• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 00:55:22
Алматы
+12°

Алматы қаласы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров ҚР Президентінің тапсырмасын орындау аясында 1 сәуірден бастап 1 шілдеге дейін сақтандырылмаған азаматтардың МӘМС жүйесіне медициналық көмек алу құқығын ұзарту туралы айтып берді. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

– Сәуір айынан бастап елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі толыққанды іске қосылуы тиіс болатын. Бірақ мемлекет басшысының коронавирус індетіне байланысты берген тапсырмасына сәйкес, бұл мерзімді 1-шілдеге ауыстыру туралы шешім қабылданды. Яғни, осы уақытқа дейін Қазақстанның барлық тұрғындары «шартты» түрде сақтандырылған болып саналады. Бұл елде тұратын әрбір азаматтың тегін медициналық көмек түрлерін ғана емес, медициналық сақтандыру пакетіндегі қызметтерді де пайдалануына мүмкіндік береді. Жалпы алғанда, бұл мүмкіндікті 2,5 миллионнан астам адам пайдалана алады, – деді Нұрлыбек Қабдықапаров.

Ол сондай-ақ, қор өзінің ішкі резервінен 20 млрд теңгеден астам қаржы бөлуді жоспарлап отыр. Ол сақтандырылмаған азаматтардың компьютерлік томография, магнитті-резонанстық томография, ПЦР сынды қымбат анализдерге деген сұранысын қанағаттандыруға жұмсалмақ.

– Қазір елімізде барлығы 16,4 миллионға жуық адам сақтандырылған болып саналады. Оның 11 миллионға жуығы – әлеуметтік жағынан аз қамтылған санаттар. Былайша айтқанда, халықтың жартысынан көбі бюджет есебінен сақтандырылып отыр, – деді.

Спикердің айтуынша, медициналық сақтандыру қоры халыққа көрсетілген медициналық қызметтер ақысын төлейтін қаржы операторы екенін, 2020 жылы республика бойынша 1 250-ден астам медицина ұйымымен келісімшарт бекітілген, оның 600-ден астамы – жекеменшік. Жеткізушілермен бекітілген келісімшарттың жалпы сомасы 1,3 трлн теңге. Ал, Алматы қаласы бойынша биыл 182,2 млрд теңгенің қызметін сатып алу көзделген. Оның: 110,7 млрд теңгесі – тегін медициналық көмек пакетіне, 71,4 млрд теңгесі – сақтандыру пакетіне тиесілі.

– Естеріңізге сала кетсем, Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі 2020 жылдың басында енгізілді. Әуелде жылдың бастапқы үш айы өтпелі кезең ретінде жарияланды. Себебі, жаңа жүйе болғандықтан әртүрлі сұрақтардың туындайтыны рас. Өтпелі кезең осындай мәселелерді шешіп, тұрғындардың жаңа жүйені бағалап, оның артықшылықтарын сезінуі үшін енгізілген болатын. Дегенмен, бұл Қазақстан азаматтары мен осында тұрақты тұратын шетелдіктерді жарна төлеу міндетінен босатпайды. Шілденің біріне дейін сақтандырылмаған тұрғындар МӘМС пакетіндегі қызметтерді пайдалана алмайды.

Бірақ бұл сақтандыру жүйесіне енбеген азаматтар медициналық көмектен қағылады дегенді білдірмейді. Бізде мемлекет тарапынан кепілдік берілген тегін медициналық көмек бар және ол барлық азаматтарға көрсетіледі. Яғни, шұғыл жағдайларда кез-келген адамға кез-келген жерде көмек берілуі тиіс. Мысалы, олар бұрынғыша жедел жәрдем шақырта алады, созылмалы, қауіпті және әлеуметтік маңызы бар аурулар тегін емделеді, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі, – деді филиал директоры.

Спикердің айтуынша жалпы, қазіргі таңда Қорға қаржы жинақтау жалғасып жатыр. Сақтандыру жүйесі іске қосылған 2017 жылдың 1-шілдесінен 2020 жылдың 31-наурызына дейінгі аралықта Медициналық сақтандыру қорына 298,1 млрд теңгеден астам қаржы жинақталған.

– Алматы қаласы жарна төлеу жағынан көш бастап тұр – жинақталған соманың бестен бір бөлігі бұрынғыша, оңтүстік астаналықтарға тиесілі. Атап айтқанда, алматылықтардың Қорға аударған жарнасы 60 млрд. теңгеден асып жығылды. Оның 54,7 млрд теңгесі – жұмыс берушілерге тиесілі. Сондай-ақ, жыл басынан бері өзін-өзі жұмыспен қамтыған 10 мыңға жуық алматылық тұрғын 40,1 млн теңге көлемінде бірыңғай жиынтық төлем төлеген, – деді Н. Қабдықапаров.

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: МӘМС жүйесі Алматы

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір