28 Ақпан, 2020 NEWS
Фото: azattyq.org
Әлеуметтік желіде 25 ақпанда Нұр-Сұлтандағы тергеу абақтысында жұмбақ жағдайда қайтыс болған қоғам белсендісі Дулат Ағаділдің денесінде "азаптау белгілері бар" деген видео тарады. Ағаділдің адвокаты Бауыржан Азанов әлеуметтік желіде тарап жатқан видеоға байланысты өзінің facebook парақшасында мәлімдеме жасады.
Азановтың сөзінше, ол Ағаділдің қазасын ести сала Нұр-Сұлтан қаласындағы марқұмның денесі жеткізілген мәйітханаға барған. Есік аузында тұрған күзет оны басында біразға дейін ішкі кіргізбеген. Артынша тергеуші шығып, ішке кіргізген.
Адвокат ішке кіргенде Ағаділдің денесі кесіліп қойғанын көрген. Марқұмның ішкі органдарын ғана көрдім деген ол маман болмағандықтан ішкі органдарға сыртқы әсердің болған, болмағанын біле алмадым дейді.
– Сондықтан мен тергеушіден тәуелсіз мамандар мен сарапшыларды таппайынша мәйітті союды тоқтата тұруды талап еттім. Келесі күні адам құқығы мен заңды қадағалау жөніндегі Қазақстандағы Халықаралық бюро тауып берген сарапшылар арнайы комиссия құрамына қосылып, ашылып қойылған мәйітті зерттеуге қатысты.
Мен сырттан бақылап тұрдым, көргендерімді құжат жүзінде рәсімдеуді сұрадым. Мәйіттен алкоголь исінің шыққанын сезбедім. Сол жерде Дулаттың туған бауыры басынан аяғына дейін болды, – дейді ол.
Азановтың жазуынша, егер фото мен видеодағы дәрігерлер айтқандай қазадан кейін 2-3 күнде пайда болатын мәйітке тән дақтар емес, шынымен де жарақат болса, өлімге соқтырған азаптаудың дәлелі болса, онда кісі өлімі дерегі бойынша қылмыстық іс қозғауға, кінәлілерді жазалауға арыз түсіруге болады.
Бірақ ол үшін кеше жер қойнына тапсырылған марқұмның қабірін ашуға тура келеді. Оған марқұмның жақындары келісім беруі керек.
– Мені қабірді ашуды талап ететін жағдайға тап қылды, бірақ бұл тек туыстарының рұқсаты бойынша ғана жасалады, – дейді Азанов.
Адвокат әлеуметтік желіде тараған видеодағыдай Ағаділдің денесінде расымен көгерген белгілер болған болса, жақындары неге оны кеше жерлеу алдында өзіне айтпағанына қапалы. Оның сөзінше, фото мен видеоны жариялағандар марқұмның жақындарынан рұқсат сұрамаған.
– Егер маған мәйіттегі жарақат іздері туралы айтқанда мен дереу жерлеу рәсімін тоқтатып, тергеушілерден мәйітке қосымша зерттеу жүргізулерін талап етер едім. Бірақ маған ол жөнінде ешкім айтпады. Жерлеуден кейін фото мен видео шығып отыр. Бұл қисынға келмейді. Бәрі шындыққа жеткісі келеді, оның ішінде мен де бармын. Егер кісі өлімі қасақана болған болса, жерлеуді тоқтатып, тергеу шараларын жасап, көңілдегі күдікті сейілту керек еді. Қабірді ашып, мәйіттен азаптау белгілерін тапсақ, кісі өлтіргендерді табу оңай болар еді, – дейді Азанов.
Полиция үйінен күштеп әкеткен белсенді 43 жастағы Дулат Ағаділдің Нұр-Сұлтанның тергеу абақтысында қайтыс болғаны туралы хабар ақпанның 25-і күні түстен кейін белгілі болған. Нұр-Сұлтан полиция департаментінің алдын ала дерегі бойынша, белсенді Ағаділ "жүрек талмасынан" көз жұмған. Белсенділер мен Ағаділдің таныстары оның жүрегі ауырмағанын айтады.
♦ Оқи отырыңыз: Дулат Ағаділдің анасы: Азановқа еш ренжімеймін, тек мазаламаса екен (видео)
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір