• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

03 Желтоқсан, 22:18:10
Алматы
+7°

Фотоны түсірген автор

Азаматты Көк базардағы сатушылар мен базардың тұрақты келушілерінің көбі біледі. Жібек жолы көшесі 54 үйдің алғашқы қабатындағы 4 шаршы метрлік шағын аяқ-киім шеберханасы оның 2005 жылдан бергі жұмыс орны.

в

Шеберханаға кіреберіс

Азамат Мырзағалиев 1985 жылы Қарақалпақстанда дүниеге келген. Балалығы Қараөзек ауданында өтті.

Етікшілік Мырзағалиевтердің отбасылық кәсібі. Азамат мектепті бітіргеннен кейін механик мамандығына оқуға түскенімен, өмірлік кәсібі ретінде осы жолды таңдады.

20 жасында ағасының шақыруымен Қазақстанға келді. Содан бері Көк базарда табан аудармастан еңбек етіп жүр. Аяқ-киіммен қатар сөмке де тігеді. Жұмысына көп алмайды. Жеңіл-желпі желімдеу, бір-екі жерін жіппен іле салғанға 200 теңге, сынған табанды ауыстырғаны, айналдыра тіккені үшін 1500-2000 теңге сұрайды.

а

а

Етікші кезекті клиенттің аяқ-киімін тігіп отыр

Жаз айлары өзі айтқандай «сезон» емес. Кейде тапқаны шығын мен 4 шаршы метрді жалдаудан әрең асады. Ал жұмыстың қызатын кезі – күз, қыс кездері. Клиенттерінің дені саудагерлер мен базар келушілері. Жылдар бойы тұрақты келіп жүргендер де жетерлік. Өзінің сөзінше, негізінен аяқ-киім тіккізуге тұрмысы қарапайым тұрғындар келеді. "Түрімді қазаққа ұқсата бермейтіндіктен, алғаш көргендердің көбі орысша сөйлейді. Әкем де, шешем де қазақ екенін, өзім әліммін, нағашыларым найман руынан деп айтқаннан кейін ғана сенеді" дейді ол.

Етікші бірі екіншісінен аумайтын жылдардың зымырап өтіп жатқанын ата-анасына еріп келіп жүрген балалардың есейіп өздері келіп тұрғанында бір-ақ аңғаратындай. Осы уақыт аралығында ешкіммен жанжалдасып көрмепті. Мұнысы жұмысын шебер істейтін ісмерлігінен, ешкіммен шатағы жоқ мінезінен болса керек. Кейде қайта-қайта қадап айтатын кірпияз адамдардың аяқ-киімін тігу кезінде қырсыққандай сәтсіздіктер болып тұратынын да жасырмайды. Десе де 15 жылда басқа салаға кету, жұмыс ауыстыру туралы ойлап көрмепті. "Стройкаға" кетейін десең, істей алмайсың. Қолдан келетіні осы" дейді жымиып.

Азамат 2012 жылы отау тіккен келіншегімен бүгінде үш ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Шағын шеберхананың аш қалдырған кезі болмаған. Біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей тұрмыс кешіп жатыр. Бастысы – баспанасыз жүрген жоқ. Кәсібінің арқасында Талғар жақтан үй салған. Алыстағы ағайынға да қарайласады.

а

Азамат жұмыстан шығып, Талғарға такси тоқтатып тұр

Жуырда өмірінде бір қайғылы, бір қуанышты жайт болды. Қараөзектегі әкесі бақиға аттанып, арада екі-үш күн өткенде төртінші перзенті дүниеге келді. Шекара жабықтығынан шебер әке зиратына топырақ сала алмады. Соған ғана қынжылады. Жол ашылысымен қарашаңыраққа шұғыл барып қайтпақ.

Меліс Сейдахметов

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір