12 Мамыр, 2020 Әлеумет
Qamshy.kz
Белгілі құқық қорғаушы Айгүл Орынбек өзінің facebook-тағы парақшасында әлдекімнің ұтыс ойнына шақырған бейнежазбасын жариялап, оның "мұсылманмын" деп адамдарды алдап жүргенін мәлімдеді. Қамшы тілшісі ұтыс ойнын ұйымдастырушылардың кім екенін, оның заңға, шариғат талаптарына қаншалықты сай екенін анықтау барысында мәселенің бір ұшы әншілер жарнамалап жүрген ұтыс ойындарына келіп тірелді.
Видеода белгісіз азамат c5.konkurs_official ұтыс ойны инвесторлар іздеп жатқанын, инвесторлардың салған 500 мың теңге ақшасы 10 күннен кейін 750 мың теңге болып қайтарылатынын айтқан. Сондай-ақ ол мұның бәрі заңды екенін, тараптар келісім-шартқа отыратынын де жеткізген.
– Бұл ақша – шариғат талаптары бойынша адал әрі таза. Сіздердің ақшаларыңызға біз робототехника пәніне қажетті жабдықтар аламыз. Біз тек тасымалдаушымыз. Алматыда белгілі бір компаниямен келісімге келіп, АҚШ-тан сол роботтарды әкелеміз. Роботтарды алуға ақшаны біз сіздерден аламыз. Яғни пайданы біз де көреміз, сіздер де көресіздер. Сол себепті инвестиция жасауға шақырамыз. Өте оңай. Үйде отырып ақша табасыздар. Ең бастысы – бұл харам ақша емес. Біз алаяқтықпен айналысатын болсақ, бұлай экранға шықпас едік. Бұл қайырымдылық қорының бір үлесі, – дейді ұтысқа шақырған азамат.
Айгүл Орынбек харам жолмен ақша табу жолын ұсынған осындай адамдарға сенген азаматтар инвестиция ретінде салынған қаржысын қайтара алмай жүргенін жазды.
"Халал ақша, асыңды адалынан іш дейді, сөйтіп отырып ақша салған инвесторларына өз ақшаларын қайтара алмай, "Шариғат бойынша" деп әңгімені жіберіп отыр. Жап-жас болып халықтың сеніміне кіріп, халықты алдағанша жер тырмалап ақша таппайсың ба? Мұсылман адам, адамзат баласына қиянат жасамайды! Міне, бізде өсіп келе жатқан ұрпақ немен айналысып жүр! Кімнің әңгімелерін тыңдап өсті екен? Мұхамеджан Тазабек аға сіздің емес пе? Мына жігіттің үстінен біраз адам шағым айтуда. Әншілер арқылы лотерея ойнатамын деп, халықтан инвестиция жинап алған!" делінген Айгүл Орынбектің жазбасында.
Қамшы тілшісі видеода көрсетілген номерге хабарласқанында абонент сөндірулі болды. Whatsapp арқылы жазылған хабарламалар жетпеді.
Ұтыс ойнының instagram-дағы с5.konkurs_official парақшасы 18 наурыздан бері жаңартылмаған. Ол жерден әншілер Роза Әлқожа мен Ақбота Керімбекованың осы парақша арқылы ұтыс ойнатқанын көруге болады.
Қамшы тілшісі аталған әншілерге хабарласпақ болғанында, КТК арнасындағы Астарлы ақиқат бағдарламасының кезекті санында осы мәселе қозғалып, Роза Әлқожа мен Ақбота Керімбекованың пікірлері ұсынылды.
Хабар барысында әншілер жарнамасына түскен ұтыс ойнының ұйымдастырушылары инвестиция ретінде 281 адамнан жалпы жиынтығы 130 млн теңге алып, қайтармай жүргені белгілі болды. Азаматтар 300 мың теңгеден 5 млн теңгеге дейін қаржыны "инвестицияға" салып жіберген. Олардың дені ұйымдастырушылардың алдыңғы ұтыстарын Роза Әлқожа мен Ақбота Керімбекованың жарнамалағанына сеніп, "инвестицияның" заңдылығы мен әділдігіне күмән келтірмеген. Шағымданушылар "белгілі әншілердің жарнамасына сенгендіктен ақшамызды инвестицияға салдық" деп отыр.
Аталған әншілер бағдарламаға шақырылғанымен, екеуі де келуден бас тартқан. Алайда Роза Әлқожа бейнежазба арқылы мәселе туралы түсінік білдірген.
Оның сөзінше, c5.konkurs_official парақшасындағы ұтыс ойнының ұйымдастырушылары әншіге жарнамаға түскені үшін 1 жарым млн теңге төлеген. Ол жарнамалаған ұтыс әділ әрі ереже шеңберінде өткен. Уәде етілген жүлделердің бәрі ұтыс иелеріне табысталған. Тіпті оны әншінің өзі жеке қадағалағанын айтты. Бірақ 9900 теңгелік билет мөлшерден тым көп сатылған. Әншінің сөзінше, 20 мың 500 шамасында билет сатылған. Сонда ұтыстан жалпы жиынтығы 200 млн теңгеден астам табыс түскен болып тұр. Ұйымдастырушылардың билет санын мөлшерден тым көп сатуы мен инвестор тартуы ұнамаған соң әнші өзіне дейін инвестиция салғандардың тиісті қаражатының қайтарылуына ықпал етіп, уақыттың тығыздығын айтып ұйымдастырушылармен байланысын үзген.
Роза Әлқожа бастаған ұтыстың екінші кезеңін жалғастырған Ақбота Керімбекова арна журналисіне бағдарламаға бармайтынын, бұл мәселе бойынша басын ауыртқысы келмейтінін айтқан. Ол телефон арқылы "түймедейді түйедей қыласыздар, менің инвестицияға қатысым жоқ. Болар іс болды" деп жауап берген.
Қамшы тілшісі инвестиция салуға шақырған видеоға байланысты Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеу департаментімен хабарласты. Департамент баспасөз қызметінің жетекшісі Жақсылық Мырзахан видеодағы азамат әнші Ернар Айдар конкурсы ұйымдастырушысының бірі ретінде алаяқтық бабы бойынша қозғалған қылмыстық істе күдікті ретінде тергеліп жатқанын айтты.
Жақсылық Мырзахан "инвестицияға қаржы салып, алданып қалдық" деген азаматтардан арыз түскені туралы деректі де растады. Бүгінде олардың арызы қаралу үстінде.
Сондай-ақ департамент баспасөз қызметінің жетекшісі Роза Әлқожа мен Ақбота Керімбекова бойынша да арыздар түскенін, барлық мән-жай тергеу барысында анықталатынын, арызданушылар Ернар Айдар жарнамалаған конкурстың қатысушылары екенін айттып, заңға сәйкес тергеуге қатысты өзге ақпаратты бере алмайтынын жеткізді.
Ернар Айдар TalkLike ютуб-жобасына берген сұхбатында өзін алдап кеткендердердің бірі ретінде инвестиция салуға шақырған видеодағы азаматты атаған.
Осылайша, Роза Әлқожа мен Ақбота Керімбекова жарнамалаған ұтыс ойнын ұйымдастырушылар мен әнші Ернар Айдар жарнамалаған ұтыс ойнының ұйымдастырушылары бірін-бірі танитын болып шықты.
Мұны Астарлы ақиқат бағдарламасының журналистері де анықтаған.
Қамшы тілшісімен сөйлескен дінтанушы Қайрат Жолдыбай соңғы уақытта лотереяны кейбір істермен бүркемелеу белең алғанын айтты.
– Қазір әншілеріміз instagram-дағы парақшалары арқылы түрлі конкурстар ұйымдастырып жатыр. Олар лотереяның харам екенін, көп адамның ұтылып, тақырға отыратынын білгендіктен оны конкурс деп атап жүр. Оның түр-түрі шығып кетті. Ол жерде сатылып отырған нәрсе нарықта анау айтқандай сұранысқа ие емес. Мәселен, кітап сатылса, ары кетсе 6 айда 5 мың дана сатылуы мүмкін. Немесе кейбірі диск түріндегі әнжинақты ойнатып жүр. Бұрын ондай дисктердің мағынасы, құны болды, ал қазір интернетті ашсаң, бәрі толып тұр. Демек дисктің құны жоқ. Ол өтпейтін қажетсіз дүние. Сол жай ғана дүниені конкурсқа тігіп, соны желеу етіп, көзбояушылық жасайды. Адамға сатып алған заттың маңызы болуы керек. Ал оның маңызы жоқ болса, тауар алаяқтық үшін қолданылып жатқан құрал ғана. Мұндай маңызсыз құралды сату және оны нарықтағы құнынан қымбатқа сату – шариғат бойынша харам. Ал әншілеріміздің ұйымдастырып жүргені – халықты әдемі алдау. Бәлкім кейбір әншілер білмей, қайырымдылық үшін, оқырмандарын арттыру үшін осындай әрекетке барып жатқан болар. Бірақ қалай болғанда да шариғатта мұндайға тыйым салынған. Бұндай нәрседен аулақ болған жөн. Ал қайырымдылықты "мен де ұтып алып қалайын" деген ниетпен жасамайды. Әу бастан ниет қайырымдылық жасау болуы керек. Қолынан сытылып шығып кеткен соң басқа біреу ұтып алса, қайырымдылық бола салсын деу – қайырымдылық емес. Әрі оны шынайы мұқтаж адам алатынына ешқандай кепілдік жоқ. Сондықтан қай жағынан алғанда да конкурстар қайырымдылыққа жатпайды, – дейді дінтанушы.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір