, ақша үшін халықты алдау ойымда жоқ, – дейді ол.

Емшінің сөзінше, қабылдауына келгендерден нақты қаражат сомасын сұрамайды.

– Мен халықтың ауруына ем таба алмай, медициналық жолмен емделуге қаражаты жетпей келетінін білемін. Сондықтан белгілі бір нақты қойған бағам жоқ. Кім қалай бере алады, солай аламын. Өйткені біреудің жағдайы жетеді, біреудікі жетпейді. Тіпті қажет болса тегін де емдеймін. Тегін ем алған пациенттер аз емес. Кез келген тауарды сатып аларда ақысын төлейтінің сияқты ем жүру үшін 100 теңге болсын берген жөн. Ең бастысы шекті қойған бағам жоқ, – дейді емші бала.

Емші ұзақ жылғы еңбек арқасында материалдық жағдайының жақсарғанын атап өтті. 

– Мендегі ең елеулі өзгеріс – атақ-даңқ. Көптеген адам жұмысымды бағалап, көрген жерде өзінің оң көзқарасын білдіріп, сыйлап жатады. Көбіне емдеу жағынан ұсыныстар Алматы және Нұр-Сұлтан, Қостанай қалаларынан түседі. Сондай-ақ Мәскеу, Оренбург, Петербург сынды қалалардан да шақыру жиі аламын. Осылайша әртүрлі адамдарды қабылдап, аяқтан тұрып кетуіне септігімді тигіземін. Шыны керек Қазақстан халқынан гөрі, шет елдегі азаматтар емдік қасиетімді жоғары бағалайды. Сондай-ақ жомарттық танытып, үй тарту еткен адамдар да болды. Аллаға шүкір қазіргі уақытта қалада 2 үйім, 1 коттеджім және 2 темір тұлпарым бар. Оның бәрі де бірінші Алланың арқасы, кейін осы еңбегімді бағалап жатқан адамдардың арқасы. Мұның бәрі неше жылдан бері жасап келе жатқан маңдай тер мен жұмыстың нәтижесі.

Қазақстанда медицина дамыған болса, елдегі аурулардың саны мұндай көп болмас еді. 

– Жалпы біздің елде медицина дамымаған. Егер де біздегі медицина дамыған болса, аурулардың саны мұндай көп болмас еді. Қазіргі уақытта жоғары оқу орындарында оқымаған, біліксіз дәрігерлер саны өте көп. Кейде сау адамның өзін ауру етіп жатады. Оның бәрі білімсіздіктен. Әрине көпке топырақ шашуға болмайды, бірақ араларында дипломды сатып алып, адам тағдырына балта шапқан біліксіз мамандар да жоқ емес. Менің медицина саласында оқуымның басты себебі – кәсіби маман атану. Яғни өз саламды әрі қарай дамытып, халыққа көмектесу, – дейді ол.

Емші коронавирус инфекциясы туралы ештеңе айтқысы келмейтінін бұл індетпен ауырып жатқан науқастарды қабылдамайтынын айтты.

Нұрсұлу Темірханқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір