31 Мамыр, 2020 NEWS
Qamshy.kz
Бүгін Қамшы порталының редакциясы саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының аруағына тағзым етті. Алматыдағы Қарасай батыр және Наурызбай батыр көшелері қиылысындағы саябақта орнатылған ескерткішке гүл шоқтары қойылып, құран оқылды.
Атаулы күнге арналып саябақ ішіндегі алаңқайға 20 алаш қайраткерінің суретінен фотогалерея ұйымдастырылды.
Шара барысында ҚР мәдениет қайраткері, ақын Алмас Ахметбек сөз алып, қазақ халқының тарихындағы нәубет кезең тұтас ұлттың жартысын жойып жібергенін айтты.
– Кеңес үкіметінің қолдан ұйымдастырған ашаршылығы мен қызыл әскердің қазақ қаймақтарын қасақана қыруының кесірінен халқымыздың жартысы опат болды. Тіпті бізге ұлт ретінде жойылып кету қаупі төнген болатын. Алайда халқымыздың қайсарлығының арқасында ұлт болып сақталып қалу бағы бұйырып, тәуелсіздікке қол жеткізіп, бүгін міне, осында тұрған жайымыз бар. Ашаршылық пен қуғын-сүргін құрбандары туралы айту өте ауыр. Бұл қазақ тарихындағы ең зұлматты кезеңдердің бірі. Бізге қалғаны алаш арыстары армандаған тәуелсіздікті баянды, мемлекеттімізді қуатты ету. Алашордашылардың елге қылған қызметі біз үшін құбыла болуға тиіс. Олар елін, жерін шексіз сүйді. Ұлт үшін туып, ұлт үшін өмір сүрді. Соңғы демі шыққанша ұлт деп өтті. Бұны жадымыздан ешқашан шығармауымыз керек. Осы мақсатта бүгін осында бас қосып отырмыз. Журналист, саяси тұлға ретінде қалыптасып келе жатқан азамат Біләл Қуаныш бас болып Қамшы порталының ұл-қыздары алаш ардақтыларының суреттерінен ашық аспан астындағы фотогалерея ұйымдастырыпты. Игі шарадан мен де қалыс қалмайын деп, болашағымыз гүлді болсын деп ырымдап құрбандар ескерткішіне бір тал гүлімізді қоюға келдік, – деді ақын.
Гүл шоқтарын қоюға қала тұрғындарымен қатар желтоқсаншылар, журналистер, мәдениет және өнер адамдары барды.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір