• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Қараша, 14:55:18
Алматы
+12°

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған үндеуіндегі осы сөздерді тыңдап немесе оқып қоя салу аздық етеді. Оның келелі ойына, пайым-тұжырымының мәні мен мағынасына зер салған жөн. Ел-жұрттың амандығы болмаса жеке бастың саулығынан, мың сан жиған дүние-мүлкіңнен не қайыр? Жасы бар, жасамысы бар - бүкіл халық болып замана, уақыт жауапкершілігін мойынға алып, билік пен қоғамды жұмылдырып, “бір қолдың саласындай” ұжымдасып, әлемдік дертке қарсы тұру – әрі адамзаттық, әрі адамшылық іс.

Жасырған ауру қауіпті. Бүкіл жаһанды дүрбелеңге салып, айналасы бірер айда ауыр сарсаңға салған індетке байланысты Президентіміз отандастарды сабырға шақырып қана қоймай, сақтану шараларын жүйелеп көрсетіп берді. Қоғам болып қолға алғанда ғана жедел еңсерілетін жөн-жобаны атады. Төтенше жағдайда көпшілік адаспас амалды айқындап, сенімді күшейтіп, үмітті арттырды. Сөз жоқ, бұл жолда халыққа ерік-жігер, қажыр-қайрат керек. Сенім – тәуекелдің негізі, илану – иман мен парасатқа серік! Ең бастысы, бұдан да қиын кезеңдерден абыроймен өтуге мүмкіндік берген айрықша Қазақстандық жолымыз, соның ішінде жалпыұлттық татулық пен бірлігіміздің бары жадымызда жаңғырды.

Мемлекет – қашанда халық арқа сүйейтін тегеурінді күш. Сондықтан қиындықтың алдын алатын тиісті қаржы, әлеует қарастырылып отыр. Осы ретте экономика тұрақтылығы мен барлық әлеуметтік міндеттемелердің орындалуы сақталатынына, отандық кәсіпкерлерді қолдауға, жұмыс орындарын ашуға 300 миллиард теңге бөлінетініне кепілдік берілді. Өзге де қажетті қаракеттер анықталып, көзделген жоспарды айқындап-бақылайтын, маңызды жұмыстарды үйлестіретін комиссия жасақталды.

Әрине, мұндай кезде ауруды жұқтырғанын жасырғандар, зәру медициналық бұйымдарды қымбатқа сатуды көздейтін алаяқтар, үрей шақырып, арандатуға бағытталған қауесет, алып-қашпа ақпарат тарататындар ұшырасуы әбден мүмкін. Ондай залал, қауіп тудыратындар төтенше жағдайға лайық қатаң жазаға тартылады. Бұл – өркениетті еліміздің абыройын, азаматтардың құқығын қорғауға бағытталған заңдық шара. Қай заманда да сын сағаттарда көпшіліктің жай-күйіне шын алаңдайтын, ретіне қарай қайырмалдық жасауға тырысатын елдің есті азаматтары мен дара тұлғалары болады. Осы жомарт та баянды дәстүріміздің бұл жолы да елдік істерді қолдап-сүйемелдейді деп сенеміз. Мәселен, қазір астанадан ауылға дейін аса зәру тұмшамен (маска) қамтамасыз етуге қаржылай үлес қосса немесе волонтерлер жалғызілікті қария кісілерге, өзге де мұқтаж жандарға жан қалауымен қол ұшын берсе, қандай лайықты қарекет болар еді. Мұны жарнамасыз жүзеге асырып жатса, жақсылығы жерде қалмас деген пікірдеміз.

Жалпы, індетпен күреске байланысты барлық іс-шара борыш пен адамгершілікті, тиянақтылық пен тәртіпті талап етеді. Президент мемлекеттік қолдаудың бәрі қолданыстағы заңдарымыздың шегінде жүзеге асырылатын мәлім етті.

Денсаулыққа қатысты жауапты кезеңде халықтың үміті – медицина қызметкерлерінде. Олардың кәсіби еңбегі мен алғаусыз көмегін әрбір азамат сезінуі қажет. Ал, ақ халатты абзал жандар да осы жолы өздерінің азаматтық позициясын, құқықтық мәдениетін танытады деп сенеміз.

Дегенмен де барынша сақтық пен сақтану өзімізге байланысты. Халықтың амандығын ойласақ, өзіміздің, жақындарымыздың денсаулығына қам жесек, жеке тазалық пен тәртіпті – елдің тазалығы мен тәртібі деңгейінде қабылдай білуге тиістіміз. Біздің яки Отанымыздың саламаттылығы – әрбіріміздің қолымызда. Ниет те, жүрек те, қол да, қоғам да таза және саламатты болғай!

Дархан МЫҢБАЙ
Мәжіліс депутаты

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір