• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 04:38:10
Алматы
+12°

Тоқсаныншы жылдардың басынан бастап, посткеңестік кеңістіктегі елдердің барлығы дерлік нашақорлық дерттін бастан өткерді. Ол бізге ұйымдасқан қылмыстық топ арқылы келді және әлі де біздің еліміздің мыңдаған жас пен еңбекке қабілетті азаматтарының өмірін қиып жатыр.

Қазақстан өзінің географиялық орналасуына байланысты есірткі саудасымен айналысудың орталығына айналды, ол Ауғанстаннан басталып, және Ресей немесе Батыс Еуропаға дейін жетеді. Тәуелсіздік жылдарында мемлекет жағдайды едәуір жақсартуға және есірткіге тәуелділер санын азайтуға тырысты. Бірақ жаңа қиындықтар туындай түсті – нашақорлықтың «жасаруы». Синтетикалық есірткіні кеңінен қолдану, сондай-ақ оларды сатуға интернетті пайдалану жаһандық проблемаға айналуда. БҰҰ-ның соңғы мәліметтеріне сәйкес, әлемде 483-тен астам жаңа психоактивті заттар тіркелген, олардың 60-қа жуығы Қазақстанда және көршілес мемлекеттерде қолданылады.

Осы жылы бірнеше рет әр түрлі халықаралық орындарда Қазақстанның есірткі саудасымен және есірткі бизнесімен күрес саласындағы тәжірибесі озық деп танылды, ал кейбір елдер тіпті оны қабылдауға және оны іштей және сырттай есірткі қауіп-қатерлерінен қорғау стратегиясына бейімдеуге дайын екендіктерін де білдірді.

Атап айтқанда, біздің мамандарымыздың үйлесімді жұмысы ЕҚЫҰ бастамасымен құрылған есірткіге қарсы конференцияда жоғары бағаланды. Жақында Моңғолия мемлекетінің Әділет министрлігі мен Ішкі істер министрлігіің есірткіге қарсы күрес департаментінің директоры Ж.Эрдэнэболд қазақстандық тәжірибені қабылдап, іске асыруға ниет білдірді. Ол реттеушілік және жедел ақпарат алмасуды ұйымдастыруды, сондай-ақ осы салада жұмыс істейтін моңғол полициясының офицерлерін ҚР ІІМ оқу орындарында оқыту мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Мойындау керек, Қазақстан шынымен де осы салада мол тәжірибе жинады және мұны басқа елдермен бөлісуге де тұрарлық. Қазақстан жүргізіп отырған есірткіге қарсы саясаттың негізгі кілті есірткі бизнесімен және есірткі тасымалымен күреске күш-жігерді ішкі елде, аймақтық, тіпті бүкіләлемдік деңгейде біріктіру мақсатында серіктестер мен пікірлестердің кең желісін құруға бағытталған тактика болды. Қазақстан парламентінің төменгі палатасының спикері Нұрлан Нығматулин бір кездері «қазіргі заманғы қауіп-қатерлердің барлығы дерлік трансшекаралық сипатқа ие, сондықтан көрші елдермен және халықаралық серіктестермен тығыз ынтымақтастықсыз бұл құбылыстарға тиімді қарсы тұру мүмкін емес» деп мәлімдеген болатын.

Қазақстан БҰҰ-ның тиісті конвенцияларының топтамасын ратификациялау арқылы озық халықаралық тәжірибені ішкі заңнамаға жедел енгізді. Үнемі біздің мемлекетіміз есірткі мен есірткі құралдарының заңсыз таралуына қарсы күрес жөніндегі стратегияларды және мемлекеттік бағдарламаларды жоғары деңгейде қабылдайды, қазіргі заманғы сын-қатерлерге барабар жауап беру үшін қолданыстағы заңнамаға түзетулер енгізеді және жаңа заңнамалық, нормативтік актілерді қабылдайды. Мәселен, 2015 жылы Қазақстан есірткі қылмысы үшін өмір бойы бас бостандығынан айыруды көздейтін заңнамаға өзгерістер енгізу бойынша бұрын-соңды болмаған шаралар қабылдады. Бүгінгі таңда есірткі жасаушылар ең ұзақ мерзім алған екі прецедент құрылды. Ал жақында, осы жылдың басында жаңа психоактивті заттардың пайда болуына қарсы бағытталған жаңа заң күшіне енді. Ол құқық қорғау органдарының өкілеттіктерін едәуір кеңейтуге арналған, сонымен қатар есірткінің заңсыз айналымына мемлекеттік бақылау жүйесін бұрынғыдан да жетілдіреді деген сенім бар.

Әрине, заңнамалық кедергілер қаншалықты жоғары болса да, олар қазіргі қауіптің деңгейін төмендете алмайды. Олар тек басқа шаралармен кешенді түрде бірге жұмыс істейді, оларды өз кезегінде екі маңызды бағытқа бөліп қарастыруға болады.

Біріншісі – Қазақстандағы есірткі бизнесімен күресетін барлық мүдделі қызметтердің күшін үйлестіру. Осы мақсатта Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі Ішкі істер министрлігінің жанынан арнайы орган – Есірткі бизнесіне және есірткі айналымына қарсы күрес комитетін құруды ұйғарғанын еске сала кету керек. Оның миссиясы – есірткінің заңсыз айналымы саласының ұлттық саясатын қалыптастыру. Жақында, есірткі бизнесінің онлайн режиміне ауысуын ескере отырып, ІІМ орталық аппаратында ақпараттық-коммуникациялық жүйеде есірткі қауіпсіздігі мәселелерімен айналысатын арнайы бөлім құрылды. Бұл уақытылы жасалған қадам. Ресми статистикаға сәйкес, 2017 жылы құқық қорғау органдары интернет желісінің қазақстандық сегментінде заңсыз есірткі сататын 430 интернет-сайтын анықтап, бұғаттаған, содан кейін өткен жылы осындай 5 мың интернет-ресурс залалсыздандырылды. Осы жылдың алғашқы алты айында төрт мыңға жуық сайт жабылды.

Екінші бағыт – аймақтағы жақын көршілермен тығыз ынтымақтастық. Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі есірткі бизнесіне және есірткі айналымына қарсы күрес туралы көпжақты келісімдер аясында Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Әзербайжан және басқа ТМД елдерінің құқық қорғау органдарымен өзара әрекеттеседі. Он жылдан астам уақыт бұрын Біріккен Ұлттар Ұйымының Есірткі және қылмыс жөніндегі бюросының қатысуымен құрылған есірткі, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі Орталық Азия аймақтық ақпараттық үйлестіру орталығы ерекше рөл атқарады. Бас кеңсесі Алматы қаласында орналасқан. Бұл барлық аймақта есірткіге қатысты жағдайды қадағалайтын өзіндік ситуациялық орталық.

Бұл саладағы мемлекетаралық ынтымақтастықтың тиімділігі жақын арада ғана дәлелденді. Бұл жерде осы жылдың басында ШЫҰ-на мүше мемлекеттер аумағында өткізілген халықаралық есірткіге қарсы «Паутина» операциясы туралы сөз қозғалып тұр. Ол психоактивті заттарды, синтетикалық және басқа да есірткілерді, соның ішінде, интернет-ресурстар мен электрондық төлем жүйелерін қолданумен қамтамасыз ету және тарату арналарын тоқтатуға бағытталған. Операцияға Үндістанның, Қытайдың, Қырғызстанның, Пәкістанның, Ресейдің, Тәжікстанның, Өзбекстанның есірткіге қарсы бөлімшелерінің өкілдері, сондай-ақ Ауғанстаннан келген бақылаушылар, БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы және Орталық Азияның аймақтық ақпараттық үйлестіру орталығы қатысты. Үйлестіру штабы Қазақстан Республикасының оңтүстік астанасында құрылды.

Таратылған ақпаратқа сәйкес, ШЫҰ-на мүше мемлекеттердің аумағында құқық қорғау органдарының 76,5 мың қызметкері тартылды, олар есірткінің 1140 қылмысын анықтады. 6,8 тоннаға жуық түрлі есірткі тәркіленді, оның ішінде 2,5 тонна апиын, 1,3 тоннадан астам героин, 1,8 кг кокаин, бір тоннадан астам марихуана, 837 кг гашиш, сондай-ақ 84 кг синтетикалық есірткі және шамамен 41 кг психотроптық заттар тәркіленді. ШЫҰ елдерінде есірткі қылмысы үшін екі мыңнан астам адам ұсталды. Есірткінің заңсыз айналымы үшін 70 мың АҚШ долларына жуық заңдастырылған қаражат пен мүлік тәркіленді. Қазақстандық тарап жүз келіден астам есірткі, оның ішінде 2 келі героин, 98 келі марихуана, 1 келі гашиш тәркіледі. 252 есірткі қылмысы анықталды, 10 қатысушыдан тұратын ұйымдасқан қылмыстық есірткі тобының қызметі жойылды. Есірткі заттарын сатудан 1 миллион теңгеден астам ақшаны заңдастыру әрекеті тоқтатылды.

ШЫҰ Бас хатшысының орынбасары Нұрлан Аққошқаров «Паутина» сияқты операцияларды жүргізудің маңызын атап өтіп, оған жыл сайынғы мәртебе беруді ұсынды.

Қазақстан осы саладағы БҰҰ-ның барлық негізгі конвенцияларын ратификациялау арқылы есірткі бизнесіне қарсы күрестің халықаралық жүйесіне қосылды. «Қазақстан-2050» стратегиясында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «ұлт денсаулығы – бұл біздің табысты болашағымыздың негізі» деп атап көрсеткен болатын.

2005 жылғы 29 қарашада мемлекет басшысының жарлығымен Қазақстан Республикасында нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2006-2014 жылдарға арналған стратегиясы бекітілді. Оны жүзеге асыру барысында қазақстандықтар арасында есірткіге тәуелділер, ең алдымен, героинге тәуелділер саны 35%-ға азайды.

Қазақстан есірткі бизнесіне және есірткі айналымына қарсы күрес туралы көпжақты келісімдер аясында, оның ішінде есірткі, психотроптық заттар және олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі Орталық Азия аймақтық ақпараттық үйлестіру орталығының негізінде БҰҰ кеңсесінің қатысуымен тығыз ынтымақтастық орнатты. Осы шаралардың арқасында Қазақстанда тіркелген нашақорлардың саны 2014 жылғы 33 мыңнан 2019 жылы 22 мыңға дейін азайды.

Қазақстан есірткі бизнесіне және есірткі айналымына қарсы күрес жүргізуде аймақтағы көшбасшылардың бірі болып саналады. Халықаралық сарапшылар атап өткендей, қатерлер мен сынақтарға мемлекеттің жүйелі және барабар реакциясы тұрғысынан біз, мысалы, Ресейден, кем дегенде бес жылға алда келеміз.

Қарлығаш Зарықханқызы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір