• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Қараша, 21:43:19
Алматы
+12°

10 Қыркүйек, 2013 NEWS

Жоламан Дүйсенов. Кредитқұмарлық дерті

Оралда 1911-1913 жылдары жалпы саны 16 нөмірі баспа бетін көрген «Қазақстан» дейтін газет шыққан. Сол газеттің 1912 жылдың наурызында жарық көрген №8-9...

Оралда 1911-1913 жылдары жалпы саны 16 нөмірі баспа бетін көрген «Қазақстан» дейтін газет шыққан. Сол газеттің 1912 жылдың наурызында жарық көрген №8-9 сандарында Теке сотының прокуроры Дельвиг дейтұғын баронның «Киргизский народный суд в связи с правовым положением инородцев степного края» атты материалын аударып басқан екен.

Осыдан тұп-тура бір ғасыр бұрынғы газет бетіне шыққан мақала бүгінгі қазақ елінде кеңінен тараған кредитқұмарлықтың тамырын тап басып танытып береді. Бір ғасыр өтсе де, риба-өсімге байланудан қоғамның арылғысы келмейтіні, кредит алуға келгенде «керек нәрсем көбейген» дейтін сылтауының еш өзгермегенін көресің.

«Ақшаны өсімге беру бұ күнде қазақ ішінде де жайылды. Қандай өсімнен де жиренбейді. Аның үшін қазақтың ғұрып-әдетінде ақшаға сомына пәлен тиыннан деген өлшеу жоқ. Бұ шамасыз өсімнің орыс законіне халаф екендігі қазақ ішіне әлі жайылып біткен жоқ». Қазір де сол. Өсімнің соңы қайдап апарып соғатынын түйсінетін шығар, бірақ мойындағысы келмейді. Қазақ ішінде жайылғаны жайылған ба, ел халқының банктер алдындағы кредиттік қарызы 1 700 000 000 (триллион жеті жүз миллиард) (!) теңгеге шықты. Дельвигтің зерттеу жазбасынан ұғынатын тағы бір дүниеміз – кредит қазақ ішіне жайылған өткен ғасырға дейінгі уақытта шариғатпен сабақтасқан әдет-ғұрпымызда өсім ұғымы, оның өлшемі дейтін ұғымның жоқтығы.

«Әлхасыл қазақ іші мұндай өлшеусіз рибаның, яғни, өсімнің туын тіккен жері. Қазақ ішінде ақша қадірлі, аның үшін қазақтың бұ күнде керек нәрсесі көбеюлі: шай алу керек, шекер алу керек, мата алу керек, егін жыртатын аспаптар алу керек һәм подать (алым) төлеу керек. Сол себепті ақшаларын мұқтаж адамдарға өлшеусіз-өлшеусіз үлкен өсімге беріп қояды. Бұ кәсіп қазақтың түсінуінше пайдалы һәм қадірлі кәсіп, бұ кәсіпті қазақпен көршілес қазақ-орыстар да жасайды». Қазір де осы. Өсімге кіргізіп, кредит берген банкін қадірлі көретінін қойшы, несиеге алған тұрмыстық бұйымын, көлігін, үйін мақтан тұтарын қайтесің. Керек нәрсесін өзі көбейтіп, жоқ жерден өсімге ұрынатын халі де өзгермеген. Бір ғасыр бұрын төлейтін алым-салығына кредит алған жұрт, қазір де қайсыбір қарыздарын сол кредитпен жауып мәз.

«Бұ жақтағы ұрын байларының бәрі де әуелі осы ұятсыз өсімнен ақша жинады. Төменде байлық жоқ, қазақ-орыстар бұ күнде миллионер боп жүр. Бұ дәулетті олар  қайдан жиды деп қазақ-орыс қарттарынан сұрасаңыз, қазақ тарапын көрсетеді. Осы қазақ-орыстар мұқтаж қазақтардан 1000 сомға 500 сом алады. Сөйтіп қазақ жылдан жылға өзі жарлы болып, біреуді байытып тұрады.» Қазір де тұп-тура осы. Кредитті беруші құрылымның өзгергені болмаса, кредит алушылар өсімнің себебімен берекесін қашырып, қарызға белшесінен батып, жарлылығын арттырып жатқан жайы бар. Бір жылдың ішінде төленбеген кредиттердің құны 257 миллиард теңгеге артып, 2 триллион теңгеге жеткен. Берілген кредиттер бір жылда 15%-ға, төлем уақыты созылып кеткен несиелер 13%-ға артқан. Ал енді...

Неге?

«мемлекет реттемейді?» Себебі, нарықтық қатынастар, банктік қаржылық жүйеде әлемдік саясаттың ықпалы бар. Сондықтан өсім қамытынан құтылу – әр адамның әрекетінен.

«Әлемде несиенің пайызы төмен, бізде өте жоғары? Проблемамыз – содан». Қате миф. Несиенің пайызы қарыз болу мәселесін шешпейді. Егер адамдар рас өздерінің барлық қарыздарынан құтылып кетер болса, төмен пайыздық несиеге ие АҚШ халқы ұзақ жылдар бойғы қарызынан арылар еді. Керісінше, кредитке кірген 40 миллион тұрғын үй-күйсіз босып жүр. 

«Кредит аламыз? Мұқтаждықпен ғана аламыз, әйтпесе алмас едік». Расында солай ма? Үйінде бар тұрмыстық техникасын да, шәйнек-үтігін де, тіпті елден қалмаймын деп телефонына дейін кредитке алатын халіміз шын мұқтаждық па? «Өзгеде бар плазмалық теледидар бізде неге жоқ?» дейтін бақталастық рас мұқтаждық па, «ел-жұрттан ұят болмасын, жерлеуіне кредит алайық» дейтін «кеңес» шын қамыққан жанның сөзі ме?

Осыдан 100 жыл бұрынғыдай «шай алу керек, шекер алу керекке» кредитке жүгіре беретін жағдайға келдік. Сондықтан, мойындау керек: қазіргі біздің несие алысымыздың көбі – лажсыздық емес, дүние-жарыстан қалып қоймаудың қамы. Сосын кредитқұмарлық дерті.

Дерттіміз. Бұл дертті жазудың жолы – мынау: Жаратушы жаратылғанның жайын жаратылғаннан жақсы білетініне илансақ, Аллаһ Тағала қасиетті Құранда өсімге тыйым салып, саудаға рұқсат берді. Кім Аллаһ Тағаланың істе дегенін істеп, тыйым салғанынан тыйылса, бақыт та, байлық та, береке де сонда. Адам Аллаһ Тағала бұйырған нәрсесін орындаумен, айталық, жан-жағымызда ентелеп тұрған несиеден бас тартумен сауап жияды. Тегін ақшадай көрінет несиеден бас тарту қиын, түсініксіздеу, басқа шешім жолы жоқ сияқты көрінер, бірақ жақсылыққа бір адым келесі жақсылыққа жол ашады. Көз жеткізіп көріңіз!

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір