• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Қараша, 20:27:43
Алматы
+12°

10 Наурыз, 2020 NEWS

Қызай ана қайда жерленген? (жалғасы)

(Ізденістер, сапар естеліктері, екінші бөлім) Бесінші сапар

фото автордікі

2009 жылдың мамыражай мамыр айының 27 жұлдызы мен яғни Райыс Арипжанұлы, Жақып Жүнісұлы және Жаңатай Хабдыкәрімұлы үшеуіміз Алматыдан аттанып Талдықорған, Қызылағаш, Жансүгіров, Сарқан, Үшарал, Алакөл, Жарбұлақ, Үржар, Аягөз, Ақсуат, Зайсан қатарлы жерлерді аралап, Қызай тарихына қатысты көптеген тың мәліметтерді жиып әрі хатқа түсіріп, сол жылдың 4 маусымы Алматыға қайта оралғанбыз. Енді сол сапардан толық мәлімет бергенді жөн көріп отырмыз.

(Жалғасы, басын мына жерден оқи аласыз)

Ал енді жер аттарына келер болсақ, мына Жайпақтың бергі жағындағы Бұқарбай, Еділбай, Шапан деген жер аттарының барлығы Қызай адам аттарымен аталған. Оның шығыс жағындағы Бұлақты қыстауында Қонысбай деген Қызайдың атымен Қонысбай аталыпты. Ал мына жақтағы қыстаулықтағы Қазымбет, Жолымбет деген жер аттары да Қызай кісілердің аттарымен атанып келеді. Ақша, Шегедек деген жер аттары да Қызай адамдарының аттарымен атанған.

"Мың естігеннен бір көрген артық" дегендей 2009 жылдың 30 мамырында таңертең әуелгі жоспарымыз бойынша Шағырай және Сыбанбай би бабаларымыздың жатқан жерін іздеп тауып, суретке түсіріп, құран оқып қайту үшін Жалаңаш көлді бетке алып жолға шықтық. Жер жағдайын жақсы білетін Рахат Өмірханұлын жолбасшы етіп сайлап алдық. Екі сағаттай жол жүріп, Ырғайлы өзені қатарлы жерлерді басып өтіп, Жанахмет ақсақал айтқан белгі бойынша Шағырай атаның бейітін Жалаңаш көлінің маңынан таптық. Жанахмет ақсақал айтқандай күмбездің тастары қаз қатар тізіліп жатыр. Шағырай бабаға арнап құран бағыштадық та, Сыбанбай бидің күмбезін іздеуге кеттік.

Қабырлар шоғырының шығыс-оңтүстік жағында бұрын Қызайлар қоныстанған күл төккен жер-Шағырайдың қызыл сайы, Талдыбұлақ деген қоныстар болған екен. Жалаңаш көлінен шығысқа қарай 2-3 шақырымдай жағалап жүрген соң, тал мен жиде, қараған мен қамыс тең өскен көл жағасынан Сыбанбай бидің күмбезін әрең іздеп таптық. Жанахмет ақсақал айтқандай былтыр барған бауырымыз Шағырай бабаның басына қоятын белгі тасты Сыбанбай бидің басына қойып кетіпті. Қалыпты әдетіміз бойынша әруаққа арнап құран оқып, дұға тіледік. Күмбездің жалпы көрінісін фото суретке алып, кескінге түсіріп, өлшеп-сызып, қағазға түсіріп алдық.

Түс ауа Жалаңаш көлі мен Алакөлдің қақ ортасынан тура терістікті бетке алып, Алакөлдің солтүстік жағасымен жағалай жүрдік. Шамасы 25 км жүргенде Алакөлдің сол жақ жағалауынан шағын күмбез көрінді. Бұл біз Аягөздің Айқыз ауылында көрген күмбезбен ұқсас пішіндегі, жартылай құлаған шағын күмбез екен. Төңірегіндегі ағаштарға қызылды-жасылды шүперектер мен әйелдердің жаулықтары байланыпты. Суреті төмендегідей:

а

Аңырып тұрып қалдық. Бұл кімнің күмбезі? Бұл араға әлде біреулердің келіп зиярат етіп жүргені байқалып тұр. Шамасы бір шақырымдай жерде малшының үйі бар екен. Үйге бардық. Үйде ешкім жоқ. Білейік дегеніміз бұл күмбезге кімдердің келіп жүргені еді. Алакөл өңіріне біз келуден 2 жыл бұрын яғни 2007 жылдары Талдықорғаннан бір кісілер келіп жүр екен дегенді естігенбіз. Сұрай-сұрай ол кісіні де таптық. Сапардан қайтқан жолымызда Талдықорғанда ол кісімен де жолықтық. Ол Талдықорған қаласы, Еркін ауылы, Құрманғазы көшесі, 68 үйінде тұратын Күлсара Бердібекқызы Намазбаева болып шықты. Аман-саулық сұрасып болғаннан соң екеу ара болған сұхбат төмендегіше өрбіді:

– Мен Жақып Жүнісұлы деген тарихшымын. Қызай тарихын зерттеумен айналысамын. Естуімше сіз екі рет Қызай Ана бейітіне зиярат жасауды ұйымдастырыпсыз. Сіздер қай өңірдегі бейітке бардыңыздар?

– Біз Алакөл мен Жалаңаш көл арасынан Семей жаққа өтіп, шамасы 25 км жүргенде қолдың сол жағындағы яғни Алакөлдің шығыс жақ жағалауындағы күмбезге бардық.

– Онда байланған түрлі-түсті шүперектерді Сіздер байладыңыздар ма?

– Иә, біз байладық. Мен бірінші рет 2007 жылдың көктемінде микроавтобуспен жора-жолдастарымды апардым(Әулие басын аралап тәуәп етушілер тобы-автор). 2007 жылдың күзінде екінші реткі зияратымызды ұйымдастырдық. Сапарымызға Қытайдың Құлжа өңірінен келген, руы Қызай екі қандасымыз қатысты. (Оның бірі Күнестен туысшылап Сарқанға келген келіншек. Күнеске қайтып барғаннан соң мен «Қызай Ана» бейітінің басына барып зиярат етіп келдім деп сол өңірдегі елді шулатқан) Ол екеуі бізге Сарқаннан қосылды.

– Біз Қытайда жатып «Қызай Ананың» бейіті табылыпты дегенді естідік. Ондағы ел шулап жатыр. Осы істің нақты жағдайын ұғысайық деп жолға шықтық. Сұрай-сұрай Сізді де таптық. Сіздер «Қызай Ана» күмбезі деп барып жүрген күмбезге біз де барып, зеттеп қайттық. Қай негізде ол күмбезді «Қызай Ананың» күмбезі деп таныдыңыздар?

– Қазақстанның «Достық» темір жол бекетін белесіздерме?

– Иә, білеміз.

– Сонда Сара атты көріпкел қыз тұрады. Сол қыз бізге көрсетіп берді. Ол қыз аян арқылы көптеген адамдардың жатқан жерлерін тауып беріпті. Біз сол қызға жүгіндік.

– Сараның телефонын білесің бе?

– Жоқ, білмеймін. Достық ауылына барсаңдар елдің бәрі біледі.

– Сізге көп-көп рахмет!

Әңгімеміз осымен бітті. Күлсараға рахметімізді айттық. Міне осымен жоғарыда айтқан «Қызай Ана» күмбезінің сыры шешілді.

Біз Алакөлдің солтүстік жағын жағалай жылжып келеміз. Алда тағы бір көне күмбездің қалдығын таптық. Өте ерте заман күмбезі екендігі көзге ұрып тұр. Біз «Қызай Ананың» күмбезі осы болуы мүмкін деген ойда қалдық. Басқа күмбездерден ерекшелігі бұл күмбез төрт бұрышты. Ұзындығы – 7 м, ені – 6.4 м, биіктігі – 1.4 м. Тұп-тура бейіттің үстінен тал, қоңыраулы шеңгел өскен. Суреті:

а

Жоғарыдағы күмбезден солтүстік батысқа қарай 2-3 км жүргенде тағы үлкен күмбез кезікті. Айналмасы – 36 м. Қабырғасының қазіргі қалыңдығы – 1.5 м. Біз көрген күмбездердің ішіндегі ең үлкені, төбесі түспеген жалғыз осы болды.

п

Сонымен Алакөлдің жағасынан Семей жаққа баратын үлкен жолға шықтық. Түс ауа Шығыс Қазақстан облысына қарасты Жарбұлақ ауылына келіп жеттік. Ол арадан сұрастыра жүріп, Мұқаметхан Дайырханұлы Құрманбаев атты ауыл ақсақалын таптық. «Жылқы кісінескенше, адам сөйлескенше» дегендей, өзімізді таныстырып, шаруамызды айттық. Мұқаметхан аға(руы Қаракерей, оның ішінде Мәмбет екен) көрген-білгенін бізге бүкпесіз баяндап берді:

Жақып аға:

– Қызай Ананың бейіті туралы не білесіз?

Мұқаметхан аға:

– Ол көне тарих қой. Нақты ештеме айта алмаймын. Бір кісілердің осы Алакөлдің біз жақ жағасына келіп нәзір беріп жүргенін естідім. Бұл жер Қызайлардың байырғы ата-мекені ғой. Мұндағы жер-су аттарының біразы күні-бүгінге дейін Қызай кісілерінің атымен аталады. Қызай ананың бейіті осы өңірде деп айтылады. Бірақ оны дәп басып көрсете алмаймын. Көктума ауылында бір ақсақал біледі дегенді естігем. Ол кісінің аты-жөнін білмеймін(Мұқаметхан ағаның Жанахмет ақсақалды меңзеп тұрғанын бірден түсіндік. Біз ол кісіні білетіндігімізді айтпадық).  

– Осы Сіз тұрған ауылда Қызайдың күмбездері барма?

– Бар. Төңіректің барлығында бар. Көбі жыл өткен сайын тозып барады. Оны білетін адамдардың да қатары бұрынғыдан сиреді. Осы ауыл түбіндегі мазарлықта «Қыз бейіт» деп аталатын Қызайдың күмбезі тұр. Қызайдың кім деген қызы екенін ешкім білмейді. Сол сияқты көне бейіттер мен күмбездер көп мұнда.

– Қызайлар не себепті бұл өңірден Ілеге ауып кеткен екен?

– Аңыз әңгімеде былай(Ұзақ әңгіме болғандығы себепті

қысқартылды:(

– Рахмет, Сізге!

Мұқаметқан ағаның аңыз әңгімесінен Қызайлардың 1760-1770 жылдары осы өңірді мекен ете бастағаны аңғарылды. Мұқаметқан ағаға көп-көп рахмет айтып, біз сапарымызды ары қарай жалғастырдық. Ендігі барар жеріміз Ұржар. Кешкі сағат 7 шамасында Шығыс Қазақстан облысының Ұржар ауданының орталығы Ұржар қаласына жетіп, сол жерге түнедік. Кытайдан көшіп келіп Ұржарда мекендеп қалған Сәли Садуақас деген ағамыздың үйінде қонақта болдық. Ол кісі қытай қазақтарына танымал жазушы. Қытайдағы балалар әдебиетінің басында тұрған тұлға деп қарауға болады. Ол кісінің әйелі Жақып Жүнісұлы ағадан Шың Жаң университетінде сабақ алған екен. Ұстаз бен шәкірттің сағынышпен қауышуының куәгері болдық. Өткен-кеткен тарихтан сыр шертілді. Арғы беттің де, бергі беттің де біраз әңгімесі тілге тиек болды.

2009 жылы мамыр айының 31 жұлдызы күні тәңертең Сәли ағамызбен қоштасып, Ұржардан аттанып жолда Жанай, Егінсу, Тасарық, Жаңатілек, Айбұлақ, Тасбұлақ, Алтынбұлақ, Текебұлақ, Айтпай, Таскескен, Қаракөл, Шыңқожа сынды елді-мекендер мен өзен-суларды басып өтіп, Аягөз қаласына табан тіредік. Сол арада тамақтанып алдық. Тамақ үстінде алдағы жол жоспарымызды ақылдастық:

Мен(Райыс):

– Айқыздағы күмбезге тағы бір барып қайтсақ қайтеді?

– Бірнеше жылдың алдында сендер барып қайттыңдар, оның алдында біз барып қаттық. Ол жөнінде сапар естелігінде жаздым. Олай енді барудың еш қажеті жоқ. Енді Зайсанға(Жайсаңға) қарай аттың басын бұрамыз. Алла сәтін салса «Есенгелді» бидің басына барып құран оқып қайтамыз.

– Жарайды.

Жол жоспары осылайша бекітілді. Ақсуат ауданы маңындағы бұрындары «Социализм, «Коммунизм» аталған колхоз-совхоздарда Қызайлар тұрады және онда Ханбике деген рулы ел бар деген соң жолай Майлин, Қаражал, Қарағаш, Ақши, Аякөз өзені, Құнанбай бастауы, Боранбай сайы, Майлышат, Шонанбай қыстауы, Қызылкесік, Боғас өзені, Көкжыра ауылы, Шал тәжі мешіті, Кіндікті, Базар өзені, Көкпекті, Сәтпаев, Екпін, Аққала сынды елді-мекен мен өзендерден өтіп Аягөзден 200 шақырымда орналасқан Тарбағатай ауданының орталығы Ақсуатқа да келіп жеттік.

Ел мен жер тарихын білетін кім барын сұрастырдық. Ұзақ жылдар бойы Ақсуатта жауапты қызметтер атқарған, бүгінгі зейнеткер Мұратбек Оралов аға бізді жылы шыраймен қарсы қарсы алып, қолынан келген көмегін аямайтынын айтты. Ол кісінінң айтуынша Ақжар деген ауылда 1962 жылы Қытайдан көшіп келген Қызай-Сабұровтың әулеті тұрған екен. Қазір Дәлелхан Сабұров, Гүлшарван Сабұрова мен Беделхан Сабұровтар Алматыда тұрады деді (Мен Гүлшарван апайды танитынмын). Ақсуат ауылынан кешірек аттандық та, жолшыбай Ойшілік, Қарғыба ауылы, Қарғыба өзені, Шыбынды қатарлы елді-мекендерді басып өтіп, ымырт жамыла Тарбағатай ауданының Қарабұлақ ауылына жетіп түнедік. Ертесі 1-Маусым Қарабұлақ ауылынан шығып шығысқа қарай 100 шақырым жол жүріп, Ақжар ауылын басып өтіп, "Жүргенге жүрген ілінер" деген үмітпен оңтүстік шығысқа қарай тағы 20 қанша шақырымдай жол жүрдік. Соңында Шорға өзені мен Еспе өзенің аралығына орналасқан Маңырақ ауылына жеттік.

Маңырақ-тау аты, әрі ауылдың аты. Маңырақ тауы – Тарбағатай тауының бір сілемі. Ол Зайсан(Жайсаң) ауданында солтүстік батыстан оңтүстік шығысқа шығысқа қарай 65-70 км қашықтыққа созылып жатқан тау екен. Ені 15-25 км. Ең биік жері - Шөрбас тауы(2035м). Ал Маңырақ сөзі көне түрікше-Яңырақ, Маңырақ деген мағана берсе керек дейді ғалымдар.

Асан қайғы атамыз:

– Маңырақ десе Маңырақ екен, қойы маңырап тұр екен. Қыры киік, ойы балық екен. Ел басына күн туса, кедейдің жан сақтайтын жері екен. Бұл Маңырақтың өз билігі өзінде болмайды. Күнгейін Суыр тауы, теріскейін Алтай тауы билейді. Алтайдың қысы жылы болса, Маңырақтың теріскейі жұртқа жәйлі болады. Сауырдың қысы жылы болса, Маңырақтың күнгейі жәйлі болады. Осы Маңырақ Қазақ тарихында талай-талай тарихи оқиғаларға куә болған. 18 ғасырда Қазақтар мен Жоңғарлар арасында болған сансыз соғысты басынан өткерген Үмбетәй жырау:

Қандысу, Кергентас пен Шаған оба,

Сауырдың сай саласы, толған оба.

Тас тігіп, топ көбейткен амалымен,

Жау орнатқан "Кергентас" өрлеу жерге.

Қой маңырақ, Қозы маңырақ,

Арасы толған көп қалмақ.

Қалмақты қуып қашырдың,

Қара Ертістен өткізіп,

Алтай тауын асырдың,

Қабанбай мен Бөгенбай,

Арғын менен Найманға,

Қоныс етіп қалдырдың.

Қызай елі Қозы Маңырақ, Қой Маңырақ өңірінен Тоқта-Барлыққа қарай көшкенде Қызай Ананың кенже ұлы Дербістен туған Сүйінбай мен Сүйіндіктен ұрпақтарына қызыл шығып, көшке ілеспей осы Қозы Маңырақ пен Қой Маңырақта қалған екен деген аңыз әңгіме айтылады ел ішінде. Мен естіген әңгімеде былай айтылады: Қызайдың бір топ жігіті жылқы барымталап келеміз деп Күнестен шығып, Тарбағатай аймағына барады. Тарбағатай аймағындағы бір үйге түседі. Кілең сайланған жас жігіттер қыз көріп жүрміз деп өздерінің сапарға шыққан мақсатын жасырады. Үй иесі бұлардың барымташы екенін бірден сезеді. Содан олардың намысына тиіп егер қыз іздесеңдер Қозы Маңырақ пен Қой Маңырақтағы өздеріңнің жетім-жесірлеріңді тауып алсаңдаршы дейді. Намыстанған жігіттер жоғарыда айтылған жерге төте аттанып кетеді. Барса шынымен де жетім-жесір көп екен. Оба індеті тарап көп халық қырылып қалыпты. Ондағылар Торғай руының сол маңды мекендеп қалған адамдары екен. Қыз-келіншегі бар 15 адамды әйелдікке алып келіпті. Соның бірі бұл әңгімені маған айтқан кісінің көршісі болыпты. Сол 15 келіншек өмір бойы бір-бірімен жақын араласып өтіпті. Жаңағы апа 95 жасқа келіп 1975 жылы қайтыс болыпты. Торғай руынан бір кісіні көріп қалса болды төркінім келіпті деп үйіне шақырып қонақ қылып жібереді екен. 1975 жылдан 95-ті алсақ апамыз 1880 жылы дүниге келген болып шығады. Ол кез апаның 15 жас кезі деп есептесек, барымта аттанған жігіттер 1895-1900 барған болып шығады. Демек 1900 жылға дейін сол өңірде Қызайлар, оның ішінде Торғайлар мекен еткен. Кейін олардың барлығы сол маңдағы Керейге еліне сіңіп кеткен. Ата-бабамыз Керей болып кетіпті. Біз оны айтып ата-бабаның аруағы алдында қиянат жасағымыз келмейді дейтін керек (Қызай) кісілер күні-бүгін арамызда жүр. Тіпті Шәуешекте тұратын жергілікті Қызайлардың өзі Қызай елі ішінде қайсы ел екенін білмейді. 1987-1988 жылдары мен сонда тұратын талай Қызаймен танысқаным бар.

Ауылдың жәйін ауыл әкімі жақсы білер деген оймен Маңырақ ауылдық округінің әкімі Бақытжан Тахыров деген азаматпен таныстық. Жас әкім бастапқыда қызғындау көрінді. Қытайдан келген Жақып деген тарихшы ағаң деп таныстырған соң бірдемені бүлдіріп кетіп жүрмесін деді ме, сұрақтарымызға жүре жауап берді. Ел жағдайын, жер жағдайын білетін қазыналы қарттардың бірі тауда, бірі бауда болып шықты. Сонымен ат басын артқа бұрып, Жайсаңға қарай тарттық. Ақжар ауылына қайтып келіп, одан Еспе өзенін, Тайжүзген елді-мекенін, Қарабұлақ ауылына қайтып қайта келіп, түс ауа Жайсаң қаласына жеттік. Бұл маусым айының 1 жұлдызы еді.

Жайсаң қаласы- Сауыр тауынан басталып кішкене тау арқылы Жайсаң ойпатына құлай ағатын Жеменей өзенінің жазыққа шығатын жоғарғы сағасында орналасқан. Мұндағы Жайсаң сөзі ежелгі түркі сөзі болып, ру басының, ауқатты әулет өкілінің лауазымын білдіреді екен. Қазіргі қазақ тілінде "қасқа мен жайсаң" немесе "жақсы мен жайсаң" тіркесі түрінде сақталып келеді. 1941 жылы Жайсаң аудан орталығы болып белгіленіпті. Жайсаң қаласы кезінде Шәуешек қаласымен Семей қаласын тұтастыратын керуен жолының негізгі бір түйіні болған екен.

Жататын орынның жәйін жасап болғаннан соң, Жайсаң ауданының әкімі Әнуарбек Мұқтарханұлымен таныстық. Ғылыми зерттеу сапарымен жүргенімізді айтып, сапарымыздың сәтті жалғасуына қолайлылық жаратып беруін өтіндік. Есенгелді бидің біздің Қызай елінен шыққан атақты би әрі батыр екенін айттық. Ал оның күмбезі Қазақстан мен ҚХР-ның шекараларың ортасындағы нейтралдық аймақта жатқанын, сізден көмек болмаған жағдайда, біз ол араға жете алмаймыз дедік.  Әнуарбек мырза іскерлігін бірден танытты. Шекара қызметінің басшысымен тілдесіп, біздің алды Қытайдан, арты Алматыдан келгенімізді айтып, мәселемізді шешіп берді. Сонымен маусым айының 2 жұлдызы Майқапшағай шекара өткеліндегі нейтралдық аймақта орналасқан Есенгелдінің күмбезіне баратын болдық. Жайсаңға келгенше Есенгелдінің күмбезіне жете аламыз ба, жете алмаймыз ба деген басты уайымымыз болып еді. Іс сәтті басталды. Қуанышымызда шек болған жоқ.

2009 жылы маусым айының 2 күні ерте тұрдық. Майқапшағай шекара бекетіне уәделі уақыттан ерте жетейік деген ой күні-түні ойымыздан шығар емес. Сол күнгі күн ұзарып кеттіме, білмеймін, әйтеуір сағаттың он төрті(14.00) 14 айдай болып әрең жетті. Аудан әкімі қосып берген жол басшымыз, тарихшы Алтыбаевпен бірге жолға шығып, жол бойы Жеменей өзені, Сарыжыра, Айнабұлақ ауылы, Кендірлік өзені, Көгадай ауылы, Шалқар ауылы, Жіңішкесу, Қаратал ауылы, Үлкен Қаратал қатарлы елді-мекендерді артқа тастап Майқапшағай кеден бекетіне де келіп жеттік.

Майқапшағайда бізді Есенгелді күмбезіне бастап баратын кеденнің кіші офицері күтіп алып, аты-жөнін айтып таныстық берді. Офицер бізді Қазақстан Республикасы жағындағы шекара сызығының (сым торының) ішкі жағына өткізді. Сым тордың ішкі жағын жағалай оңтүстікке қарай 2 шақырымдай жол жүрдік. Машина жүретін жол емес екен. Астымызда жол талғамайтын Mitsubishi Pajero . Соның өзінде де әупірімдеп жүріп әрең жеттік. Үлкен жотаның етегіндегі тепсеңде тұрған Есенгелді бидің күмбезі бірден көзге түсті. Көлігімізден түсіп, аруаққа құран оқып, дұға бағыштадық, зиярат еттік. Күмбездің іші сыртын, айналасын көрдік.  Ондағы бейіттің жүздеген шағын төмпешіктері өз алдына бір-бір сырды бүгіп жатыр. Есенгелі күмбезінің қасында олардың бар-жоғы білінбейді. Қүмбездің көрінісі төмендегідей:

а

Есенгелді бидің күмбезі(алдыңғы жақ көрінісі)

а

Есенгелді бидің күмбезі(артқы жақ көрінісі)

Біз көрген Есенгелді күмбезінің жалпы болмысы мынадай: Қазақстан Республикасының қазіргі Майқапшағай кеденінен оңтүстікке қарай 2 шақырым жердегі тепсеңге тұрғызылған. Сол маңда одан басқа күмбез жоқ. Күмбездің оңтүстігі 500 метрдей қашықтықтағы(мөлшермен) үлкен тұмсыққа тіреледі. Шығысында 200 метрдей жерде Ласты өзені ағып жатыр. Солтүстіктігі тепсеңнен түскен соң 2 шақырымдай жердегі Майқапшағай кеденіне жалғасады. Батыс жағы еңістеу жазық, көз көрім жерде оңтүстік жақтағы таудан түскен жолмен тұтасады.

Күмбез туралы бірер сөз: Пішіні бір қараған адамға қазіргі қазақтың кереге, уық, шаңырақтан құрам тапқан киіз үйінің формасын көз алдыға елестетеді. Күмбездің сыртқы айналмасы (периметрі) 30 м. Балшық кесектен қаланған тамның қалыңдығы 1 м, биіктігі 1.5 метрге жуық. Батыс жақ керегесін жел мен жаңбыр шәйіп аласартқан. Дәл оңтүстік етегінде шағын есігі бар. Оңтүстік және солтүстік жанында екі метрдей биіктікте жақтаусыз қарама-қарсы терезенің орны бар. Ішінде шөгіңкіреп жер бетімен теңелген бір қабірдің сорабы тұр.

Есенгелді күмбезі өзінің қазақ үй формасы арқылы басқа ру-тайпаларың күмбездерінен яғни төрт бұрышты, төрт құлақты немесе тас үйіндісі т.б. күмбездерінен парықталады. Бұл күмбез Алакөл айналысындағы біз көрген Қызай елінің "Ақтабан- Шұбырындыдан" бұрынғы және кейінгі тұрғызылған күмбездеріне жүз пайыз ұқсайды. XIX ғасырдың соңында және XX ғасырдың басында Іле өңірінде тұрғызылған күмбездер дәл осы үлгіде болған. Кемінде менің аталарымның басына тұрғызылған күмбездер солай еді.

Жақып аға 2000 жылы «Қазақ тарихындағы әйгілі адамдар» атты эссе кітапты жазатын кезімінде Есенгелді батыр туралы ізденіпті. 1883 жылы 12 тамыз бен 13 қыркүйекте арасында жасалған «Қытай-Ресей шекара тоқтамын» оқып отырып, сол тоқтамның ішінен Есенгелді күмбезін байқап қалады. Өйткені осы жолғы шекара сызығы дәл осы күмбездің үстін басып өткен екен. Онда күмбездің Есенкелді күмбезі екені анық жазылған. Ол кезде баспа орнының талабы бойынша қол жазбаны 1 ай ішінде тапсыруы керек болыпты. Уақыт тығыл-таяз болғандығы себепті күмбез иесінің нақты кім екенін анықтаудың сәті түспеді. Бірден бұл күмбезді Қызай Есенгелді бидің күмбезі деп жазуға дәлел таппадым деп жазады Жақып аға. Алда көптеп зерттеулер жүргізуге тура келіп тұр. Есенгелді күмбезі туралы дәлеліміз екеу: Біріншісі күмбездің Алакөл маңындағы Қызай күмбездеріне ұқсас болуы болса, екіншісі қызайлардың 1770-1780 жылдары сол өңірді біраз жыл мекен еткендігі болып отыр. Кезегі келгенде бұл жөнінде де арнайы мақала жазбақпыз.

Қорыта айтқанда, Алматы қаласынан басталған тоғыз күндік сапарымыз сәтті аяқталды. Сапар барысында «Қызай Ананың күмбезі немесе бейіті» делінген 3 күмбезді зерттеп, хатқа түсіріп қайттық. Біз бұл үш нұсқаның бірде-біреуін құптамадық. Себебі Қызай Ана жерленді делінген аймақтан «Қызай тауы», «Ботамойнақ», «Қызылжар» деген сияқты жер аттарын кездестіре алмадық. Қызай Ананың күмбезі делінген тағы бір күмбез-тас күмез болғанымен ол маңнан жоғарыдағы жер аттарын таба алмадық. Сөзіміз кесімді, уәжіміз татымды болуы үшін біз «Қызай тауы», «Ботамойнақ», «Қызылжар» атты жерді іздеуді жалғастыратын болып келістік.

Алматы, Алматы облысы мен Шығыс Қазақстан облысы аумағындағы 10 қала, 15 аудан, 81 ауыл-қыстақ, 31 өзен-су, 3 көл қатарлы елді-мекендер мен өзен-суларды басып өтіп, 3405 км жолды артқа тастап, 2009 жылдың 4 маусым күні Алматы қаласына аман-есен оралдық.

Райыс Арипжанұлы, Жақып Жүнісұлы, Жаңатай Хабдыкәрімұлы

 

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Қызай ана

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір