• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 08:22:25
+12°

«Абайды терең тануға баса мән бергеніміз жөн. Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы. Адамның өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі. Интеллектуалды ұлт дегеніміз де – осы. Осыған орай, Абай сөзі ұрпақтың бағыт алатын темірқазығына айналуы қажет».

Қазақстан Республикасының

Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев

Ұлы Абайдың мерекесіне әзірлік осыдан бір жыл бұрын басталып кеткені белгілі. Мектеп жасындағы шәкірттерден бастап, студенттер, зиялы қауым өкілдері, әртүрлі саладағы кәсіп иелері, тіпті, әлемдік деңгейдегі танымал тұлғаларға дейін Абайдың өлеңдерін оқып, әндерін айтып, әлеуметтік желілер арқылы бір-біріне жалғастырып жатты. Адамдарға керемет рух берген жаңаша дәстүрге өзге ұлт өкілдері де зор қызығушылық танытып, Абай жырларын оқу челленджі қазақты жаңа биіктерге көтерді, ақын оқырмандарының қатарын көбейтті. Бұл – Абайға деген  құрмет қана емес, сол ұлы тұлғаны тудырған Ұлы Дала еліне деген құрмет, әрі жас ұрпақтың санасын тәрбиелеудің өнегелі тәсілі еді.

«Абайдың мұрасы – парасатты патриотизмнің мектебі, елдікті қадірлеудің негізі. Сондықтан, азаматтарымыздың көзі ашық болсын десек, Абайды оқудан, ақын өлеңін жаттаудан жалықпаған жөн» деп, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, бүгін біз Абайды барынша ұлықтаған, ақын еңбектерінің нәрін бойларына сіңіріп өскен, ғылымды, өнерді, ұлтты Абайша сүюді ең басты парызы деп білетін өркенді отбасы мен өз перзенттеріне абайтану әлеміне жол көрсеткен өрелі отағасы туралы айтпақпыз.

Бірден айтайын, бүгінгі оқырман абайтанушы ақын, этнограф-жазушы, журналист Аманжан Жақыпов туралы көп біле бермейді. Оның да өзіндік әртүрлі себептері бар. Ең алдымен, шығармашылық ортадан жырақта жүріп, ұзақ уақыт аудандық газетте қызмет істеген оның қаламгерлік қуатының әдеби сын назарынан тыс қалуы, екіншіден, жазған өлеңдері мен әңгіме, мақалаларының, кітаптарының дер кезінде оқырман қолына жетпеуі деп ойлаймын.

1935 жылы Алтайдың аржағында дүниеге келіп, жастық шағы бұлғақта өткен, жүрегі атамекен деп соғып, жан сырын өлеңмен өрнектеген Аманжан Жақыповтың жарты ғасыр бойы ұлы Абайдың 1909 жылы Санкт-Петербургтен шыққан тұңғыш кітәбін бойтұмардай сақтап келгенін және оны Елбасына сыйлағанын республикалық әдеби газетте кеңірек айтып бергенбіз. Абайдың жинағы ол жаққа қалай барып жүр? Ел басындағы алапат үркіншіліктің зардабын бір адамдай бастан өткерген талайлы ұрпақтың бүгінгі тұяғы Мақсұтханның айтуы бойынша, атасы Назардың Жақыбы 1919 жылдары ақ пен қызыл шайқасы тартысы кезінде Шығыс Түркістанға Тарбағатайдан ауып барған бай қазақтың бірі екен. Баға жетпес бұл жәдігер сол кезден сақталған болу керек, 1955 жылы ел бері өткенде, ұлы көшпен бірге қайта оралды. 

Аманжан Жақыпов өзін білетін зерттеушілердің айтуы бойынша, ең алдымен, екі империяның идеологиясының қыспағында жүріп, тынысы кең ашылмай қалған үлкен ақын.  Ф.ғ.д., профессор Зүфар Сейітжанов: «Өлеңді жазып та шығарады, суырып салып та шығарады. Ол 1970-1980 жылдары Семей өңіріне белгілі ақындар (Жабайыл Бейсенов, Құсмілия Нұрқасымов, Тұяқ Әбдірайымовпен) айтысып, жүлделі орындарға ие болады. Ақын 2003 жылы Түркияның Сивас қаласында өткен Түркі дүниесі ақындарының бас қосуына қатысты» деп, атап өтіпті.

а

Иә, насихаты кемшін болғандықтан, есімі оқырман жадынан ұмытыла бастаған Аманжан Жақыповтың 1974 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Қыр лебі» атты тұңғыш лирикалық жинағын Тұманбай Молдағалиев жоғары бағалағанын білетін жан аз. «Оның өлеңдерінен жаңа ашылып келе жатқан гүлдей нәзік жастық сезімін, алғыр ойларын көріп қуанып ем, ақын жігіт екеніне шексіз сеніп ем. Сөз құдіретін терең түсінетін, сөзден от лаулата алатын жігіттің жазғандарын оқи бастағанда-ақ оған деген ілтипатым арта түскен болатын», - дейді Тұмағаң.

а

Мына бір тау суындай мөлдіреген сырлы шумақтың өзінен-ақ ақынның дала перзентіне тән кең тынысы аңғарылады.

Шоқтығынан таудың құлап, күн батып,

Дала қоңыр, аспан қызғылт кеш еді.

Алыс көзге көрінбейді мұнартып,

Салқын самал беттен сипап еседі.

Өткен күндер ойға оралып біртіндеп,

Елжіретіп жүректі бір пәк сезім.

Дей беремін өз-өзімнен күбірлеп,

О, дариға, онда он жеті жаста едім...

Аманжан Жақыповтың екінші қыры – журналистігі мен жазушылығы. Және бір қыры – этнограф, шежірешілігі. Соңғы жылдары оның қаламынан «Тоғыз тума тарихы», «Хан батыр Қабанбай», «Қаракерей тума тарихы», «Жасырын жазбалар», «Сөз сарайы» атты кітәптары мен «Ғұмырнама» атты мемуары жарық көрді. Қазақ әдебиетінің алтын қорын толықтырған бұл шежірелі жинақтар шұрайлы тілімен, кестелі ойларымен, тарихи-танымдық бай деректерімен ерекшеленіп, құндылығы арта түседі.

а

Қаламгердің негізгі кейіпкерлері – ұлттық қазынамызды байытуда мәңгілік із қалдырған Абай Құнанбаев, Мұхтар Әуезов, Әсет Найманбайұлы, Ілияс Жансүгіров сияқты ұлы тұлғалардан бастап, руханияттың әр саласында қалам тербеп жүрген өз замандастары болып келеді. Мұхтар Әуезовтің шәкірттері арасынан алғашқы боп мөлдірете естелік жазғандардың бірі де осы Аманжан Жақыпов.

«Көркем сөзге ұлы М.Әуезовтен бата алып, әдебиеттің табалдырығын аттаған ақынның «Сөз сарайы» тек қана өзінің көркемдігімен ғана емес, деректік тұрғыдан да маңызды екеніне қолжазбаны оқу барысында анық көзім жетті...» деп, түйіндепті ф.ғ.д., профессор Тұрсын Жұртбай кітәпқа берген рецензиясында.

а

а

Аманжан Жақыпов өзі нысана етіп алған әрбір шығарманың көркемдік құндылығы мен сипаттарын жан-жақты ашып көрсете отырып, оның жаңалығын, астарлы мазмұнын саралап, сюжет пен композициялық шеберліктің қыр-сыры туралы тосын ойларын білдіруге тырысады. Қаламгердің жазбаларындағы қызықты, мол деректер оқырманын жетелеп отырады.

Мысалы,  «Ұстаз» атты деректі әңгімесінде өзіне дәріс берген данышпан жазушыны 1959 жылдың көктемінде алғаш көрген сәтін өте шынайы сезіммен суреттейді: «...Ұзақ жылдар сарыла сағынып, анадайдан әкесін тірі көрген баладай ту сыртым тұтас дүрліге шымырлап, көзімнен жас парлай жаздап басылдым. Мен Мұхаңның нақ алдында, иек астында отырар едім... Бір ғажабы – екі сағат тынбай сөйлегенде, даусы қарлығып не əлсіреген емес. Қыруар оқиға, сан алуан адам аттарына ешқашан аңтарылып, ойланбайды. Кейде бір түйдек ойлар тобымен тамағына кеп қалатын болу керек, сондайда басын бір иығына сəл бұрып, иегін ішке ала, қабағын шытып, жөткірініп қалғанда, əлгі толқын ойлар жөңкіле жөнелер еді...» ("Сөз сарайы", 64-бет).

Ұстазының әр лекциясында Абайдың бозбала шағынан бастап, ат жалын тартып, азамат атанып, ел билеу ісіне араласқанға дейінгі арпалысты ғұмырын, ұлы ойшылдың туған халқына сәуле-жарық, жол нұсқаған философиялық ой-тұжырымдарын асықпай, баппен жеткізуі студент Аманжанның абайтануға деген шәкірттік құлшынысын оятқанын атап өтеді.

«Мұхаң "Абайтану" атты курс - лекциясын оқу алдында: "Мен сіздерге Абай тілін оқытуды, үйретуді мақсат етемін. Абай тілі - бүкіл қазақ халқының тілі, ана тілдеріңіз. Абай ойы адамзат қауымының озық ойы. Мұны білмесеңіздер, сіздердің филолог екендеріңіз өтірік, əдебиет факультетінде оқып жүргендерің зая"- деген. Бұл сөздерден нақ өз басым оқып жүрген факультетімнің мəн -мағынасын, болашақ мамандығымның тағдырын тұңғыш саналы сезінгендей, тебірене толқып едім" деп, Мұхатар Әуезовтың аталы сөзі аудиториядағы әрбір студенттің ұлттық намысын қамшылағанын, болашақтарын айқындауда шамшырақтай нұр сепкенін еске алады.

Абайша сөз патшасын

Таба алмадым, іздеулімін.

Қаңғырса да қатып басым,

Үмітті жоқ үзген күнім...

Ең алғашқы «Абайдың жастық туралы лирикалары» атты ізденістік жұмысымен-ақ ұстазының оң назарына ілікке шәкірт Аманжан сол кездегі көп жастар мән бере бермейтін бір сауалдың шетін шығарады. – Қазақ «ойын-күлкі» деп бір мәнде айтатын сияқты еді. Абай «Жігіттер, ойын – арзан, күлкі – қымбат» депті. Осының мәнісін білсек деп едім, - деген өтінішіне тиянақты жауап алады. Ұлы жазушының қарапайымдылығымен бірге ой тереңдігіне, ағыл-тегіл сөйлейтін шешендігіне тәнті болады.

«Мұхаң орнынан тұрып, студенттерге қараған күйі сөйлеп кетті. «Жылағанды сұрама, күлгенді сұра» депті халық. Күлкінің астарында мың түрлі мән жатады... Абай күлкіге қарсы емес. «Жастықта бір күлгенің – бір қаралық» деп, «арзан, жалған күлмеуді, шын күлуді» көксеген... «Атан түйе ойнаса, жұт болады», «ойнай берсең, бала боларсың» деген халық даналығы арқылы «ойын» мен «күлкінің» ара-жігін ажыратқан. Күле біліңіздер, күлдіре біліңіздер, бірақ мәнсіз бос күлкі болмасын. Абай ардақтаған, Абай қымбат санаған күлкінің қасиетін кетірмей, қадіріне жетіңіздер!»

Бұл аталған «Ұстаз» естелігі 1973 жылы «Жұлдыз журналына» жарияланды, кейінірек (2015 жылы) түрік тілінде «Бауырлас қаламгерлер» журналында жарық көріп, Ұлы ұстазымен бірге түскен суреті қоса жарияланды.

а

Аманжан Жақыпов ҚазГУ-ге дейін Үрімшідегі мұғалімдер даярлау институтында оқып, қазақ, ұйғыр, татар тілдерінде емін-еркін сөйлеп, сол тілдердегі қисса-жырларды жатқа айтатын тамаша шайыр еді. (Тек, өкініштісі, тіршіліктің таусылмайтын күйбеңімен жүріп, бойындағы осы ғажайып мүмкіндіктердің бәрін өз шығармашылығын байытуға толық пайдалана алмады).

Оқуын аяқтарда Мұхтар Әуезовтей ғұламадан дәріс алып, ақын Тұманбай Молдағалиев, тілші-ғалым Тұрағұл Қоңыров сияқты талантты достарының ыстық ілтипатына бөленген Аманжан Жақыповтың ары қарай не ғылым, не шығармашылық жолын қууға қабілет, қарымы жетіп тұрса да, атамекені Мақаншыға бүйрегі бұрып тұрды.

Ел ортасында өзін еркін сезініп, мектепте төрт-бес жылдай ұстаздық қызметте жүрген талантты жастың сөзге ұсталығы, өлеңге икемділігін аңғарған аудандық газет басшылары тілшілік қызметке шақырады. Осы газеттің күнделікті қаурыт жұмыстарының арасында жүріп, Абай шығармашылығын зерделеуге, Қарауыл, Жидебайға барып, көнекөз қариялармен тілдесуге уақыт тапқаны байқалады. Сондай сәттердің бірінде:

Жарылып кете жаздап қуаныштан,

Ақынның кіндік қаны тамған тұстан,

Торқадай қасиетті топырағын

Үлесіп әкетейік бір уыстан, - деп, ерекше толғанған екен.

(«Жидебайда оқылған өлең», 1970 ж.)

Ал, Абай Құнанбаевтың 125 жылдық мерейтойында көкірегі толы қазына, шежіреші қарт ақын Шәкір Әбеновпен қызықты сұхбаттасады. Сондағы ұмытылмас ерекше күндердің естелігі болған суреттері Семейдегі Абай музейінің төрінде ілулі тұр. Ал, осы мерейтой аясында өткен аламан айтысқа қатысқан Аманжан Жақыповтың өз суреті Қазақ совет энциклопедиясының 1-томында жарияланғанын айта кеткен жөн. Сондай-ақ, кейінірек әлемдік деңгейде дүркіреп өткен Абайдың 150 жылдық мерекесіне де құрметті меймандар қатарында қатысып, шабытты көңіл-күймен жазған өлеңдері оқырмандарына шашу болып шашылды.

 а

а

Өз ізденісінің түйіні ретінде, Аманжан Жақыпов «Абай – қазақ халқының, қазақ ұлтының рухани айнасы. Абай есімі арқылы еліміздің өткен өмірін бейнелеп, бүгінін зерделеп, келешегін кемелдендіруміз керек» деп, қоғам назарына бірнеше ұсынысын жеткізеді:

1. Абай кітәбінің сыртқы мұқабасы мен Абай суреті бар соңғы беті көрініп тұратын «Бас кітәбінің» алып ескерткішін алтын, платинадан орнату, оны 100 түрлі асыл тастармен безендіру;

2. Қазақстан елшіліктері ашылған барлық елде Абай шығармаларын сол ұлттың тіліне аса үздік ақындарға аудартып, кітәп қылып шығаруды Төтенше және Өкілетті елшілер өзіне азаматтық, мемлекеттік борыш санауы тиіс;

3. Халықаралық Абай сыйлығын белгілеп, оның кітәп түріндегі медалін бриллианттан жасау;

4. Мектептің әр сыныбында, жоғары оқу орындарының барлық мамандық факультеттерінде «Абай дәрісін» жүргізу.

5. Министрліктер мен ірі мекеме басшыларының кабинеттеріне Абай суретін ілу, сол мекеменің сипатына сай Абай сөзін алтын әріптермен жазу (Алматы қаласы, 2004 жыл).

Міне, ғұмыр бойы Абаймен сырласып, Абаймен мұңдасу – Аманжан Жақыповтың пешенесіне жазылғанын осы ой-толғамдарынан-ақ аңғаруға болады.

Мұны таратып жазып отырғандағы мақсатым – әлемдік әдебиеттің жарқын жұлдыздарының бірі Ұлы Абайдың ат басындай алтынға бергісіз ғажайып кітәбын шекара асырып, туған еліне үкілеп жеткізген қаламгердің көп қырлы талант иесі екенін оқырманға жете таныстыру болатын. Бертініректе Аманжан Жақыповқа ұзақ жылғы шығармашылық еңбегі үшін Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері атағы беріліп, Үржар ауданының Құрметті азаматы атанғанына да куә болдық, қуанышымен бөлістік.

Аманжан Жақыпов секілді өрелі жазушының рухани тәрбиесін бойларына сіңіріп өскен ұл-қыздары да жастайынан Абай шығармаларымен сусындап, нәр алып, ұлы ақынның мұраларын, өлеңдерін, музыкасын қалың көпшілікке насихаттап жүрген өнегелі ұрпақтың қатарына қосылғанын айта кеткен орынды.

Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияны бітірген Шамсигүл Жақып бүгінде Измир мемлекеттік Түрік дүниесі ән-би ансамблінің белді мүшесі. Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас», «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай» сияқты әндерін тамылжыта орындаудың шебері атанып, кәсіби музыкант ретінде Түркияда шетелдік өрендерге домбыра үйретуден дәріс беріп жүр. Көптеген шетелдік қалаларда концерт қойып, түрік теледидарында қазақ ән-күйін насихаттаған еңбегі үшін Халықаралық ТҮРІКСОЙ ұйымының Алғыс хатымен марапатталды.

а

а

Ал, ортаншы қызы Райхан Жақып елімізге танымал журналист, өнер зерттеушісі. Алматы мектептерінің бірінде «Абай кабинетін» ашып, данышпан ақынның өлеңдері мен қара сөздерін шәкірттерге талмай дәріптеп, Абай оқуларын өткізіп жүр. Оның абайтану мәселелері туралы жазылған мақалалары республикалық, қалалық басылымдарға үзбей жариялануда. Соның ішінде, бүгінгі жас оқырмандардың ұғынуына ауыр тиетін Абайдың аса күрделі философиялық жазбаларын, жұмбақ та, терең ойларын түсіндірудің қарапайым әдістемелік-методикасын жасаудағы қадамы зерттеушілердің оң пікіріне ие болды.

п

Бүгінде абайтану аясында ғылыми жұмыстармен айналысып, ел назарына іліккен үлкен ұлы Мақсұтхан Жақып Абылайхан атындағы ХҚ және ӘТУ-тін және Түркиядағы Егей университетінің докторантурасын бітірген белгілі тілші, аудармашы. Абай, Мұхтар шығармаларының әлем тілдерінде аударылуы мен зерттелуі жайындағы тақырыптарды қаузап келеді. Оның «Қазақстан Ұлттық энциклопедиясы», «Абай», «Түркістан» «Әбіш Кекілбаев» халықаралық энциклопедияларына жарияланған танымдық мақалалары бір төбе. Одан өзге қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде құрастырылған Марк Твеннің «Әзіл әңгімелер» жинағы, М.Әуезовтің «Қараш-Қараш оқиғасы», көрнекті ақын Мұзафар Әлімбаевпен бірігіп аударған «Түрік халқының жұмбақтары», «Түрік халының мақал-мәтелдері», «Түрік поэзиясы» атты кітәптары, республикалық баспасөздерде жарияланған Әзиз Несиннің романынан үзінділер, Женап Шаһабеддиннің нақыл сөздері, Қожанасыр хикаялары, Түрік ақын-жазушыларының қалжыңдары оқырман қауымның жақсы бағасын алды. Қазіргі уақытта Мақсұтхан Жақып «Абайдың таңдамалы өлеңдері әлем тілдерінде» атты жинағын баспаға әзірлеумен айналысып жүр.

а

а

Осылайша, абайтанушы қаламгер Аманжан Жақыповтың өзі өмірден өтсе де, ұрпақтары әке өсиетіне адалдықтарын танытып, Абайдың рухы мен сөзі, Абай тәрбиесі қалыптастырған отбасылық дәстүр мен сабақтастық жолын берік жалғастырып келеді.

а

Қайым-Мұнар Табеев,

журналист-жазушы,

Қазақстан жазушылар Одағының мүшесі

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір